Жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция көлемі де 160 млрд теңгеге жетеді деп болжанған. Әзірге 133 млрд теңге өндіріске құйылды. Облыс биыл да әдеттегідей 4 млн тонна астық жинап, елдің астық қамбасының 20 пайызын толтырды. Сөйтіп, Солтүстік Қазақстан облысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауындағы «Агроөнеркәсіп кешенінің басты міндеті – елді негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз ету» деген талапты орындап отыр деп айтуға болады.
Ауыл шаруашылығына құйылған инвестицияның басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытына жұмсалуда. Соның ішінде тауарлы-сүт фермаларын салу, өндірісті жаңғырту, фермерлік шаруашылықтарды дамыту, өнімді технологияларға қол жеткізуге бағытталды.
Бірнеше жылдан бері облыс диқандары өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға көңіл бөліп келеді. Соңғы жылдары барлық егістіктің 1 млн гектарына майлы дақылдар егілуде.
Сондай-ақ соңғы төрт жыл бойы облыс мал шаруашылығын дамытуға ден қойып келеді. Соның нәтижесінде қазір ет-сүт өнімдерінің көлемі артуда. Әсіресе сүт және сүт өнімдерін өндіру саласына деген назар облыс басшылығының күнделікті жоспарынан түспейді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің әр түкпірінде ашылып жатқан тауарлы-сүт фермаларының іске кірісуін ауыл шаруашылығы өндірісінің басым бағыты ретінде қадағалап, көзден таса қылмайды. Жоғары өнімді заманауи цифрлы өндіріс шынында да саланың драйверіне айналып отыр.
Осыдан 3-4 жыл бұрын кейбір жобалардың уақтылы қаржыландырылмағаны бұл іске де қолбайлау болған еді. Кейбір жобаларды қаржыландыруды қарастырудың өзі 2-3 жылға созылып кететін. Мәселен, «Қызылжар сүт» ЖШС жобасы осының кесірінен тежелді. Екі ортада баға өзгеріп, келісімшарттар орындалмай қалды. Әрине, бұдан кейін жобаны іске асыруға деген құлшыныс та аяқсыз қалды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, мұндай кедергіні жою үшін облыс «Солтүстік» ӘКК жарғылық қорын арттырып, соның нәтижесінде жеңілдетілген қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны іске қосқан. Аталған механизмнің тиімділігін республикалық деңгейде дәлелдеп, оны Солтүстік Қазақстанды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының құрамына енгізген. Соның нәтижесінде республикалық бюджеттен қосымша 35 млрд теңге бөлінген. Оның 15 млрд теңгесі былтыр, ал 20 млрд теңгесі биылға қарастырылды.
Енді бұл амалдың қалай жүзеге асатынына тоқтала кетелік. Алдымен аграрлық салада ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп, қаржылық және әлеуметтік дағдарысқа ұшырамай келе жатқан ірі шаруашылықтар таңдалып алынады. Ондайлар алдымен ауданның, сосын облыстың сынынан өтіп, соңында «Солтүстік» ӘКК мамандарының сараптауына жіберіледі. Сынның бәрінен мүдірмей өткен шаруашылықтарға алдыңғы екі жылын есептемегенде 8 жылға 4 пайыздық өсіммен займ беріледі. Ал кепілге сатып алған малдары мен құрал-жабдықтары қойылады. Бұл шаруашылықтарға тиімді әрі пайдалы.
Осы әдістің нәтижесінде былтыр алты түрлі бағытпен жұмыс істейтін 17 жоба іске асырылса, биыл 7 түрлі бағыттағы 25 жоба қолға алынды. Соның ішінде 17 тауарлы-сүт фермасы биыл іске қосылды және тағы 8-і жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек.
Жеңілдетілген несиемен шаруашылығын шарықтатып отырған кәсіпкерлерге қойылатын талап – кемінде 40-50 жаңа жұмыс орнын ашу. Осынша жұмысшыға фермадан орын табылмаса әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту арқылы басқа салалардан жұмыс табу керек. Мәселен, Мамлют ауданындағы «Мамбетов и К» командиттік серіктестігі қазір 50-ден астам адамға жұмыс орнын ашып, әр сауын сиырдан жылына 7 619 литрден сүт алып, республикадағы алдыңғы көрсеткіштердің біріне қол жеткізіп отыр. Оның сүті өңдеуге жіберіледі. Шаруашылық осы саланың өзінен бюджетке жылына 150 млн теңге салық төлейді.
Аққайың ауданындағы «Дайындық АГРО» ЖШС былтыр 600 бас сиырға арналған тауарлы-сүт фермасын іске қосты. Шаруашылық ауылдағы 40 адамға жұмыс беріп отыр. Ол биыл әкімдіктің атсалысуымен Дайындық ауылына дейінгі тас жолды күрделі жөндеуден өткізді. Сондай-ақ өз қызметкерлеріне 18 жаңа үй, қоғамдық монша, мал соятын алаң тұрғызып берді.
Жеңілдетілген несие арқылы тұрғызылған тауарлы-сүт фермасының нәтижесінде шаруашылығын шарықтатып қана қоймай, ауылдың әлеуметтік мәселелерін де шешіп отырған шаруашылықтар барлық дерлік аудандарда бар. Мысалы, Уәлиханов ауданындағы «Жолдасбай Агро» ЖШС облыстағы ең үлкен тауарлы-сүт фермасын тұрғызды. Оның фермасында 1 мың сиыр сауылады. «Солтүстік» ӘКК арқылы алған 1 млрд теңгеге Даниядан голдьштейн тұқымды сүтті сиырларды жеткізген. Ауылына өз қаражатына электр желісін тартқызып және су құбырларын жаңалап берді.
Облыстағы озық шаруашылықтардың бірі «Зенченко и К» командиттік серіктестігін де айтпай кетуге болмайды. Соңғы жылдары серіктестік әрқайсысы 600 бас сиырға шақталған 3 тауарлы-сүт фермасын салған. Тағы бір фермасында бір мың сиыр сауылады. Сауылған сүттің бәрі шаруашылықтың өз зауытына жеткізіліп, өңделеді. Былтыр әр сиырдан 7 163 литрден сүт алған. Қазір шаруашылық сүт өндіру бойынша елімізде бірінші орында тұр. Оның шаруашылықтарында жүздеген адам жұмыс істейді.
Жалпы айтқанда, Солтүстік Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына соңғы бес жылда барлығы 600 млрд теңгедей инвестиция тартылып, үш мыңдай жұмыс орындары ашылды, салық көлемі 1,5 есе артты. Тиімді жобаларды іске асырудың нәтижесінде ет пен сүт өнімдерінің импорты азаюда. Бұған шаруаны ұтқырлықпен ұйымдастыру арқылы қол жетіп отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы