Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Былтыр мамырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банк, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді. Банктер мен микроқаржы ұйымдарының қарыз алушы – жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегін реттеудің бірыңғай тәртібін енгізу бөлігінде кейбір түзетулер қабылданды. Бұрын кредиттік ұйымдар азаматтардың мерзімі өткен қарыздарын қайта құрылымдау туралы өтініштерін 6 күн және одан да көп мерзімде қараған болатын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьевтің айтуынша, осы мәселе бойынша қарыз алушылардан көптеген өтініш келіп түскен.
«Осыған байланысты агенттік заңнамаға қарыз алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған түзетулер енгізуге бастама көтерді. Заң мамыр айында қабылданды, бірақ мерзімі өткен берешекті реттеудің бірыңғай құқықтық тетігі 2021 жылғы 1 қазаннан бастап қолданыла бастады. Осылайша, мерзімі өткен берешегі бар азаматтар өздерінің кредиттерін немесе микрокредиттерін қайта құрылымдау мәселелерін заңнамада белгіленген мерзімде қарауға міндетті кредиторлармен тікелей шеше алады. Осы уақытқа дейін банктік қарыз шарттарының талаптарын өзгертуге 296 мыңға жуық қарыз алушы жүгінген. Кредиторлар өтініш білдіргендердің 73%-ның немесе 216,7 мыңнан астам қарыз алушының банктік қарыз шартының талаптарына өзгерістерді мақұлдады», дейді.
Микроқаржы ұйымдары 145,9 мың қарыз алушының (өтініш білдіргендердің жалпы санының шамамен 75%-ы) несие шартына өзгеріс енгізген.
Заңнамалық талаптарға сәйкес төлем мерзімін кешіктіру басталған сәттен бастап 20 күн ішінде кредитор қарыз алушыға туындаған кешіктіру туралы хабарлауға міндетті. Хабарламада кредиттік ұйымдар азаматтарға кредит бойынша төлем жасау және мөлшерін көрсете отырып мерзімі өткен берешекті өтеу қажеттілігі, әйтпесе бұл қарыз алушы үшін жағымсыз салдарға әкеп соғатыны, сондай-ақ қайта құрылымдау мәселесі бойынша кредиторға жүгінуге болатындығы туралы хабарлайды.
«Өз кезегінде, төлем мерзімі өткен қарыз алушылар ол басталған күннен бастап 30 күн ішінде қарыздарды қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға өтініш беруге тиіс. Ешқандай жағдайда кредитордан жасырынуға болмайды. Жағдайды реттеуге қарыз алушы ғана емес, кредиттік ұйым да мүдделі. Сондықтан реттеу шаралары неғұрлым ертерек қабылданса, қарызды өтеудің өзара қолайлы нұсқасы соғұрлым тезірек табылады», дейді А.Терентьев.
Қарыз алушының өтінішін банк және МҚҰ міндетті түрде қабылдауға, тіркеуге, есепке алуға және қарауға тиіс. Борышкер өз өтінішінде төлем мерзімін өткізіп алудың не себепті туындағанын көрсетуі, қайта құрылымдау үшін өзіне қолайлы нұсқаларды ұсынуы және кірісінің азайғанын және өз міндеттемелері бойынша төлем жасаудың мүмкін еместігін растайтын құжаттарды беруі қажет.
Қарыз алушы кредиторға өзінің қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат беруі керек, міндеттемелерін толық көлемде орындамауға себеп болып отырған кірістерінің азаюы немесе болмауы фактісін құжатты түрде растауға тиіс. Сұратылған құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыру үшін негіз болып саналады.
Агенттік өкілінің сөзіне қарағанда, қарыз алушы немесе кредитор ұсынатын қайта құрылымдау талаптары мынадай: сыйақы мөлшерлемесін төмендету, негізгі борыш немесе сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру, өтеу әдісін өзгерту, қарыз мерзімін ұлғайту, борыш жүктемесін азайту түрінде болуы мүмкін. Мысалы, бұл мерзімі өткен негізгі борыш, сыйақы, айыпақы және төлемдер мен комиссиялардың өзге де түрлері. Ұсыныстардың тағы бір түрі – ипотека нысанасы болатын жылжымайтын мүлікті дербес сату немесе міндеттемені сатып алушыға бере отырып, жылжымайтын мүлікті сату.
Егер қарыз алушы кредитормен қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша келісімге келе алмаған жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бұл ретте қарыз алушы міндетті түрде өзінің банкке немесе МҚҰ-ға өтінгенін және өзара тиімді шешімге қол жеткізе алмағандығының растауын ұсынуға тиіс.