28 Мамыр, 2014

Еуразиялық одақ құрылуымен Қазақстан даму стратегиясын тексере алады

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

000-evrazia-1

АСТАНА. 28 мамыр. Еуразиялық одақтың құрылуы арқылы Қазақстан даму стратегиясының дұрыстығын тағы бір мәрте тексере алады. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне берген сұхабында Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева мәлімдеді. «Еуразиялық одақ құру аясында болып жатқан жайттар Қазақстанға даму стратегияларының дұрыстығын тағы бір мәрте тексеруге, Еуразиялық кеңістіктегі жаһандық және аймақтық мүдделер тоғысында өз орнын айқындауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы ықпалдастық процестерінің жай-күйі мен болашағы, сондай-ақ қол жеткізілген келісімдердің негізгі мәселелері талқыланды. Әсіресе, кәсіпкерлік қызметтің бәсекеге қабілеттілігі және бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау аясындағы әңгімелер пысықталды. Сарапшылар ауқымды іс тындырды және еуразиялық экономикалық ықпалдастыққа тартылған тараптар үшін өзара тиімді тұстарын айқындауда сұрақ тудырған даулы мәселелер бойынша ортақ шешімге келу жолдары іздестірілуде», - деді Айгүл Соловьева. Депутат сондай-ақ интеграциялық процесстер аясында Мемлекет басшысы қол қойған «Шағын және орта кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» жарлығында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында әлі де шешімін табуы тиіс ауқымды жұмыстар бар екенін атап өтті. Осы құжатта бизнеске тексеру жүргізу шараларына мораторий жарияланып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тарату шараларын жеңілдету, мемлекеттік қадағалау мен бақылауды жүзеге асыруда тексеруге жататын талаптар санын қысқарту жағдайы қарастырылған. Мұрат Айтқожа. Дереккөз: BNews.kz. Фото: BNews.kz.  
Соңғы жаңалықтар