Қоғам • 09 Қараша, 2022

Алпысқа келгеннен ақыл сұра!

466 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжі­лі­сінің отырысында сөйлеген сөзінде: «Барлық шенеу­нік­ті бірден жастармен ауыс­ты­ра салуға болмайды. Егер 60 жастағы шенеунік өз қыз­ме­тін ойдағыдай атқарса, институционалдық жадқа ие болса, мемлекеттік қызмет үшін өте пайдалы болса, оны жұ­мыстан шығаруға болмайды. Яғни ақылға қонымды, сара­лан­ған көзқарас болуы керек. Үкімет пен Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігіне тиісті тетік­тер­д­і әзірлеп, енгізуді тапсырамын», деген болатын.

Алпысқа келгеннен ақыл сұра!

Осы орайда халқымыздың «Ал­пыс­қа келгеннен ақыл сұра!» деген нақылы ойға оралады. Оның шығу тарихы жайлы мынадай аңыз бар. Баяғы заманда бір хан қол астындағы халқына жар салып, жасы алпыстан асқан қарттарды бала-шағасына масыл қылмай, айдалаға апарып тас­тау туралы әмір береді және оны орын­да­мағандардың басын алатынын ес­кер­теді. Хан жарлығы көп уақыт бұл­жыт­пай орындалып, жұрттың бәрі жасы алпыстан асса да ажалы жетпеген ақсақалдарды елсіз жерге апарып тас­тап, ит-құсқа жем қылады немесе тау баурайындағы дарияға тастап өлтіреді. Сол дәстүрмен бір жас жігіт алпыстан асқан әкесін өлтіруге ниеттеніп, оны терең дарияның жағасына әкеліп, бір тастың үстіне отырғызып, өзі де сәл дем алуға ыңғайланады. Сонда әкесі күліп: «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген осы, балам. Мен де осыдан отыз жыл бұрын әкемді өлтіруге алып келе жатып, осы тасқа отырғызып едім. Әкем өмірді қимай жылап: «Тым болмаса бір жыл жасырып сақта», деп жалынғанына қарамастан, дарияға лақтырып жіберіп едім. Енді, міне, сол жағдай өз басыма келді. Енді саған жалынып-жалбарынғаннан не пайда?!.» дейді. Ойланып қалған баласы: «Бұл жағдай түбінде менің басыма да келеді екен ғой. Ендеше, ханның жарлығын тыңдамай, әкемді тірі сақтайын», деп түйіп, әкесін дарияға лақтыру ойынан айнып, үйіне қайта алып келіп, үлкен сандыққа тығып, еш адамға көрсетпей жүреді.

Бір күні хан алыс жаққа жорыққа шықпақшы болып, әскер жинайды. Оған сандықта жасырынып жатқан ақсақалдың баласы да баратын болады. Мұны естіген әкесі оған: «Балам, ол жол – қиын жол. Бір керегім болып қалар, мені өзіңмен бірге ала жүр», дейді. Ол әкесі жатқан сандықты өгізге теңдеп алып, көп әскермен бірге жолға шығады. Әскер жүре-жүре елсіз далаға, сусыз шөлге тап болып, жаппай қырылу қаупі төнеді. Сонда хан: «Су тапқан адамға мың ділда алтын беремін», деп жар салады. Бірақ жорықшылар қанша іздесе де, ешқайсысы су таба алмайды. Сонда сандықта жатқан ақсақал баласына: «Өгізді босатсаң, ол су шығатын жерді иіскеп тауып, тұмсығымен сүзеді», дейді. Жігіт дереу өгізін босатып жібереді. Ол мөңіреп барып, бір жерді сүзе құлайды. Бала сол жерді қазып жіберсе, мөлдір су шыға келеді. Әбден шөлдеген әскердің бәрі қазылған құдықтан су ішіп, шөлдері қанып, әрі аттанады. Арада бірнеше күн өткенде қалың қол бір теңізге келіп жетеді. Оның түбінде екі гауһар тас жарқырап жатыр екен. Соны көрген хан қатты қызығып: «Осы екі гауһарды су түбінен маған алып берген кісіні өзіме уәзір етіп тағайындаймын және қалаған нәрсесін беремін», деп жар салады. Бұл ұсынысқа қызығып суға сүңгіген сан адам суға батып ке­те­ді. Ақыры жарқырап жатқан қос гауһарды ешкім таба алмайды. Көштің тағы да тоқтап қалған себебін баласынан сұрап білген әкесі: «Гауһарлар теңіздің тү­бінде емес, жағасында жатқан шы­ғар. Айналаңа қарашы, құстың ұясы бар ма?», дейді. Баласы қараса, теңіздің жағасында бір бәй­терек өсіп тұр екен, басына құс ұя са­лып­ты. «Иә, әке, құс ұясы бар», дейді жігіт. Сонда әкесі: «Гауһар тастар сол ұяда жатыр. Теңізге олардың сәулесі ғана түсіп тұр», дейді. Сосын жігіт ханға келіп: «Гауһарды мен табамын», деп, құс ұясынан қос гауһарды алып береді. Бірақ хан оған: «Бұл өз ақылың емес қой, шыныңды айт!», деп қаһарланады. Жігіт тек дарға асылар сәтте шынын айтады. Хан дереу оның әкесін сандықтан шығарып, баласын уәзір етіп тағайындайды. Еліне оралған соң Алпыстан асқан қарттары өлтірілсін деген жарлығының күшін жойып, халыққа «Қарияларды қадірлеңдер!» деген жаңа әмір беріпті. «Алпысқа келгеннен ақыл сұра!» деген сөз содан қалған екен.

