Қоғам • 14 Қараша, 2022

Саусақ ұшындағы өлең

415 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы зағип және нашар көретін жандарға арналған кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Асантемір Қаршығаұлының нүктелі-бедерлі қаріп түрінде және аудионұсқада шыққан «Шідерлі шер» кітабының таныстырылымы өтті.

Саусақ ұшындағы өлең

13 қараша – Халықаралық за­ғиптар күніне орай ұйымдас­тырыл­ған кездесуге кітап авторы және жергілікті зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары қатысты.

«Кештің мақсаты – Халықара­лық зағиптар күнінің мәні мен маңызы туралы кеңінен наси­хаттау және кітапхана оқыр­­ман­дарына өлкеміздің ақын-жазу­шы­ларының шығармашылығын қолжетімді ету еді. Осыған орай біздің кітапханада «Өлке қа­лам­герлерінің шығар­машы­лы­ғы – Брайль қарпінде» жаңа ақпа­рат­тық-кітапханалық жоба қолға алынған. Міне, бүгін осы жоба аясында жарық көрген тұңғыш кітапты таныстырып отырмыз. Асантемір Қаршығаұлының «Шідерлі шер» кітабы – біздің кітапхана қорына қосылған қазы­налы туынды», деді кітапхана директоры Марфуға Айтқалиева.

Шырайлы шараға қатысқан ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеу­баева, Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі, «Ақберен» жас ақын­дар мектебінің жетек­шісі Талап Тай­масұлы, ақын, Қазақстан Жазу­шылар одағы­ның мүшесі Мұнай­дар Балмолда, көру қабілеті бұ­зыл­ған балалар­ға арналған Батыс Қазақ­стан облыстық арнаулы мек­теп-интер­натының қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Айжан Бекетаева және басқалары кештің шырайын кіргізіп, жаңа кітап туралы өз ойларымен бөлісті.

Ең әсерлі сәт кітап авторы ор­таға шыққанда болды. Асан­­темір Қаршығаұлы өзінің шы­ғар­­машылық жолы, жаңа кітап­тың мазмұны жайлы айтып, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді. Ақынның өлеңдерін өз аузынан тыңдаған жұртшылық қызу қол соқты. Көзі көрмейтін оқыр­­мандар жаңа кітаптан ақын­ның өлеңдерін саусақпен «танып» оқып, жылы әсерге бөленді.

– Бұл кездесу өзіме де ерекше әсер етті. Біз он екі мүшеміз сау бола тұра, екі аяғымызбен қара жерді нық басып жүрсек те көп нәрсенің қадіріне жете бермейміз. Бір-бірімізді көре алмай, күстаналауға әзір тұрамыз кейде. Ал мына жердегі ортаның сезімталдығы, бір-біріне құрметі көп ойға қалдырды. Бізге қара­ғанда осы жердегі адамдар әлде­қайда бақыттырақ па деп ойладым, – дейді Асантемір.

Кездесу қонақтары кітапхана қорына келіп түскен арнаулы әдебиеттерден жасақталған «Биб­лио­News» кітап көрмесін де тама­шалады. Кітапхана басшы­лы­ғы­ның айтуынша, «Өлке қалам­гер­лерінің шығармашылығы – Брайль қарпінде» жобасы алдағы уақыт­та да жалғасын таппақ.

п

 

Батыс Қазақстан облысы