Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы бір жыл бедерінде Еуроодақ елдерімен тауар айналымын 43 пайызға өсіріппіз. 2022 жылдың қаңтар-тамызы аралығындағы жалпы сауда көлемі 26,3 млрд доллар болған. 2021 жылдың дәл сондай кезеңінде көрсеткіш 18,4 млрд долларды құраған екен. Қазақстаннан ЕО-ға экспорт биылғы 8 айда 50,7 пайызға өсіп, 22,1 млрд долларға жеткен. ЕО-ға қатысты экспорттық әлеуетімізді байытып тұрған бірегей тауар – мұнай. Былтырмен салыстырғанда биыл мұнай жеткізуді 47,5 пайызға көбейткенбіз. Одан бөлек, тас көмір, ферроқорытпалар, өңделмеген мырыш таситынымыз тағы бар. Еуропадағы басты тұтынушымыз – Италия, биыл 8 айда Аппенин түбегіне 9,96 млрд доллардың тауарын экспорттадық.
Сонымен қатар Қазақстан тауарын көп тұтынатын елдер қатарында Нидерланд (3,6 млрд доллар), Франция (1,8 млрд доллар), Испания (1,7 млрд доллар), Румыния (1,3 млрд доллар) және Грекия (1,2 млрд доллар) бар.
Ал Еуроодақ елдерінен Қазақстанға 4,2 млрд доллардың өнімі сатылған. Импорт тұрғысынан да өсім бар, былтырмен салыстырғанда биыл ЕО-дан тауар сатып алу 12,4 пайызға артқан. Біз ЕО-дан негізінен дәрі-дәрмек (524,5 млн доллар), вакцина, қан сарысуы және қан (157,9 млн доллар), ұшу аппараттары (118,1 млн доллар), турбореактивті және турбовинтті қозғалтқыштар, газ турбиналары (65,4 млн доллар), жеңіл автомобиль (72,4 млн доллар), ауа немесе вакуумдық сорғылар, компрессорлар мен желдеткіштер (109,9 млн доллар) және есептегіш машиналар (88,0 млн доллар) импорттағанбыз.
Жақында ғана Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишель елімізге келіп кетті. Ол Қазақстанның ЕО үшін маңызды серіктес екенін айрықша атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 30 жылда ЕО Қазақстан экономикасына 160 млрд доллардан астам инвестиция салған. Кездесуде ерекше атап өтілген келісім – жаһандық тауар жеткізу тізбегін қамтамасыз етуде маңызы зор халықаралық транспорт маршруттарын дамыту жайы. Биыл күрт күрделенген геосаяси ахуал жағдайында Қазақстанның бұрын ескерусіз қалған дәліздерді қайта жаңғыртуға, кейінге қалдырылып келген кейбір жобаларға жаңа тыныс беруге белсене кіріскені белгілі. Бұл орайда бізге Еуропаның да берері көп. Сондықтан Шарль Мишельмен кездесуде Президент Транскаспий халықаралық көлік бағытын да сөз етті. Ресейге қарша бораған санкциялар залалының Қазақстанға тимеу мәселесі де назардан тыс қалмады.
Бұл ретте Қазақстан бірқатар Еуропа елдерімен экономикалық қатынас стратегиясын қайта қарап жатыр десе де болғандай. Соның бірі – Солтүстік Македония. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Солтүстік Македония – Қазақстанның сенімді және ұзақмерзімді сыртқы экономикалық серіктесі.
«Біз үкіметаралық комиссияның қызметін бастай отырып, екіжақты қатынастар тарихының жаңа кезеңін аштық. Елдеріміз арасында нормативтік-құқықтық база құрылды, сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы, қосарланған салық салуды болдырмау туралы негізгі экономикалық келісімдер жасалды. Тауар айналымының көлемін ұлғайту және жеткізілетін өнім тізімін кеңейту бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру қажет. Қазіргі уақытта біздің алдымызда инвестициялар мен бірлескен өндірістер саласындағы ынтымақтастықты жандандыру бойынша маңызды міндет тұр», деді министр Скопье қаласында өткен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның бірінші отырысында.
Министр сөзінен ұққанымыз, Қазақстан, әсіресе Солтүстік Македонияның көлік инфрақұрылымы мен туризмді дамыту жөніндегі тәжірибесін зерделеуге мүдделі.
«Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасты. Жеңілдетілген салық режімі қолданылады, ұлттық заңнамалар үнемі жетілдіріліп отырады және инвестициялық преференциялар пакеті кеңейтілуде. Біздің стратегиялық міндетіміз – 2025 жылға қарай шетелдік инвестициялар көлемін жылына 30 млрд долларға дейін ұлғайту», дейді ведомство басшысы.
Қарашаның басында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Францияның Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы сыртқы сауда және экономикалық тартымдылық жөніндегі министр-делегат, Қазақ-француз Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Оливье Бештпен кездескен еді. Кездесуде екі тарап өнеркәсіптік газдар саласындағы және энергетика, жаңартылатын энергия көздері, көлік, авиация өнеркәсібі және ғарыш салаларындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Әңгіме барысында Қайырбек Өскенбаев Франция Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.
«Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде мемлекеттердің қарым-қатынасы барлық негізгі бағыт бойынша қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, 2022 жылдың 8 айында тауар айналымы 12,2 пайызға, яғни 2,3 млрд долларға дейін өсті», деді Қ.Өскенбаев.
Өз кезегінде Оливье Бешт те екі ел арасындағы сауда қатынастарын жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екендіктерін жеткізді. Айтпақшы, бұл жиынға бізден Энергетика, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау министрліктері, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», «Эйр Астана» секілді компаниялар, ал француз тарапынан Total, Alstom, Orano, Air liquide, Airbus, CSFN, EDF және Idemia компаниялары қатысқанын ескерсек, алда екі ел арасындағы президенттер деңгейіндегі іссапарлар болуы және біз үшін өте қызықты әрі пайдалы кәсіпкерлік келісімдер жасалуы мүмкін екенін бағдарлауға болады. Қазақстанның атом электр стансасын салу туралы шешім қабылдағаны және соның орайында Франция тәжірибесін де қарастырып жатқандығы белгілі. Егер атом реакторын салуды Қазақстан Франция тарапына сеніп тапсыра қалар болса, бұл да елдер арасындағы экономикалық қатынасты одан әрі жандандырып, етек-жеңін жината түсетін шешім болмақ.
Қазақстан Еуропаның тағы бір әлеуетті мемлекеті Германиямен де қарым-қатынастарды жетілдіре түскісі келеді. Жақында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Германия экономика және климатты қорғау Федералды министрлігінің департамент басшысы Доминик Шнихельс бастаған неміс делегациясымен кездесті. Кездесу барысында қатысушылар көміртекті бейтараптық стратегиясын іске асыруды талқылады. Атап айтқанда, энергия тасымалдаушыларға бағаның өсуі, болжамдарды өзектендіру және қоршаған ортаны қорғау шеңберінде жобаны жетілдіру мәселесі талқыланды.
Доминик Шнихельс экономиканы декарбонизациялау және көміртегі бейтараптылығына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру шеңберінде Қазақстанға өз қаражатын, технологиялары мен білімін инвестициялауға дайын бірқатар неміс компаниясының бар екенін атап өтті. Әрине, бұл біз үшін қуанышты жаңалық. Әлібек Қуантыров та Қазақстанның осы бағытта ынтымақтасуға дайын екенін хабарлап, жаңа экономикалық саясаттың негізгі тармақтары туралы айтып берді.
Тараптар ортақ уағдаға келген тағы бір тақырып – кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының желісі бойынша ынтымақтастықты күшейту мәселесі. Қатысушылар Қазақстан мен Германияның инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастығын жоғары бағалап, одан әрі сауда-экономикалық әріптестікті нығайтуға дайындығын білдіріпті.
Жалпы, биыл Қазақстан Иран, Түркия, Әзербайжан, Грузия елдерімен қарым-қатынасты жаңа белеске көтеруге білек сыбана кірісті десек жөн болғандай. Еуропа – біз үшін әлі де ашылмаған арал. Қарап отырсақ, қарт құрлыққа негізінен жерасты қазба байлықтарын жөнелтеміз. Экспорттық көзіріміз, сол – мұнай, көмір, тау-кен байлықтары. Сондықтан ЕО-мен қарым-қатынасымызды жаңарта, түлете отырып, экономикамызды әртараптандыра отырып, келешекте адам капиталын, адам капиталы көмегімен жасалған өнімдерді, ауылшаруашылық өнімдерін, шикізаттық емес дайын тауарларды тасымалдау деңгейіне жете алсақ, онда жоғарыда атап өткен 22 млрд долларды еселеп көбейтуге болады.