Қазақстан • 15 Қараша, 2022

ОСК жанынан 641 байқаушы аккредиттелді

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясы елімізде аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің алдағы сайлауына арналған бірлескен брифинг өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ОСК жанынан 641 байқаушы аккредиттелді

«Тәуелсіздіктің барлық жылдары Қазақстан халқы тұрақты, гүлденген және инклюзивті қоғам құру үшін жұмыс істеді. Біздің демократиялық құқығымызды жалпыхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асыру осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерімізді нығайтуға көмектеседі және одан әрі ілгерілеуге негіз болады», деді Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров президент сайлауын өткізуге дайындық барысы және оның негізгі рәсімдік аспектілері туралы айтып берді.

«Орталық сайлау комиссиясы өз жұмысын заңға қатаң сәйкес жүргізеді, ашықтық пен жария диалог қағидаттарында әрекет етеді. Сайлау науқаны «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» қолданыстағы Конституциялық заңының негізінде өтіп жатқанын атап өту маңызды», деді Н. Әбдіров.

Оның айтуынша, ел бойынша сайлауда барлығы 10 101 учаске жұмыс істейді. Ал сайлаушылар тізіміне 11 950 485 азамат енеді. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға қажетті жағдайлар жасауға ерекше назар аударады.

«Халықаралық байқаушыларды аккредиттеу кеше аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы жанынан барлығы 641 байқаушы аккредиттелген, оның ішінде ЕҚЫҰ ДИАҚБ, ТМД, ТМД ПАА, ҰҚШҰ ПА, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТүркПА, ШЫҰ, ИЫҰ байқаушылар миссияларының өкілдері, сондай-ақ 35 шет мемлекеттің өкілдері бар», деп атап өтті ОСК төрағасы.