Аймақтар • 09 Қараша, 2022

Астана – Павлодар: Билет бағасы 10 мың теңге

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана мен Павлодардың арасы жақындай түсті. Qazaq Air компаниясы аптасына төрт мәрте қатынайтын әуе кемесін іске қосып, жылға жуық уақыт тоқтап қалған жолаушылар байланысын қалпына келтірді. Билет құны ересек азаматтар үшін небәрі 10 мың теңгені құрап отыр.

Астана – Павлодар: Билет бағасы 10 мың теңге

Qazaq Air қызмет көрсететін жолаушылар рейсі 2 қарашадан бастап іске кірісті. Бұл күні елордадан шық­қан алғашқы ұшақ Павлодар әуе­жайына келіп қонды. Бұған дейін атал­ған бағыттағы әуе байланысын түрлі компаниялар жүзеге асырып, со­ңында жолаушылар ағыны азайды деген себеппен тоқтап қалған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуықта өңірімізге жұмыс сапарымен келгенде Астана мен Керекуді қосатын әуе рейсін қалпына келтіру туралы тапсырма берді. Президенттің тапсырмасы, осылайша, ай өтпей жатып өміршең етілгеніне куә болып отырмыз. Енді өңір азаматтары бас қалаға тек автокөлікпен немесе пойызбен ғана емес, ұшақпен де жете алады. Әуе кемесінің кестені тұрақты сақтауы мемлекет бюджетінен субсидияланбақ.

«Павлодар әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Ескендір Жандәулетовтің айтуынша, бір бағытқа сатылатын би­леттің құны – 10 мың теңге. «15 жасқа де­йінгі балаларға жеңілдік қарас­ты­рылған, билет құнына 20 килограмға дейінгі багаж және 5 килограмға дейінгі қол жүгін тегін алып жүру кіреді. Астанадан ұшу уақыты сағат 15.05-те. Ұшақ Павлодарға 16.05-те қонып, 16.35-те келген жағына ұшып кете­ді. Яғни екі ортаға әуе кемесі шамамен 1 сағаттай уақыт жұмсайды», дейді әуежай басшысы.

Әуежайдағылар жолаушылар нөпірі алғашқы күннен-ақ байқалғанын атап өтті. Бір аптаның билеттері бір күнде сатылып кеткен. Жалпы рейс дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері қызмет көрсетеді. Жолаушыларды Bombardier Q400 ұшағы тасымалдайды, оған 76-дан 82-ге дейін адам сыяды.

Айта кетелік, пандемия кезеңінде ұшақ билетінің құны 12-40 мың теңге аралығында болып келген. Өмірдің барлық саласы қымбаттап жатқан кезеңде бұл бағыттағы әуе рейсімен жүру құны небәрі 10 мың теңгені құ­рауы өңір халқын қуантып отыр. Бүгінде Павлодардан Астанаға жұмыс бабымен жиі баратын, вахталық ауысым үшін елорда арқылы ұшатын азаматтар әуе кемесінің тиімді болатынын айтады.

 

ПАВЛОДАР

Соңғы жаңалықтар