Парламент • 10 Қараша, 2022

Республикалық бюджет елді дамытуға бағытталған - Мәулен Әшімбаев

252 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы және алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобаларын қарады, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Республикалық бюджет елді дамытуға бағытталған - Мәулен Әшімбаев

Сенат Төрағасы алдағы үш жылдық бюджетті қалыптастыруда Мемлекет басшысының қазақстандықтардың сұраныстары мен талаптарына негізделген тапсырмаларын орындауға басымдық берілгенін атап өтті.

«Сенатта бюджет жан-жақты талданып, пысықталды. Бүгін қаралған республикалық бюджеттің жобасында қоғамды алаңдатқан маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге жеткілікті қаражат қарастырылған», деді Мәулен Әшімбаев.

Палата Спикері ел Президенті әлеуметтік салаға баса мән беріп отырғанын айтты.

«Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға қатысты нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын арттыруға айрықша көңіл бөлінуде. Президентіміздің тапсырмаларын сапалы іске асыру – стратегиялық міндет», деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, тек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру үшін алдағы үш жылда шамамен 2,6 трлн теңге бөлінеді.

«Соның нәтижесінде жаңа оқушы орындарының саны 820 мыңнан асуға тиіс. Сол арқылы еліміздегі үш ауысымды мектеп проблемасы және бір сыныптағы балалар санының шамадан тыс көп болуы негізінен шешіледі деп сенеміз. Сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді индекстеуге, педагогтер мен дәрігерлердің және азаматтық қызметкерлердің жалақысын 25 пайызға арттыруға тиісті қаражат қарастырылды. Жергілікті бюджеттерге жалпы трансферттерді ескерсек, келесі жылы әлеуметтік шығыстар 2 трлн теңгеге, яғни шамамен 20 пайызға өседі. Ұлттық қордан трансферттер көлемін кезең-кезеңімен қысқарту да жоспарланып отыр», деді Мәулен Әшімбаев.

Мемлекет басшысының шешіміне сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы балалардың жинақтау шоттарына аударылатыны белгілі. Аталған төлемдер 2023 жылдың қорытындысы бойынша жүргізіле бастайды. Сенат Төрағасы атап өткендей, бұл Ұлттық қор болашақ ұрпақтың қорына айналады деген сөз.

Сенатта заң жобаларын талқылау кезінде Палата депутаттарынан 100-ден астам ұсыныс келіп түсті.

Мәселен, сенаторлардың ұсынысы бойынша елді мекендердің көшелерін, автожолдар мен көпірлерді салуға және қайта қалпына келтіруге қосымша 13,7 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Тек келесі жылдың өзінде осы мақсатқа 7,8 млрд теңге бөлінбек. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету жағдайын жақсарту үшін қосымша 22,2 млрд теңге қарастырылып отыр. Сенаторлардың бұл ұсынысы тұрғындардың сумен қамтамасыз ету қызметтеріне қолжетімділігін қалалық жерлерде – 99 пайызға, ал ауылдарда 96,1 пайызға арттыруға ықпал етеді. Газбен жабдықтау жұмыстарын одан әрі жақсартуға 14 млрд теңге бағытталады. Бұл газдандыру деңгейін 61,6 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Отырыс барысында депутаттар өңірлерді өркендету саясатына, оның ішінде салық түсімдеріне, агросекторды қолдауға, шағын және орта бизнесті дамытуға және басқа да мәселелерге қатысты түйткілдерді көтерді.