Бүгін Астаналық Ақмарал Науатбек әлем чемпионатының финалына шықты. Осылайша жерлесіміз парадзюдо тарихында көру мүшесі зақымдалған спортшылар арасында алғаш рет финалға шыққан қазақ қызы атанды. Жартылай финалда тайпэйлік Ли Кай Линді жеңген жерлесіміз, финалда Ауриерес Мартинетпен кездеседі. Атап өткен жөн, Мартинет паралимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері.
Өз кезегінде ерлер арасында 73 келідегі жерлесіміз Ерғали Шамей аты аңызға айналған румыниялық Александро Бологадан басым түсті. Тартысты жекпе-жекті Ерғали ұстау әдісімен жеңіп, ақтық сынға жолдама алды.
Сонымен қатар отандасымыз Федосова Даяна мен Олжас Оразалы әлем чемпионатының қоласы үшін күреседі.
Естеріңізге сала кетейік, Бакуде көру қабілеті төмен спортшылар арасындағы әлем чемпионаты 11 қарашаға дейін жалғасады. Әлемнің 40-тан астам елінен 300-ден аса спортшы бақ сынап жатқан байрақты бәсекеде ел намысын 18 парадзюдошы қорғауда. Оның екеуі Астана қаласының спортшылары.