«Қазақстан-2050» коалициясы мүшелерінің ортақ ойы осындай
Іргелі күш
Нина ҚАЮПОВА, «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Мен Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылғы 28 сәуірде сөйлеген сөзінен үзінді келтіргім келеді: «2050 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одақ бойынша әріптестер үшін жоғары меже – бұл әлемнің ықпалдастық ұйымы көшбасшыларының алғашқы үштігіне ену». Әрине, ықпалдастық сан қырлы болады. Ал, жалпы ықпалдастықтың табысты болуы оның гуманитарлық бағытына байланысты, яғни ол халықтың әл-ауқатының, мәдени, білім беру салаларындағы байланыстардың, халықтың тарихи мұрасының өсуінен көрініс беруі тиіс. Біздің білім беру, ғылымда ұзақ жылдардан үзілмей келе жатқан байланысымыз бар. Дегенмен, ынтымақтастық жетілдіруді, жаңа әдіс пен бағдарламалық мақсаттардағы іс-қимылды талап етеді. Байланыстарды кеңейту, бірлескен іс-шаралар өткізу – тәжірибе алмасып, өзара іс-қимыл жасаудың төте жолы. Мұның барлығы ықпалдастық ресурстарын және беріктік қорын айқындайды. Қоғамның моральдық бейнесі – дені сау әрі білімді отбасы, ал тәрбиелі бала – кез келген ықпалдастық үдерістерін шешуді қамтамасыз ететін сенімді күш.Ықпалдастық – уақыт талабы
Серік СҰЛТАНҒАЛИ, «Бірлік» партиясының төрағасы. Ресеймен арамызда экономикада немесе ұжымдық қауіпсіздікте болсын мызғымас достық орнаған. Біз ЕАЭО – жаңа экономикалық одаққа енуді көздеп отырмыз. Бұл бүгінгі күннің қажеттілігінен туындаған жаңа кезең болып табылады. Ықпалдастық – уақыт талабы. Бүгінде қоғамда Еуразиялық экономикалық одаққа күмәнмен қарайтындар да жоқ емес. Мұның барлығы да бос әңгіме, біз мәселеге тереңнен қарауға тиіспіз. Мені адамдар арасында қауіп пен қорқынышты тарату мақсатында айтылатын түрлі дақпырттар алаңдатады. Олардың еш негізі жоқ дегім келеді. Дәлел-дәйексіз сөздермен қоғамның қолтығына су бүркудің қажеті жоқ.Транзит – еліміз үшін тиімді бағыт
Сұлтан ӘКІМБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры. Басты стратегиялық мәселенің мәнісі сол, ұтымды географиялық аумақта орналасқандықтан, шикізат секторынан өзгені де дамыту туралы ойланатын болсақ, ол транзит мәселесі болуы тиіс. Болашақта әлемдік қоғамдастықтың беделді де белсенді бір мүшесіне, оның үстіне қандай да бір транзиттік әлеуеті бар бір мүшесіне айналу үшін Ресей Федерациясымен байланыс орнату қағидатты тұрғыдан маңызды болмақ. Ол үшін жақын уақыт аралығында біз ДСҰ-ға енуіміз қажет. Ол – әлемдік экономикалық қауымдастыққа апаратын бағыт.Бәрі де өзімізге байланысты
Жаннат ЕРТІЛЕСОВА, Қазақстан Республикасы Салық төлеушілер қауымдастығы басқарушы кеңесінің төрайымы. Ықпалдастық қазақстандықтардың одан да мықты болуына мүмкіндік береді. Танымал экономист, бәсекеге қабілеттілік теориясының авторы Портер өз зерттеулерінде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстарына, халқының саны мен аумағының көлеміне байланысты емес екенін дәлелдеген. Бір мысал келтірейін, 1995 жылы Германия халық саны жағынан Австриядан 10,4 есе көп, ал ІЖӨ көлемі бойынша Австриядан 10,6 есе жоғары болды. 2013 жылы бұл айырмашылық 9,5 есені көрсетіп, ІЖӨ көлеміндегі айырма 8,8 есеге өзгерген. Яғни, кішкентай ғана Австрия Германияны жылдам қуып жеткен. Бұл – ықпалдастықтың пайдасы. Ал Австрияның жан басына шаққандағы ІЖӨ-сі Германиядан 2,2% ілгерілеп кеткен. Австрия үш жыл қатарынан әлемдегі бизнес жүргізуге қолайлы ел ретінде танылып келеді. Қазақстанның да дәл осындай мүмкіндігі бар. Біз бүгінгі күнгі артықшылықтарымызбен алға қарай ілгерілей аламыз. Оның барлығы да өзімізге байланысты.Тез бейімделе білуіміз керек
Раушан СӘРСЕМБАЕВА, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті. Біз интеграцияның қажет екендігін түсінетін және оны қос қолдап қолдайтын халықтың сапында жүргенімізді білеміз. Еуразиялық ықпалдастықтың басталуы жөнінде хабар тарасымен, біз, нарығымыздың шағын екендігін ескере отырып, дереу әрекетке көштік. Әсіресе, шағын бизнес мүдделерін ескердік. Біздің өніміміз сол шақта да бәсекеге қабілетті емес еді және ресейлік кәсіпкер әйелдердің төл нарығымызға өз тәртіптерін басшылыққа ала отырып, асқан екпінмен дендей енетінін болжамдай алдық. Сол себепті де, 2006 жылы Еуразиялық әйелдер саммитін өткіздік. Содан бері әр екі жыл сайын осындай форумдар өткізіп, экономикалық қана емес, әлеуметтік мәселелерді де талқылап келеміз. Кадрлық әлеует те осы қатарда назарға алынуда. Қысқасы, интеграция аясындағы қызығушылығымызды туғызған барлық тақырыптарды қамтуға тырысудамыз. Бұған дейін төрт рет Еуразиялық әйелдер саммитін өткізіп үлгердік. Шекаралық өңірлерде де дөңгелек үстелдер, конференциялар ұйымдастырдық. Ең бастысы, біздің іскер әйелдер кәсіпкерліктің түрлі саласында жұмыс істейміз деп шештік. Мұны негізінен шекаралық аймақтарда жүзеге асыру басты міндет болып отыр. Біз, шағын бизнестің өкілдері, интеграцияны толықтай қолдаймыз және қажетті іс-қимылдарды қазірдің өзінде іске асыра бастадық.Тұрақты ақпараттық кеңістік қалыптастыру қажет
Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, «Қазақстан Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі президенті. Ең алдымен айтарым, аталған одақ шеңберіндегі шешімдердің еліміз мүддесіне қызмет жасауын қамтамасыз етуіміз керек. Екіншіден, меніңше, біз Еуразиялық экономикалық одаққа құбыжық ретінде қарайтын сияқтымыз. Шектен тыс үрейленеміз. Дегенмен, бұл – қалыпты жағдай. Кезінде мұны бүгінде түрлі одақтарға біріккен көптеген елдер дәл осылай басынан кешірген. Бастысы – ЕАЭО аясында тұрақты ақпараттық кеңістік жұмыс істеп, кәсіпкерлеріміз қай жерде не болып жатқанын газет, журнал, телеарналар арқылы 3 тілде мәлімет алып тұратындай жағдай жасау керек.Бұл – тиімді жүйеге бірігудің жолы
Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы (ҚКХП) Орталық комитеті аппаратының жетекшісі, Парламент Мәжілісінің депутаты. Бүгінгі таңда «Қазақстан – 2050» Стратегиясында белгіленген мақсаттарға экономикалық ықпалдасусыз қол жеткізу мүмкін еместігіне байланысты қоғамда түсінушілік бар. Бізге жаңа үлгілер мен экономикалық дамудың жаңа сатылары керек. Мемлекет басшысы да өз баяндамаларында оған тоқталып, ықпалдасу –біздің жалғыз жолымыз екенін атап өтті. Сондықтан да біздің партия оны қолдайды және біз әрі қарай да Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа ықпалдасуын насихаттайтын боламыз. Біздің түсінігімізде Еуразиялық ықпалдасу – қысқа мерзімдік емес, ұзақ мерзімдік сипаттағы келешектің идеясы. Кез келген мемлекет ықпалдасу идеясын қарастыра отырып, нарыққа тең құқықтық мүмкіндік алуды жоспарлайды, сондай-ақ, біріге отырып экономикалық сипаттағы мәселелерді шешуді көздейді. Қазақстан, Ресей, Беларусьтің одақ құруға ұмтылысы үзіліп қалған мемлекетаралық өндіріс – экономикалық байланыстарды қалпына келтіруге бағытталған. Қазақстан үшін посткеңестік нарық шикізаттық және шикізаттық емес бағыттағы тауарларын өткізе алатын жалғыз жақын және түсінікті орын болып табылады. Өз кезегінде Ресей мен Беларусь үшін де қазақстандық нарық әріптестік және сауда-өнеркәсіптік байланысы қалыптасқан таныс мекен. ЕАЭО-ға кіргеннен бастап бірлескен кәсіпорындар құру мен өндіріс кооперациясын күшейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бұл – біздің партия қолдайтын зор жетістік. Еуразиялық одаққа қарай қозғалыс – біздің елдеріміздің жан-жақты табиғи, экономикалық, әлеуметтік ресурстарын оңтайлы үлгіде бірыңғай жүйеге біріктірудің жолы. Және, мүмкін, бүгінгі таңда осыдан басқа ілгерілуге апаратын жол жоқ та шығар. Осыған байланысты біздің партия Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы одақтық келісімге қол қойылуын қолдайды.Экономикалық одақтың ертеңіне сенеміз
Ермек МАҚАШЕВ, «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры. Президенттік «Болашақ» бағдарламасының қауымдастығы Еуразиялық экономикалық одағын қолдайды. Біздің көбіміз АҚШ-та, Еуропа мен Азияның дамыған елдерінде оқи жүріп, экономикалық интеграцияның пайдалы екендігіне көз жеткіздік. Қоғамда талқыланып жатқан бұл мәселені, яғни Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою мәселесін біздер, болашақтықтар да өз арамызда кеңінен сөз еттік. Біздің арамызда Еуропа, АҚШ, Азия мен Тынық мұхиты өңірлеріндегі ықпалдастық үрдістерін зерттеп, зерделеген және бұл үдерісті ішінен білетін түлектер де аз емес. Мысал үшін айтсақ, 1952 жылы құрылған Еуропалық көмір мен болат қорыту бірлестігі болашақ Еуропалық одақтың негізін қалады. Тіпті, ол елдердің экономикалық өсіп-өркендеуіне гүлденуіне жол ашып қана қоймай, Батыс Еуропаның заманауи қауіпсіздік жүйесінің сұлбасын да сомдады. Ортақ нарық, тауарлардың, қызметтердің, капитал мен еңбек ресурстарының еркін айналымы Еуропа елдерін бірнеше онжылдықтың ішінде адам танымастай етіп өзгертті, әлемдік экономикадағы жетекші орынға шығуларына жол ашты. Бүгінде экономикалық ықпалдастықтың арқасында орнаған өзара тығыз қарым-қатынас Еуропадағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың бірден-бір кепілі болып табылады. Еуроодақ, Солтүстік Америкадағы еркін сауда аймағы, Азия-Тынық мұхиты өңірлері әлемдегі ең ірі экономикалық орталықтарға жатады. Ал еуропалықтардың басым бөлігі тығыз экономикалық қарым-қатынас жасау керектігін ертеден жақсы түсінеді. Аталған өңірлердің халқы экономикалық ықпалдастықтың жақсы жақтарына күн сайын куә болып, игіліктерін көру үстінде. Біз үшін Елбасының еуразиялық ықпалдастық жөніндегі идеясының 1994 жылы, яғни, болашақтықтардың алғашқы толқынының шетелге шығуы үдерісімен тұспа-тұс жария етілуінің үлкен нышандық мәні бар. 20 жылдың ішінде Мемлекет басшысының бастамасы өмірлік қажеттілігі мен тиімділігін көрсетті. Біз, болашақтықтар 10 мыңға жеттік және «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруға және Қазақстанның дамыған елдердің қатарына қосылуына жауапты екендігімізді терең сезінеміз. Осы мақсатта бізге стратегиялық әріптестерімізбен экономикалық интеграцияға түсу керек. Бұл – ілкімді қадам. Осы себепті Еуразиялық экономикалық одақтың мықты экономикалық институт ретінде елімізді әлемдегі озық отыз елдің қатарына жақындата түсетініне сенімдіміз.