Осы аңызға арқау болған ақиқат – өмір көріп, талай сыннан сүрін­бей өтіп, мол тәжірибе һәм дана­лық жинақтаған аға ұрпақтың орны бөлек екендігі. Президент айтқандай, олар­дың мемлекеттік қызметте жүр­ген­дерінің бәрін бірдей зейнет жасына келісімен абыроймен атқарып жүрген қызметтерінен шеттету орынсыз һәм тиім­сіз. Себебі қазіргі кезде, әсі­ре­се жергілікті атқарушы органдарда бі­лікті кадрлар жетіспейді. Мұ­ның өзі бер­тінге дейін еліміздің білім беру саласында министрлер ауысқан са­йын әртүрлі реформа жасалып, жүйе­сіз­дікке жол беріл­ге­нінің, мұғалім мамандығының беделі түсіп, негізінен, орташа баға­мен оқығандардың кәсібіне айнал­ғанының, сол себепті мектеп түлек­те­рінің білім деңгейі мен сауа­ты төмендеп кеткенінің, сондай-ақ көпте­ген жоғары оқу орнының диплом сатумен айналысқанының салдары екені мәлім. Білім саласындағы ке­йінгі жылдары іске асырылып жат­қан игі бастамалар жемісін бергенше біраз уақыт керек. Осы кезеңде «борозданы бұзбайтын» байырғы кадрлардың әлеуетін ұтымды пайдалану қажеттігі анық.

Биылғы 4 қазанда Парламент Мәжі­лісінің қарауына «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жо­басы енгізіліпті. Ондағы басты жа­ңа­шылдықтың бірі – түрлерін Үкімет айқындайтын ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік органдарда келісім­шарт­­­тық қызметшілер институтын ен­гізу көзделгені. Бірақ оның бүгін­де мемлекеттік органдарда қыз­мет істеп жүрген мемлекеттік қыз­мет­ші­лерге қатысы жоқ. Өкінішке қарай, Мемлекет басшысы тиісті тапсырма бергелі тоғыз айға жуық уақыт өтсе де, Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аталған заң жобасына жасы 60-тан асса да, өз қызметін ойдағыдай атқарып жүрген, мемлекеттік қызмет үшін өте пайдалы шенеуніктерді зейнет жасына келген соң жұмыстан шығармауға байланысты ешқандай түзету енгізбепті. Бұл қалай? Мәжіліс депутаттары, міне, осы олқылыққа назар аударса, құба-құп.

Осы ретте кейбір елдердегідей, зейнет жасына келген шенеуніктер мем­лекеттік органдардағы қызметін одан әрі жалғастырған жағдайда олардың зейнетақыға шығу мер­зімін кейінге шегеру мәселесін неге қарастырмасқа? Мемлекеттік қыз­мет­­шілердің жалақысы біршама жоға­рылатылған қазіргі кезде мұндай тәсіл мемлекеттік органдардың тиімді мамандарын сақтауға да, зейнетақыға жұмсалатын республикалық бюджет қаражатын үнемдеуге де мүмкіндік береді деп ойлаймыз.