Саясат • 13 Қараша, 2022

Байқау нәтижелері маңызды

170 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясы жанындағы сарапшылар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиында биыл 5 маусымда өткен республикалық референдумды бағалау бойынша Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы миссиясының қорытынды есебі талқыланды.

Байқау нәтижелері маңызды

Орталық сайлау комиссиясы­ның тарихында беделді халықара­лық институттардың бірінің ха­лықаралық байқау нәтижелері ашық кәсіби пікірталас алаңына тұңғыш рет шығарылып отырғанын айта кету керек.

Сарапшылар кеңесінің сала­лық және географиялық құрамы әртүрлі. Негізгі бөлігін белгілі заң­­гер, конституционалистер құрай­ды. Сондай-ақ кеңес құра­мын­да сот, әкімшілік, қылмыстық, халық­­аралық құқық және әділет сала­сын­дағы ғалымдар бар. Сая­сат­тану, әлеуметтану, мәде­ниет­тану сияқты салалардың зерттеу­ші­лері кеңестің әлеуетін едәуір арт­тыр­ды. Қала берді, сайлау жүйе­сіндегі сарап­шы­лар­дың, аумақтық сайлау комиссиялары өкілдері қатысуының маңыздылығы да ескерілді.

Кеңес отырысына кезектен тыс Президент сайлауын бай­қауды жүзеге асыруға келген миссиялардың өкілдері шақы­рылды. Олардың қатарында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлау саласын­дағы тал­дау­шы Ксавьер Нок, ТМД атқарушы комитетінің кеңесшісі Олег Кулеба, ТМД ПАА хатшылығы басшысының орынбасары Иван Мушкет және ТМД миссиясы штабының мүшесі және ТМД ПАА Кеңесі бас хатшысының кеңесшісі Сергей Караваев бар.

Орталық сайлау комиссиясы­ның төрағасы Нұрлан Әбдіров ашық тұрақты талдамалық платформа ретінде кеңестің ықпалы жоғары екенін айтты. Сарапшылық қоғамдастықтың негізгі функциясы – ОСК мен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл арнасы ретінде қызмет ету. Сондай-ақ кеңес формалды орган емес, динамикалық және генеративті ой фабрикасына айналатынына сенім білдірді.

Кеңесте сайлау заңнамасы жү­йесіндегі референдумнан кейін­гі өзгерістердің серпінді үдері­сі де назардан тыс қалмады, пре­зи­денттік сайлау бойынша атқары­лып жатқан жұмыстардың барысы айтылды.

Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ-ның мемлекеттердің ұлттық заң­на­масына сайлау стандарттарын іске асырудағы және енгі­зу­дегі маңызды рөлін, сайлауды ха­лықаралық байқауда ұстай­тын жас демократиялық елдер үшін пайдасы туралы айтты. ДИАҚБ-мен кездесулер тұрақты консультациялар форматына көшкенін атап өтті.

Естеріңізге салсақ, 5 қазанда референдумды бағалау жөніндегі миссияның есебі жарияланды. Бұл маңызды бағалау құжаты әлі де зерттеліп, мүдделі мемлекеттік органдармен талқыланады.

Белгілі ғалым, еліміздің құрметті заңгері Марат Қоғамов халықаралық байқаушылардың бірқатар бағалауын атап өтті. Отырысқа қатысқандар сайлаудың тұрақты институционалдық негізінің болуы, дайындық іс-шараларын тиімді өткізу, референдум үдерісінің барысын уақтылы ұйымдастыру және нәтижелердің түпнұсқалылығы жайлы ой бөлісті. Бұл ретте, Қазақстанның сайлау үдерістері мен сайлау заңнама­сын дамытудағы халықаралық тәжірибенің елеулі ықпалын атап өтті.

Заң ғылымдарының докторы, профессор Лейла Жанұзақова қоғамдық дамудың қазіргі кезеңінде бас бостандығынан айыруға сотталған және әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдарға сайлау құқығын беру ерте деп есептейді. Заң ғылымдарының докторы, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ профессоры Индира Әубәкірова сараланған тәсілді қолданатын елдердің халықаралық тәжірибесін ескеруге және сотталғандарды қылмыстың ауырлығы мен сипатына қарай ажырату мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды.

«Біз дамып жатқан прогрессивті халықаралық үрдістерді бұзбай, әдепті және мәмілеге келуге икемді болуымыз керек. Екінші жағынан, құқықтық ұстанымдарды да, біздің тарихи және саяси нақтылықты да ескере отырып шешілуге тиіс»,  деді Нұрлан Әбдіров.

Профессор және «Кәсіби заң консультанттары палатасының заң кеңесшісі Эдуард Мұхамеджанов қаржылық реттеу мәселелеріне назар аудара отырып, заңнамалық деңгейде референдумды дайындау мен өткізуді, атап айтқанда үгіт мәселелері бойынша аралас қаржыландыру фактісін мойындауды ұсынды. Ол референдум туралы заңды одан әрі жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын қорытындылай келе, бостандық пен демократия дәрежесін шектеу қаупінің бар екенін мойындай отырып, оның ережелерін шамадан тыс реттеуден сақтандырды.

Жиын барысында ақпараттық жариялау мәселелері де назардан тыс қалмады. Бірқатар сарапшы ішінара ұсынылған консти­туция­лық түзетулердің мәні мен олар­дың ықтимал әсеріне қатысты сайлау­шылармен түсіндіру жұмыс­тарына қатысты халықаралық байқаушы­лардың ұсынысын қолдады.

Сарапшылық кеңестің мүшесі Ерлан Бузурбаев әріптестерінің назарын референдумға шығарылатын мәселенің мазмұнын «тиісінше» немесе «тиісінше емес» түсіндіру өлшемдерінің жоқтығына аударды. Бұл ДИАҚБ миссиясының осы мәселе бойынша бағалау пайымдауларын жеткілікті түрде айқындамайды. Сондай-ақ сайлау ұйымдастырушылардың өкілеттіктеріне референдумға шығарылатын мәселенің мәнін түсіндіру кірмейтінін, бұл жобаны әзірлеушінің құзыреті болып табылатынын еске салды. Әйтпесе, бұл бейтараптықты сақтауға міндетті орган үшін қолайсыз жасырын үгіт ретінде қарастырылады.

Сарапшылардың ерекше идеяларының ішінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту шең­берінде референдум түр­лерін кеңейту, тек жергілікті қоғамдас­тық үшін қызығушылық тудыратын мәселелердің белгілі бір түр­лері бойынша жергілікті плебис­цит­терді өткізу мүмкіндігін қосу тура­лы ұсынысты атап өтуге болады.

Алдын ала сарапшылар ДИАҚБ есебіне егжей-тегжей контент талдау жүргізген. Отырыстың өзі қызу пікірталас форматында өтті: перспективалар мен тәжірибелердің кең спектрі ұсынылды, назар аударарлық балама көзқарастар мен қызықты идеялар айтылды. Республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізу кезеңдерінің өңірлік ерекшеліктері жан-жақты баяндалды.

ДИАҚБ миссиясының жекелеген ұсыныстарына қатысты сарапшылардың түрлі пікірлері референдум туралы заңға елеулі жаңарту қажеттілігі туралы бірауыздан қолдау тапты.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау жүйесін одан әрі трансформациялау мәселелерін талқылау үшін зияткерлік алаңды қалыптастыруға сұраныстың айқындығын, сондай-ақ сайлау үдерістерінің кәсіби көзқарасын ілгерілету қажеттігінің бар екенін атап өтті.