Аймақтар • 12 Қараша, 2022

Ғазиз Байтасовқа арналған мемориалдық тақта ашылды

633 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының Полиция басқармасында 2011 жылы Тараз қаласында лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа ескерткіш тақта ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғазиз Байтасовқа арналған мемориалдық тақта ашылды

11 жыл бұрын 11 қараша дәл осындай жұма күні еді. Бұл күні патрульдік полиция батальонының қызметкері Ғазиз Байтасов қалыпты режімде қызмет атқарған, бірақ бұл оның соңғы жұмыс күні екенін білмеген.

Сенбі, 12 қарашада мұздай қаруланған лаңкес Тараз қаласында аса ауыр қылмыстар жасап, жеті адамның өмірін қиған. Оның бесеуі – құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Лаңкес қол гранатасын жаруға әрекет еткен кезде Ғазиз Байтасов халықты қауіптен аман алып қалу үшін қылмыскерді жерге құлатып, өз денесімен гранатаны жапты... Ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшысына «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Кеше өңірдегі Петропавл қалалық Полиция басқармасының ғимаратында оның есімі жазылған ескерткіш тақта ашылды. Ашылу рәсіміне облыстық полиция департаменті және қалалық полиция басқармасының басшылығы, ПБ жеке құрамы, ведомство ардагерлері, облыстық және қалалық мемлекеттік органдардың басшылары, жұртшылық өкілдері қатысты. Қала әкімі Руслан Аңбаев полиция қызметкерлеріне әрдайым үйлеріне аман-есен оралуды тіледі. Облыс прокуроры Бағбан Таймбетов 12 қараша күні болған оқиғаның куәсі болғанын айтты. СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Айдын Қабдұлдиновтың айтуынша, Ғазиз Байтасовтың ерлігі батырлық пен Отанға адал қызмет етудің үлгісі ретінде Қазақстан полицейлерінің есінде мәңгі сақталмақ.

Қонақтар, ақсақалдар мен полиция қызметкерлері бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткіш тақтаның жанына гүл шоқтарын қойды.