Саясат • 13 Қараша, 2022

Саяси теледебат салмағы

257 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде теледебат ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидаттар және сенімді өкілдері көрерменді сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Дебатқа қатысушылар бір-біріне сұрақ қойып, көпшіліктің сауалдарына да жауап берді.

Саяси теледебат салмағы

Орталық сайлау комиссиясымен алдын ала келісілген регламентке сәйкес, пікірсайыс 4 раундқа созылды. Әр раундқа сәйкес пікірсайысқа қатысушылар өздерінің сайлау бағдарламасы туралы сөйлеуге, қарсыластарына сұрақтар қоюға, сайлаушылардың сұрақтарына жауап беруге, сондай-ақ сайлаушыларға үндеу жасауға мүмкіндік алды. Бірін­ші раунд – «Сайлау алдындағы бағдар­ламамен таныстыру», екінші раунд – «Пікірталас сессиясы», үшінші раунд – «Сайлаушылардан сұрақтар», төртінші раунд – «Сайлаушыларға арнау». Соңғы қорытынды раундта қатысушылар тіке­лей сайлаушыларға арнап сөз сөйледі.

Дебаттың бір ерекшелігі, әр канди­дат­тың сенімді өкілдері залда отырып қолдау көрсетті. Пікірсайыс қызу талқыға, өткір сұрақтар мен тұщымды жауаптарға толы болды. Мысалы, Мейрам Қажыкен Сал­танат Тұрсынбековаға оның бағдар­ламасы теория не тәжірибеде де жоқ еке­нін айтып, популизм көп деген баға берді. Бұған жауап ретінде Салтанат Тұрсынбекова өзі­нің құқық қорғаушы екенін және оның бағдарламасында барлығы нақты жа­зылғанын айтты. «Ең төменгі күнкөріс деңгейіне келетін болсақ, біз бұл мәселені қазір осы жерде шеше алмаймыз. Бұл мәселені еліміздегі жағдаймен ойлас­тыруға болады. Қазақстандықтың іс жүз­інде тұтынушылық себетін алып қарайық­шы. Несиесі бар отбасыларды алып қа­раңыз. Бүгінде экономистер, сіздер сияқ­ты қаржыгерлер бірлесіп, тұ­ты­ну се­бетін қайта қарау қажет сияқты», деді ол.

Президенттікке кандидат Нұрлан Әуесбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілі Ерлан Қошановтан жұмыс­сыздық мәселесін қалай шешуді жоспарлап отырғанын сұрады. «Осы мәселе біздің үміткеріміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бағдарламасында толық қамтылған. Ең бастысы, осы мәселеге басымдық берілген. Басты кезекте 3,3 млн жұмыс орны осы 7 жылдың ішінде ашылады деген жоспар бар. Бұл үлкен көрсеткіш», деді Е.Қошанов.

Президенттікке үміткерлер Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбден де тікелей эфирде регламентке сәйкес, сайлауалды бағдарламаларын қорғады. Әр кандидат өздерінің саяси ұстанымдарын толық жеткізуге тырысып, елдің, мемлекеттің тағдырына қатысты ой-тұжырымдарымен бөлісті.

Президенттікке кандидат Қарақат Әбден теледебат барысында «Қазақ қыз­дарының шетелдерге тұрмысқа шығуы көбейіп жатыр. Осыны қандай да бір заңды жолмен реттеуге бола ма?» деп сұрақ қойған азаматқа жауап берді.

«Бұл өте маңызды сұрақ. Қызылорда облысында да маған осындай сұрақ қо­йылды. Қазір есеппен үйленетін жастар көп. Біз дәстүрді сақтау тұрғысынан қарауымыз керек. Қыздар – біздің құн­дылығымыз. Мен шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққысы келетіндерге үлкен салық салуды ұсынамын. Содан кейін қыздар мен олардың ата-аналары ойланатын шығар», деп жауап берді Қ.Әбден.

Теледебатта Жигули Дайрабаев мем­ле­кетімізді дамытудың 3 бағытын атады. Бірінші бағыт – ұлтымызға ғана тән дала демократиясы принципін орнату. Екіншісі – сана-сезімді жаңартып, әр азаматты жоғары мәдениеттілікке шақыру. Үшінші бағыт – Қазақстанды ауылдары дамыған агродержаваға айналдыру. «Кәсіпті қолға алып, елді асыраймын дейтіндерге жол ашық болуы керек. Оған қажетті бастапқы капитал – субсидия, несие еш кедергісіз берілуге тиіс. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген фермелер салықтың барлық түрінен босатылуы керек», деді ол.

Кандидат Нұрлан Әуесбаев сая­си реформалар жүргізіп, сыбайлас жем­қорлықпен күреске баса мән бере­тінін атап өтіп, елімізді парламенттік-пре­зи­­денттік республикаға айналдыру қажет­тігін айтты. «Сыбайлас жемқор­лықпен күресті күшейту керек. Жемқор­лық қылмыс барынша ұзақ мерзімге жазалануға тиіс. Олигархиялық капитализм емес, халықтық экономика құру керек», деген кандидат мемлекеттің басты назарында адам болуға тиістігіне назар
аудартты.

Салтанат Тұрсынбекова әлеуметтік мәселелер бірінші кезекте шешілуге тиіс екенін айтты. «Ең төменгі жалақы мен күнкөріс мөлшерін қайта қарау, кедей­шілікпен күрес бағдарламасын әзірлеп, жүзеге асыру қажет. Баспанамен қамту мәселесін де шешу керек. Отбасыларға ана капиталын беріп, барлық баланы жәрдемақымен қамтуға тиіспіз. Ең бастысы, әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендетуіміз керек», деді кандидат.

Ал Мейрам Қажыкен әрбір Қазақстан азаматына теңдей мүмкіндік беру қажет­тігін айта келе жастарға ерекше үміт артатынын білдірді. Жоғары білім беру саласы жаңғыртылып, жастарға тегін білім алуға мүмкіндік берілетінін атап өтті. «Өңір­лерді мемлекеттік басқару жүйесі дами­тын болады. Әкімдердің дербес шешім қабылдау мүмкіндігі кеңейеді. Қуат­ты өңірлер – қуатты республика. Ха­лық барлық әкімді өзі сайлайды. Бұл аза­мат­тардың жергілікті биліктің халық ал­дын­дағы шешім қабылдау және есеп беру деңгейін арттыратын болады», деді ол.

Бір жарым сағатқа созылған және 4 раундтан тұрған телесайыста үміткерлер көпшіліктің көкейінде жүрген халықтың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-сая­си сұранысына қатысты сұрақтарына жан-жақты жауап берді.