Оқырмансыз газетті, тыңдармансыз радионы, көрерменсіз телеарнаны елестету мүмкін емес. Әуелден-ақ қоғамдағы тыныс-тіршіліктен хабардар қылып, халықпен біте қайнасып келе жатқан «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің орны ерекше. Шыққанына ғасыр асқан қос газет жыл басынан бері көптеген іс-шараны қолға алып, әртүрлі игілікті істі жүзеге асырып келеді. Міне, соның бірі – өңірлердегі оқырманның ойымен санасу. Сол мақсат-мұрат аталған басылым қызметкерлерін Жетісу жеріне жетелеп келді. Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында өткен «Егемен» – ел ішінде» атты жиында өзендер өрнектеген өлкенің зиялы қауым өкілдері өзекжарды ойларын ортаға салды.
Дөңгелек үстел басындағы байыпты мәслихатты, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы, белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін жүргізді. Ол ақпарат құралдарының қазақ руханиятындағы алар орнын айшықтап, бүгінгі оқырманның басылым бетіне бұрынғыдай үңілмейтінін сынға алды. Сонымен қатар елдің жүгін арқалап, бұқара мен билік арасындағы алтын көпір міндетті адал атқарып келе жатқан журналист ағайынға алғысын білдірді.
Алдымен беташар сөз «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Сәбит Малдыбаевқа берілді.
«Біздің әріптестеріміз қазіргі қалыптасқан заман үрдісінен қалып қоймай, жылт еткен жаңалықтың ізін суытпай, шұғыл түрде интернет сайт пен әлеуметтік желілерге жүктеп отырады. Қазір дәстүрлі жазылымнан басқа басылымдарға электронды форматта жазылуға да болады. Кейде оқырмандар тарапынан поштаның уақытынан кешіктіріліп, бір аптаның газетін бір-ақ жиып әкелетіні секілді сын-ескертпелер түсіп жатады. Біз осы ретте күнделікті газеттің электронды нұсқасын оқырманға қолжетімді бағада ұсынып келеміз. Алдағы уақытта «Kaspi.kz» арқылы жазыла аласыздар», деді С.Малдыбаев.
Одан кейін кеш модераторы Әміре Әрін «газет оқымау – руханиятқа жасалған қастандық» екенін жеткізіп, бүгінгі журналистиканың бағытына баға берді.
«Бүгінде баспасөзде «күштеп жаздыруға болмайды» деген әңгімелерді жиі естиміз. Дей тұрғанмен, мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері республикалық, облыстық, аудандық басылымдарға жазылмайтын болса, билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайын, мемлекеттік саясаттың бағыт-бағдарын оқып-білмесе, онда ол қандай қызметкер, қайтіп көзі ашық азамат атанады? Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған мұғалім мәртебесін көтеру, дәрігерлер еңбегі мен мемлекеттік қызметкерлерге жасалар жеңілдіктер, басқа да тақырыптар үнемі газет бетінде қамтылып келеді. Оқырмандарға осы тұрғыдан да түсіндірме жұмыстарын айту артық етпес», деген Ә.Әрін әрі қарай «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырханға сөз тізгінін ұстатты.
«Сынаптай сырғып, желдей жүйткіген уақыт ағымындағы ақпаратты халыққа жеткізуде мерзімді басылымдардың басты борышы. Қандай да бір істің жүзеге асуы үнжария бетінде жарыққа шығып, жан-жаққа жетіп жатса, құба-құп. Басқаларды білмеймін, ал қазақтілді газет-журналдардың негізгі міндеттерінің бірі ұлт ұпайын түгендеу болса керек. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтеру әрине дұрыс. Бірақ көзі ашық, көкірегі ояу көпшіліктің қызығушылығын туғызар әдеби-мәдени, тарихи-танымдық дүниелердің жөні тіптен бөлек. Өйткені кешегі кеңестік солақай саясаттың кесірінен жұтаңдап кеткен рухани кеңістігімізді толтыруымыз керек. Газетіміздің беттерін пайыммен парақтап көрсеңіздер, біздің осы бағытта еңбектеніп жатқанымызды байқауға болады. Жақсы дәстүр алдағы уақытта да жалғаса бермек», деген ол: «Газет – халықтың үні, құлағы мен көзі» деген Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының даналығын естен шығармау қажеттігін айтып, ойын түйіндеді.
