Аймақтар • 14 Қараша, 2022

Мыс зауыты іске қосылды

683 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде мыстың қолданыс аясы кеңейіп келеді. Әлемде мыс қоры бойынша алтыншы орынды иеленетін Қазақстан да бұл салаға ерекше ден қойып отыр. Қарағанды облысының Борлы кен орнындағы катодты мыс өндіру зауытының іске қосылуы – соның дәлелі.

Мыс зауыты іске қосылды

Борлы кен орны Ақтоғай ауданы­ның аумағында орналасқан. Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 60 ша­қырым, Қоңырат кенішінен 45 шақы­рым, Шығыс Қоңыраттан 38 шақы­рым қашықтықта жатыр. Бұған дейін жасалған барлау жұмыстары кен орны­ның минералдық қорын 115 млн тонна шамасында бағалаған деген дерек бар. Ондағы мыстың үлесі 0,35 па­йыз көлемінде. Ирандық «Irkaz Metal Corporation» ЖШС-ның бірнеше күн бұ­рын ғана тұсауы кесілген катодты мыс гидрометаллургия зауыты дәл осы Борлының қойнауында.

Зауыттың жобалық қуаты жылына 5 мың тонна катодты мысты құрайды. Болашақта 140 адам осы зауыттан нәпақасын айырмақ. Қазірдің өзінде Ақтоғай ауданының ондаған тұрғыны жаңа зауытқа жұмысқа орналасып үлгерген. Алдағы уақытта олардың қатары әлі толыға түсері анық. Ақтоғай аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Сайлаукен Әубәкіров те зауыттың жергілікті тұрғындарды жұмысқа алатынын алға тартты.

– Зауытқа инвестиция құйған Иран компаниясы. Жобаның құны 9,1 млрд теңге. Жалпы, зауытқа өндіріс орындарын салу үшін 1 748, 8 гектар жер телімі берілді. Өнім экспортқа шығарылады. Қытай және Еуропа елдеріне жөнелту көзделіп отыр, – дейді С.Әубәкіров. 

Борлының катодты мысы SX-EW технологиясымен өндіріледі. Бұл дегеніміз – мысты металл табақшаға тұндыру арқылы алу. Мұндай катодты мыстардың сапасы жоғары әрі таза болмақ. М00k маркасына сәйкес келеді. Бұл марка мыстың үлесі 99,9 пайыз дегенді білдіреді.

SX-EW катодты мыс өндіру технологиясы – гидрометаллургиялық процеске негізделген инновациялық әдіс. Аталған заманауи технология елімізде кейінгі он жылда қолданыла бастаған. Мұндай озық технология за­уыт құрылысында аса қомақты шығынды қажет етпейді. Тағы бір ерекшелігі – өнімділігі аз кендердің қорын пайдалануға мүмкіндік беретіндігі. Сондай-ақ қоршаған ортаға тигізер залалы жоқ.

«Жыл сайын өндірістік қуаттылық­тардың жеткіліксіз көлеміне байланыс­ты Қазақстан мыс концентратының шамамен 30 пайызын (966 мың тонна) шетелге экспорттайды. Ал жаңа кәсіпорындардың ашылуы мыс концентратын ел ішінде барынша қайта өңдеуге мүмкіндік беріп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға ықпал етеді», деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Машинажасау мен ақпараттық технологиялардың дамуында мыс өн­дірісінің маңызы орасан. Статистикаға сүйенсек, дайын өнім түріндегі әлемдік мыстың 65 пайызы пирометаллургиядан, 18 пайызы сұйық экстракция мен электролизден, ал 17 пайызы мыс өнімдерін қайталап өңдеуден алынады.

 

Қарағанды облысы,

Ақтоғай ауданы