Семинар-конференцияға Астана қаласындағы мектеп ұстаздарымен қоса республиканың басқа да өңірлерінен келген мұғалімдер мен оқулық авторлары қатысты. Бұл басқосуда көтерілген мәселелердің әрқайсысы ешкімді бейжай қалдырмады. Аталған білім ордасының директоры Әлия Сексенова оқушылардың технологиялық ақпарат құралдарын шебер игере отырып, тағлымы мен танымы мол кітап пен баспасөз беттеріндегі құнды дүниелерді де оқу керектігін айта келе, “Қазіргі заман жаңа ақпараттық толқынның, жаңа технологияның, жаңа серпіннің заманы. Сондықтан да балалардың жан-жақты білім алуына, білімдерін жетілдіруіне жағдай жасауымыз керек. Оқушыларға талап қоя білген ұстаз ғана өз жұмысының жемісіне, шәкіртінің жеңісіне куә бола алады. Жас ұрпақтың білім деңгейі тікелей оқулықтың сапасымен байланысты. Соңғы жылдарда оқулықтар жүйесін бір арнаға келтіріп, оны жетілдіруге мемлекет тарапынан да қатаң бақылаудың болып жатқаны белгілі. Сол себепті де жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бәріміз де білім беру саласының жақсаруына, оқулық мәселесінің оңтайлы шешілуіне ат салысуымыз қажет. Осында отырған әрбір ұстаздың да, оқулық авторларының да жауапкершілігі ауыр”,–деді өз сөзінде.
Ал оқулықтардың мектеп қабырғасында нендей дәрежеде бағаланып жатқаны туралы “Алматы кітап” баспасының вице-президенті Бибіхан Шакиева: “Егемендік алған 20 жылдың ішінде ұлттық оқулықтарды жазу және оның авторлары қалыптасты деп айтуымызға болады. Алғашқы төл оқулықтарымызды жазуға “Атамұра” баспасы зор еңбек сіңіргенін жақсы білеміз. Әрине, бастапқыда қазақ тілінде оқулықтар жазу өте қиынға түскені белгілі. Көптеген жылдар бойы Ресейдің аударма оқулықтарын оқып келгеніміз де жасырын емес. Мінеки, осындай қиындықтарға қарамастан “Атамұра” баспасы өздеріне тиесілі міндеттерін өте сәтті орындап шықты. Оқулық саласында баламалы оқулықтарға ден қою өте дұрыс. Себебі, бәсекелестік болған жағдайда ғана сапа болады”, – деп өз ойын қорытындылады.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.