Арнасы кең айбынды басылымдар туралы жетісулық зиялы қауым өкілдері тереңнен толғады. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ерғазы Қошанбеков, белгілі журналист, ақын Нүсіпбай Әбдірахым, «Жетісу» газетінің бас редакторы Болат Абаған, ақын Құрметбек Сансызбайұлы, ардагер журналист Кенжехан Рахыш сынды өңір азаматтары газет құндылығы, оның қоғамдағы салмағы мен руханияттағы маңызы туралы лебізін білдірді. Белгілі қаламгерлер тағылымды ой айтып, бүгінгі ақпарат кеңістігіндегі мәселелерді, ел ішіндегі, саясаттағы жаңалықтарды тілге тиек етті. Тұғыры биік басылымдардың ел мүддесіне жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді.
«Бала күнімізден жанымызға жақын, көзімізге ыстық көрінетін республикалық «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская правда» газеттеріне жазылуға өңір жұртшылығы ниетті. Себебі қос газетте, ең алдымен, елдің тыныс-тіршілігінен хабар берілсе, екіншіден, әр оқырманның жүрегінен орын алатын тарихи, әдеби-мәдени тақырыптарды қамтитын мақалалар жиі жарияланып тұрады. Өзім де жыл сайын мерзімді басылымға жазылуды осы газеттерден бастау қажеттігін айтып отырамын», деген облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Серік Беймұханбетов қонақтарға алғысын айтып, «Жетісу жауһары» атты энциклопедияны сыйға тартты.
Көпшіліктің көкейінде бүгіп жатқан сан қилы дүниені жоғары жаққа жеткізуді мақсат еткен газет қызметкерлерінің еңбегі ерен. Дүние дидарындағы қым-қиғаш құбылыстарға пікір қосып, пайым илеуінен өткізетін сол журналистің жұмысын әлеуметтік желідегі ақпараттық сайттар кейде орынсыз сынап-мінейді. Білімсіз блогерлердің жалған ақпарымен ауызданған ағайынның тура жолдан ауытқуы оп-оңай. Сондықтан ресми басылымдардағы шынайы деректерге ден қойған абзал. Бұған басқосуға жиналған жұрт та баса назар аударды.
«Болған оқиғаның тізбесі деген бар. Мысалы, біреулер қазіргі кезде бұзылған ғимарат, жол мәселесі секілді жаңалықты жаман жағынан көрсеткісі келіп, ғаламторға салады. Ал басылым мемлекет қандай жұмыс жүргізуде, қаражат бөлінді ме, жоқ па, жоспары қандай, келешегі не болады деген сұрақтарға жауап беріп, тереңнен зерттелген мақалалар жариялайды. Міне, осы тұрғыдан келгенде газеттің берер пайдасы зор. Әсіресе ақпараттық соғыс кезінде газет-журнал ауадай қажет. Білімді, білікті, елді, жерді қорғайтын ұрпақ газет оқу керек», деді ардагер журналист Нүсіпбай Әбдірахым.
Жиын барысында заманның қиын-қыстау кезінде де өз оқырманын жоғалтпаған қос газеттің таралымына тұрақты түрде атсалысып жүрген қарағайдай қалың оқырмандарымен арадағы байланыстың жібін үзбеу басты мақсат екендігі баса айтылды.
* * *
Түстен кейін егемендіктердің келгенін естіген І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері оларды оқу орнына кездесуге шақырды. Білімгерлер аға буын әріптестерімен дидарласып, қазіргі журналистика туралы кеңінен әңгіме қозғады.
«Журналист – кәделі кәсіп. Себебі ол халықтың атынан сөйлейді және қоғамды дамытуға қызмет етеді, – деген Талғат Батырхан жер бетінде дәл осындай артықшылығы көп, бесаспап болуды талап ететін беделді мамандық сирек екенін жеткізді. – Қай адам тікелей барып Президенттен сұхбат алып, кез келген министрмен, не болмаса Премьер-Министрмен тікелей эфирге шығып, елді толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде сауал қоя алады? Мұндай құзырет тек журналистерде ғана бар. Журналистер – қашанда ел жанашыры, оның қамшыгері. Сондықтан таңдаған мамандықтарыңа адалдықтан айнымаңыздар. Оқыңыздар, ізденіңіздер, жазудан жалықпаңыздар, – деді ағынан жарылып.
Студенттер қонақтарға көкейде жүрген сауалдарын қойып, бүгінгі журналистиканың беделі турасында ой қозғады. Қос газетке сараптамалық, танымдық мақалалар жазып, семестр аяқталғанда Астанаға барып, практикадан өтуге құлшынысын білдірді.
