Білім • 15 Қараша, 2022

«Жайлы мектеп»: Астанада 90 мың оқушы орны құрылады

568 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада «Жайлы мектеп» жобасы аясында 90 мың оқушы орны құрылады. Бұл туралы қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында елорданың білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жайлы мектеп»: Астанада 90 мың оқушы орны құрылады

«Үш ауысымды және тығыздалған мектептердің санын азайту мақсатында биыл жалпы саны 22 750 орындық 11 мектеп салу жобалары іске асырылып жатыр. Осы мектептердің екеуі 1 қыркүйекте пайдалануға берілді, қалған тоғызы осы оқу жылында пайдалануға беріледі. Бұдан басқа, 2022 жылғы 28 қыркүйекте ҚР Президенті жанындағы Жоғары Кеңестің отырысында қабылданған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2026 жылға дейін оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша бірыңғай оператор болып «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тағайындалды», деді Қасымхан Сенғазыев.

Оның айтуынша, жобаны іске асыру бюджеттік инвестициялар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік есебінен және дайын ғимараттарды сатып алу жолымен қарастырылған.

Басқарма басшысының айтуынша, 2025 жылға дейін жоба аясында жалпы сыйымдылығы 90 мың оқушы орнын құрайтын, екі ауысымда оқитын мектептер салу жоспарланған. Бұл ретте, Астана қаласының Есіл ауданында 16 мектеп, Алматы ауданында - 5 мектеп, Байқоңыр ауданында - 1 мектеп, Сарыарқа ауданында - 2 мектеп салынады. Бұл мектептердің құрылысы 2023 жылы басталып, 2024-2025 жылдары пайдалануға беріледі.