28 Мамыр, 2014

Еуразиялық одақ орнықты дамуға зор мүмкіндіктер береді

203 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

19-11-13-nazarbaev

АСТАНА. 28 мамыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысына дайындық мәселелері жөнінде өткізген кеңесінде жаңа одақтың экономикалық тұрғыдан орнықты дамуға зор серпін беретінін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Жиынды ашқан Президент осы аптада Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою жоспарланып отырғанын сөз етті. «Біз жиырма жыл бойы экономикалық интеграция бағытында ілгеріледік. Осы уақытқа дейін орасан жұмыс атқарылды. Енді сол жұмысымыздың бекер болмағанын, қол қойылған шарттың халық игілігіне арналғанын іс жүзінде дәлелдеуге тиіспіз. Еліміз ұзақмерзімді болашаққа жоспарланған бұл одақтан пайда көреді. Біз шартқа экономикалық тұрғыдан тиімді болғандықтан қол қоюға ұмтылып отырмыз. Атап айтсақ, біздің еліміздің теңізге шығатын жолы жоқ екенін ескеру керек, мұны және көлік инфрақұрылымына қолжетімділікті көршілеріміз қамтамасыз ететін болады», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы көршілерімізбен тығыз экономикалық байланыс Қазақстанның дамуына оң әсерін тигізетініне тоқталды. «Біздің елімізде шығарылған тауарлар Ресей мен Беларусьтің нарықтарында бәсекеге түсуі тиіс. Қазақстан тауарларының, капиталының, жұмыс күшінің еркін қозғалысы, бірлескен кәсіпорындар құру, сондай-ақ байланыстарды күшейту – осының бәрі еліміздің экономикасына пайдасын тигізеді», – деді Елбасы. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов өз баяндамасында шарттың жобасы Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес дайындалғанын және онда аса маңызды бірнеше мәселе қамтылғанын мәлімдеді. «Одақ біздің елімізге қазіргідей турбулентті экономика жағдайында тұрақты әрі орнықты даму үшін зор экономикалық мүмкіндіктер береді. Бұл шартта көпвекторлы саясат жүргізу мүмкіндігі қарастырылған. Осы одаққа қатысудан бөлек, біз ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерді және өзге де халықаралық бірлестіктермен келісімдер жасауды жалғастырамыз», – деді Премьер-Министр. К.Мәсімов жалпы құжаттың 4 бөліктен, 28 бөлімнен, 118 баптан және 32 қосымшадан тұратынын да атап өтті. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бүгінгі таңда Үкіметтің тиісті қаулысын келісімдеу мен қабылдаудың мемлекетішілік рәсімдері аяқталғанын мәлімдеді. «Шарт жобасы тәуелсіз сарапшылардың сараптамасынан өтті. Сіздің ұстанымыңыз бен тапсырмаларыңызды басшылыққа ала отырып, шарт жобасымен жұмыс барысында экономикалық емес ережелер алынып тасталды. Келіссөздер барысында біз одақты саясиландыруға және оның аясында ұлттық өкілеттілік пен мемлекеттік егемендік мәселелерін талқылауға болмайтындығы туралы ұстанымды қорғап қалдық. Сіздің нұсқауларыңыз бен тапсырмаларыңыз жүзеге асырылғанын, шарт жобасы тараптармен келісіліп, қол қоюға дайын екенін тағы бір рет атап өткім келеді», – деді ол. Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов шарт жобасының институционалдық бөлігінде егемендікті, аумақтық тұтастықты, әрбір мүше-мемлекеттің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу, сондай-ақ шешім қабылдаудағы консенсус қағидаттары қарастырылғанына салмақ салды. «Одақ органдарында мүше-мемлекеттер өкілдерінің конкурстық негізде тең болуы қамтамасыз етілді. Бұл шарттың өзге халықаралық шарттарды жасауға кедергі келтірмейтіні айрықша маңызды. Институционалдық бөлікте туындаған барлық түйткілдер жойылды», – деді ведомство басшысы. Сәкен Майлыбай. Дереккөз: Ақорда сайты. Фото: Ақорда сайты.