«Журналистер ақпаратты табуға, өңдеуге, таратуға және сақтауға міндетті. Сондықтан да біз, аға журналистер, жас маманды іріктеу мен даярлауға жан-жақты көңіл бөлуіміз керек. Бұл ретте бүгінгідей кездесудің маңызы зор. Қоғамның рухани дамуына кедергі келтіретін мәселелер көп. Әйтсе де жас мамандардың ынта-жігерін шыңдап, тәлім беруге біз қашанда дайынбыз. Жақсы журналист мансапқұмарлықтан ада болуы керек. Мәселе атақта емес, өмірде салған ізіңде, алған орныңда, еңбегіңде. Қоғамға, туған жеріңе, еліңе қаншалықты септігі тиіп отыр, міне, сол маңызды», деді С.Малдыбаев.
Болашақ журналистер қос газеттегі жандарына жақын жарияланымдарды университет кітапханасынан оқып тұратынын жасырмады. Басқа да басылымдарды қалт жібермей, әлеуметтік желідегі ақпараттардың анық-қанығына көз жеткізетіндерін тілге тиек етті. Кездесу соңында жастар қонақтармен естелік суретке түсіп, шығарып салды.
Газеттің беделі өссе, халықтың да мерейі асқақтайды. Бүгінгі баспасөздің басты борышы – көптің көкейіндегі ойды тамыршыдай дөп баса білу. Бақсаңыз, отаншылдық пен ұлтжандылыққа ұйытар көркем аңсардан туған мәйекті мақалалар өз жемісін беріп жатыр. Оны жер жаннатына арнайы ат басын бұрған ел газетінің өкілдеріне деген жетісулықтардың алғаусыз алғысынан-ақ аңғаруға болады.
* * *
Ел ішіне шыққан егемендіктер сондай-ақ Жетісудың шұрайлы бір пұшпағы Ақсу ауданында болып, Ойтоған ауылында орналасқан Ілияс Жансүгіров атындағы мектеп мұғалімдерімен пікір алмасты. Жыр дүлдүлі туып-өскен ауылдың әкімі Венера Берікқызы бізді жылы шыраймен қарсы алып, жергілікті жағдаймен таныстырды. Оның айтуына қарағанда, мұнда 600-ден аса адам тұрады. Бірі малын бағып, екіншілері егінін салып, күнкөріс қамын жасап жатқан көрінеді. Береке-бірлігі бекем ойтоғандықтар ойын-тойдан да кенде емес екен. Аудан асып, облыс барып, түрлі бәйгеден озып келгендерін олар мақтанышпен айтты. Ауыл басшысы сөз арасында баяғы кеңестік кезеңде салынған клубтың әбден тозғанын, оның орнына жаңа мәдениет үйін салу қажеттігін, алайда тұрғындарының саны бір мыңға жетпейтіндіктен, ондай мүмкіндікке қол жеткізе алмай отырғандарын өкінішпен жеткізді. Әйтсе де жақсы күннен күдер үзбейтіндіктерін білдірді. Қазақ поэзиясының Құлагері кіндік кесіп, кір жуған ауылда түптің түбінде заманауи мәдениет отауы шаңырақ көтеретініне сенімдері мол.
Бір кездері алты жүз оқушыны қамтыған үш қабатты білім ұясында бұл күндері 121 бала оқитынын алға тартқан мектеп директоры Дастан Сағымбаев жас ұрпақты тәрбиелеу жолында өздері атқарып жатқан игі істерге тоқталды. Осы орайда ұстаздар ұжымы айрықша орын алатынын атап өтті.
Бір айта кетерлігі, мектептегі музей өрендерді елді, жерді сүюге баулитын тәрбие һәм тағылым мүйісіне айналыпты. Оның іші ауыл тарихын айшықтайтын жәдігерлерге тұнып тұр. Әсіресе Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығына үлкен мән беріліпті. Социалистік Еңбек Ері Құрманбай Жамбаев бастаған Жақабыл Жанәбілов, Нұрлыхан Ысқақова, Қажыкен Ыдырышбаев, Саяқ Құрманбаев секілді омыраулары орден, медальдарға толы өндіріс озаттарының суреттері де самсап тұр. Үй-үйден жиналған үлкенді-кішілі ескі экспонаттар да еріксіз көз тартады. Мұның бәрі өскелең өрендеріміздің өткенді танып, білуі үшін қажет екені талассыз.
* * *
Мектеп мұғалімдерімен болған әңгімеде де, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Отарбаевпен ой бөліскенімізде де «Egemen Qazaqstan» оқырмандарының қатары былтырғыдан артпаса, кемімейтіні айтылды.
Жалпы, Жетісу жеріндегі жүздесулерде «Егеменге» деген ел ықыласы ерекше екеніне көз жеткіздік.
Жетісу облысы