Қоғам • 15 Қараша, 2022

БЖЗҚ арқылы баспана алу азайды

151 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2021 жылдың қаңтарынан бері БЖЗҚ салымшылардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жинақталған зейнетақы қаражатын пайдалану туралы 1 336 516 өтінішін орындаған. Уәкілетті оператор банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,2 трлн теңгеден астам қаржы аударыпты. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 2,4 млн теңге.

БЖЗҚ арқылы баспана алу азайды

Қор таратқан ақпаратқа сү­йен­­сек, зейнетақы жинақтарын алу қарқыны төмендеп келе жатыр. Мысалы, 2022 жылдың қазан айын­да 7,5 млрд теңге сомасына 2 993 өтініш орындалды. Салыс­ты­ру үшін айтар болсақ, 2021 жылдың қазан айында 87,8 млрд теңге сомасына 35 434 өті­ніш орын­­далған еді.

Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (17,61 пайыз), Астана қаласының (14 пайыз), Маңғыстау облысының (10,33 пайыз) тұрғындары тарапы­­нан жолданған.

«Салымшылар (алушылар) өздерінің жинақтарын пайдалана­тын мақсаттарды талдай отырып, келесі негізгі бағыттарды атап өтуге болады. Көбінесе (бар­лық өтініштердің шамамен 36%) аза­мат­тық-құқықтық мәмі­лелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу (түпкілікті есеп айы­­рысу) және жеке тұрғын үй салу (мен­шігінде жер учаскесі болған жағдайда) жиі тіркелді. Өтініш­тердің 21 пайыздан астамы са­лым­шылардың (алушылардың) тұрғын үй құрылыс жинақтары бағдар­ламалары бойынша зей­нет­­ақы қаражатын пайдала­нуы үшін орындалды. Өтініш­тер­дің тағы 21 пайызы одан әрі жи­­нақтау үшін тұрғын үй құ­ры­лыс жинақ ақшасына салымды толық­ты­ру мақсатында орындалды. Өтініш­тер­дің шамамен 20 пайызы тұрғын үй сатып алуға (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шең­берінде) ипотекалық тұр­ғын үй қарызын алу үшін бас­тап­қы жарнаны енгізуге, ипоте­ка­лық тұрғын үй қарызы бойын­ша берешекті то­лық және ішін­ара өтеуге және оны қайта қаржыландыруға ба­ғытталды», делінеді қор дере­гінде.

Атап өтерлігі, уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) шамамен 456,3 млрд теңге қаражат қайтарылды. Себебі сұраным иесінің өті­ніші және өзге де себептермен қазақ­стан­дықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланбаған.

Сонымен қатар БЖЗҚ емделуге берілген 311,1 млрд теңгеге 395 730 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома – ша­мамен 0,8 млн теңге. 2022 жылдың қазан айында шамамен 3 млрд теңге сомасына 2 362 өтініш орындалған (салыстыру үшін: өткен жылдың аталған айында – 10,8 млрд теңге сомасына 12 462 өтініш).

Көбінесе (өтініштердің 96 па­йыздан астамы) қазақстандықтар өзде­рінің жинақтарын меди­циналық мақсаттарда стома­то­ло­гиялық қызметтерге жұмсапты. Өтініштердің тек 2,8 пайызы офтальмологиялық қызметтерді алу мақсатында орындалған. Қал­­ған медициналық бағыттарға зей­нетақы жинақтарының 1 па­йыз­дан астамы қолданылды.

2022 жылдың 1 қараша­сын­дағы жағдай бойынша, инвес­тициялық портфельді басқа­ру­шыларға (ИПБ) 8,7 млрд теңге аударылып, БЖЗҚ 5 891 өті­нішті орындады. Бұл ретте бірегей өтініш берушілердің жалпы саны – 3 379 адам. Бұл өз жинақтарының бір бөлігін бірнеше басқарушы компанияға беруге шешім қабылдаған салым­шылар бар екенін білдіреді. Ауда­рым­ның орташа сомасы – 1,5 млн теңге.