Мазмұнды іс-шараның тізгінін ұстаған журналист, ғалым Мұратбек Тоқтағазин қаламгердің өмір жолына тоқтала келіп: «Смағұл ағамыз елордаға іргелес жатқан Қорғалжын ауданында дүние есігін ашып, алғашқы еңбек жолын аудандық «Шамшырақ» газетінен бастады. Одан соң Ақмола облыстық телерадиокомпаниясында аға редактор, бас редактор болды. Кейін Президент телерадиокешенінде бас редактор қызметін атқарды. Ол кісі шығармашылықпен бірге саяси-қоғамдық өмірге де белсене араласып, егемендік алғанға дейін бұрынғы Целиноград қаласында қағажу көрген ана тіліміз бен салт-дәстүріміздің қайта жандануына зор үлес қосты. Бірқатар өлеңі мен прозалық дүниесі кітап болып жарық көрді», деп қысқаша айтып өтті.
Содан кейін белгілі қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанболат Аупбаев, журналистер Бәдуан Имашұлы мен Кенже Жұмағұлов және облыстық телерадиокомпаниясында бірге қызмет істеген Қазина Нұрқанова мен Күләш Молдахметова ардақты азаматтың ұмытылмайтын қасиеттері туралы әңгімеледі. Ақын Айбатыр Сейтақ «Смағұл аға рухымен сырласу» атты өлеңін оқыды.
«1981 жылы Қорғалжын ауданына Алматыдан жазушылар Амантай Сатаев, Рамазан Тоқтаров және олармен бірге облыс орталығында тұратын жерлесіміз, ақын Нұрғожа Ораз келіп, бір апта елді аралап, халықпен жүздесті. Онда мен аудандық Мәдениет бөлімінің меңгерушісімін. Сол кісілермен бір апта жүріп, ән айтып, күй тартып, шашбауын көтердім. Осы өнеріме риза болған Нұрғожа аға мені Целиноградқа ертіп әкеліп, облыстық телевидениеден арнайы хабар ұйымдастырып, көгілдір экраннан алғаш рет «Жастарға тілек» деген әнімді орындадым. Сонда осында қызмет істейтін Смағұлмен танысып, ол өмірден өткенше ағалы-інілі сыйластығымыз үзілген жоқ», деді Білім беру ісінің үздігі Оспан Сүлейменов.
Сондай-ақ еске алу кешіне ақынның туған жерінен келген жерлестері де сөз алып, жылы естелік айтты. Мәселен, қаламгердің бала күнінен бірге өскен досы Қалы Мантиков жастық шақтағы бастарынан өткен қызықты оқиғаларын баяндаса, Қорғалжын ауданындағы Жантеке ауылындағы орта мектептің мұғалімі Шолпан Елтайқызы 2019 жылы Смағұл Рахымбек атындағы кабинет ашылып, қазір онда оқушылар жиі бас қосатынын жеткізді.
«Смағұл аға 60 жасқа толғанда ауылға келіп, жерлестерімен кездескен еді. Міне, одан бері де он жыл зымырап өтті. Бір өкініштісі, ағамыздың жетпіс жылдығын өзімен бірге қарсы алып отырған жоқпыз. Сонда да халқымыз «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деп бекер айтпаған. Ол кісі өмірден өткеннен бері есімі ұмыт қалмау үшін мектебімізде біраз іс-шара қолға алынды. Жыл сайын қаламгердің шығармашылығына арнап кеш өткізіп, оқушыларымыз ақын өлеңдерін жатқа оқиды. Осындай іс-шаралар әлі жалғаса береді», деді ақын атындағы кабинеттің жетекшісі.
Сонымен қатар басқосуда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері ақынның өлеңін жатқа оқып, оның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Кеш соңында ақынның жары Әлия Рахымбекова қаламгердің адами болмысы жайында сыр шертіп, осы іс-шараны өткізуге мұрындық болған азаматтарға отбасы атынан ризашылығын білдірді.