Президент • 08 Қараша, 2022

Туризмді дамыту - маңызды міндет: Президент Атыраудағы лотос гүлін танымал ету жолдарын айтты

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Атырау жұршылығымен кездесу барысында Мәдени туризм саласын цифрландыруға көңіл бөлуді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми парақшасына сілтеме жасап. 

Туризмді дамыту - маңызды міндет: Президент Атыраудағы лотос гүлін танымал ету жолдарын айтты

«Облыстағы туризмді дамыту – маңызды міндеттің бірі. Әрине, Атырау мұнайымен әйгілі. Бірақ, мұнда туристердің қызығушылығын туғызатын басқа да рухани құндылықтар бар. Оны бүкіл Қазақстанның брендіне айналдыруға болады», деді Президент.

Қ.Тоқаев өлкенің тарихи-мәдени мұраларына айрықша мән беруді, соның ішінде Сарайшықты ел ішінде және шет мемлекеттерде дәріптеуге болатынын, «Орта ғасырлық Сарайшық» жобасын соңына дейін жеткізу керек екенін атап өтті.

Сондай-ақ, арнайы визит-орталықты уақытылы іске қосу маңызы жайлы айтты. Көне қаланың орнын туристік нысан ретінде дамытуға және оның танымалдығын арттыруға арналған тұжырымдама әзірлеу қажеттігін де айтты. .

Президент Мәдени туризм саласын цифрландыруға баса мән беруді ұсынды.

«Туристік нысандарымызды әлемдік стандартқа жақындата беруіміз керек. Бұл жақта экологиялық және танымдық туризмді дамытуға мол мүмкіндіктер бар. Қиғаш өзенінің бойында лотос гүлдері өсетінін, өкінішке орай, көбі біле бермейді. Бұл жер – лотостың ең қиыр солтүстіктегі мекені. Өзіміздің қызғалдақ сияқты лотос алқабын да танымал ету үшін нақты шаралар қабылдаған жөн. Осындай таңғажайып дүние туралы фильмдер түсіру керек, оларды шетелде белсенді түрде дәріптеуіміз керек», деді Тоқаев.

Сондай-ақ ел Президенті Индердегі тұзды көл туралы да пікір білдірді. Бұл көл емдеу-сауықтыру туризмін дамытуға бірден бір лайық мекен екенін айтып, тиісті мемлекеттік органға көлдің мәртебесін айқындауды тапсырды.

«Жалпы, Атырау мұнай мен газға ғана үміт артпай, туризм секілді болашағы зор саланы дамыту керек. Ең бастысы, бастамалар батыл қолға алынсын. Өңірдің туристік әлеуетін арттыру үшін Үкімет пен әкімдік жолдарды жөндеп, туристік нысандардың инженерлік коммуникациясын ретке келтіруі тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аталған тапсырмалар бойынша, жұмыс барысы тікелей Президент бақылауында болады. 

«Атырау облысын дамыту туралы менің пайымдарым – осындай. Бірқатар нақты тапсырма берілді. Оның бәрі мұқият ойластырылып, уақытылы және сапалы орындалуы керек. Жұмыс барысы менің тікелей бақылауымда болады, себебі бұл – облыс халқына өте қажет жұмыс. Оны соңына дейін атқарып шығуымыз керек», деді Мемлекет басшысы.