Қоғам • 15 Қараша, 2022

Министрлік оқушыларға берілетін планшетке қатысты пікір білдірді

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бастауыш сынып оқушыларына берілетін планшеттердің сатып алынуы мен қауіпсіздігіне кім жауапты болатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрлік оқушыларға берілетін планшетке қатысты пікір білдірді

Айта кетейік, 1 қарашада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Үкімет отырысында 2023 жылы 400 мың бірінші сынып оқушысын Қазақстанда жасалған планшеттермен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтты.

Цифрлық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Ерхан Тәткеннің айтуынша, бұл мәселелер келісілу сатысында. Дегенмен, министрлік жеткізуші таңдау мәселесін қазақстандық байланыс операторларына беруді ұсынып отыр. Олар өздерінің ішкі корпоративтік стандарттарына сәйкес бағасы мен сапасы жағынан бәсекеге қабілетті жабдық нұсқаларын таңдайды.

«Планшеттің сапасы мен қауіпсіздігіне жоғары талаптар әзірленеді. Бұл қызмет көрсету орталықтарына қоңыраулар санын азайтады. Сондай-ақ кепілдіксіз жағдайда мектеп оқушыларының үздіксіз білім алуы үшін қысқа мерзімге ауыстыруға арналған қосымша планшеттер беру ұсынылады», деді Ерхан Тәткен.

Сондай-ақ министрлік мемлекеттік планшеттерді кім сақтайтыны туралы түсініктеме берді. Оқу процесінің бүкіл кезеңінде планшет оқушыға мектепте де, мектептен тыс оқу кезінде де пайдалану үшін толығымен уақытша пайдалануға беріледі.

Планшеттерді мектепте жиі зарядтауды болдырмау үшін бұл құрылғыларда сыйымдылығы жоғары аккумуляторды пайдалану жоспарлануда. Сондай-ақ планшетті зарядтау құрылғыларының басқа техникамен айырмашылығы, үйде немесе барлық аймақтарда кеңінен қолжетімді телефон зарядтағыштарымен үйлесімді. Оқушыларға планшет берудің егжей-тегжейлі тетігі Білім министрлігімен келіскеннен кейін анықталады.

«Сатып алынатын планшеттер 4 жыл бойы (1-ден 4-ші сыныпқа дейін) пайдалануға болатындай өнімділігі жоғары болуы керек деп болжануда. Планшеттердің кепілдік берілген қызмет ету мерзімі кемінде 36 айды құрайды», деп толықтырды министрлік.

Еске салайық, бұған дейін білім саласының мамандары оқушыларды планшетпен қамтамасыз ету құнын шамамен 240 миллиард теңгеге бағалаған болатын. Алайда олар бұл бастаманы қымбатшылыққа, мектептерде интернеттің қолжетімділігіне, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне және технологияның балалар денсаулығына әсеріне байланысты сынға алды.

Қазан айының басында Премьер-Министр Әлихан Смайылов мектептер мәселесін қазан айының соңына дейін шешіп, балаларды ауыр рюкзактардан арылтуды тапсырды.