БиоӨнер (БиоАрт) – бұл ғылыми және шығармашылық саланың үйлесімінен туып, енді дамып келе жатқан өнер бағыты. Көрмеге ізденімпаз жастардың адамның бірегейлігі мен жан-жақтылығын көрсететін экспонаттары қойылды. Сонымен бірге елордадағы №10 мектеп-гимназиясының көру қабілеті нашарлаған оқушыларының жұмыстары да ұсынылды. Барлық эскпонаттардың үш тілдік сипаттамасы көзі нашар көретін жандарға арналғандықтан брайль қарпімен жазылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты –инклюзивті білімге және ғылымға қызығушылығы мол адамдарды, сондай-ақ көру қабілеті нашарлаған балаларға көмектескісі келетіндердің басын қосып, осы саладағы өзекті мәселелерден хабардар етіп, мүмкіндігінше қаражатпен қолдау көрсету.
Назарбаев университетінің жас ғалымдары осындай ерекше көрмені өткізуді бір жылға жуық ойластырып, былайғы жұртшылық көп біле бермейтін өнер үлгісі арқылы адамзатқа биологиялық дүниенің байлығы мен алуан түрлілігін көрсетуді басты тақырып етіп алған. Мәселен, Әсет Мәлік өз жұмысында көру қабілеті нашар балаларға арналған өсімдіктер мен жануарлар жасушыларының арнайы үлгісін ұсынды. Автордың айтуынша, ол тірі организмдердің бейнесін береді.
Назарбаев университеті студенттерінің ұйымы – iGEM – бұл синтетикалық биологияның және биотехнологияның дамуына арналған жыл сайын өткізілетін халықаралық конкурс. Осы байқаудың аясында аталған жоғары оқу орнының командасы Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия көлемінде гендік инженерия жобасымен жұмыс істейді.
«Мағынасы мен мазмұны жағынан сан қырлы көрмені көріп, риза болып отырмын. Өйткені авторлар адам дамуы мен экологиялық проблемаларды және қызыл кітапқа енген жануарлар туралы өткір мәселені көтерген. Шын мәнінде, көрмеге қойылған жұмыстарды жай қара шыға алмайсыз. Мысалы, ұлу мен құмырсқалардың сурет салғанын көріп, таңғалдым. Сондай-ақ адам жасушасының мың есе үлкейтілген картинасы да ерекше әсер қалдырды», деді белгілі суретші, «Құланшы» заманауи өнер орталығының кураторлар кеңесінің меңгерушісі Лейла Махат.
Сонымен қатар іс-шараның тұжырымын жасап, жас ғалымдарға бағдар берген көрме кураторлары Сұлтан Мұсахан, Әйгерім Мәжитхан, көрме жетекшісі Әнел Өмірбаева және арт-директоры Зере Мамаділдің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Көрмеден жиналған қаражат Назарбаев университетінің iGEM студенттер ұйымы құрастырған «Remisee» жобасын дамытуға, зағип және көру қабілеті нашарлаған оқушылардың білім сапасын жақсартуға жұмсалады.