АСТАНА. 28 мамыр. Қазақстан тарапының талап етуімен Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнен бірқатар мәселелер алынып тасталды. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыртқы істер министрінің орынбасары Самат Ордабаев баяндады.
«Біз келісімді саясиландыруға жол берген жоқпыз. Одақ тек қана экономикалық байланыс негізінде жұмыс жасайды. Қазақстанның позициясы арқасында келісімнен жалпы азаматтық, сыртқы саясат, парламентаралық ынтымақтастық, паспорт-виза саласы, шекараны ортақтаса күзету, экспорттық бақылау тәрізді мәселелер алынып тасталды. Оның тізіміне кірген жайттар өте көп, - деді ол.
«Осы орай атап өтер бір жайт, болашақ келісімнен алынып тасталған салалар ешқайда кетпейді, онда ешқандай да «сұрғылт» аймақ жоқ. Бұл мәселелер Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімшарт ұйымы, сол сияқты ТМД аясындағы екіжақты және көпжақты құжаттар арқылы реттеледі. Сондықтан ешқандай құқықтық ваккум болмайды. Бұл одақтың ерекшелігі тек экономикалық мәселелер ғана болмақ. Сондай-ақ, үлкен әлеуметтік блокты алып тастадық. Бұл сұрақтар да екіжақты және көпжақты тұрғыда реттеледі», - дегенді алға тартты Ордабаев өз сөзінде.
Мұрат Айтқожа.
Дереккөз: BNews.kz.
Фото: eurasian_union.