Саясат • 16 Қараша, 2022

Саяси науқанға дайындық қызу

239 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу шеңберінде Орталық сайлау комиссиясының мүшелері еліміздің барлық өңірінде көшпелі семинар өткізді.

Саяси науқанға дайындық қызу

ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров пен ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина Қарағанды облысына, ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов Атырау облысына барды. Өңірлерде Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері, жергілікті атқарушы органдар, кандидаттардың сайлауалды штабтары, уәкілетті мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары және БАҚ өкілдері үшін семинар-кеңестер өткізді.

Қарағанды облысы әкімі ап­паратының басшысы Д.Ешкеев пен облыстық АСК төрағасы Қ.Нұркеновтің ақпараты бойынша облыстағы сайлау­шылар саны – 768 778 адам. Облыс аумағында 642 сайлау учаскесі бар. Барлық учаскелер жұмыс істеуге дайын, үздіксіз байланыспен, электр энергиясы, қажетті техника және жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Халықтың сайлау белсенділігін арттыру мақсатында өңірдің барлық әкімдіктерінде азаматтарды сайлаушылар тізімінде тексеру үшін Call-орталықтар, жедел желілер құрылған. Сондай-ақ облыста «Сенім 109» тәулік бойы бірыңғай диспетчерлік қызметі жұмыс істейді. Sailau09.kz сайтында әрбір пайдаланушы ЖСН немесе жеке куәлік нөмірі арқылы дауыс беру үшін өз учаскесін таба алады. Damumed медициналық ұйымдарының қосымшасына сайлауға қатысты ақпараттандыру және сайлаушылар тізімінде өзін-өзі тексеру мүмкіндігі туралы push-хабарламалар енгізілген.

Сайлау үдерісіне қатысушыларды сайлау кезеңіне дайындау үшін Прези­дент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалы базасын­да Қарағанды облысы бойынша комис­сияның 360 мүшесі кезең-кезеңімен оқытылды. Әрі қарай оқу сайлау комис­сияларының төмен тұрған мүшелері үшін каскадты әдіспен жалғасты.

Сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз ортаның барлық жағдайы жасалған. Барлық 642 учаске бірінші қабаттарда орналасқан. Көп учаске пандустар, тактильді белгілер­мен жабдықталған. Учаскелерде арнайы мамандардың кезекшілігі жоспарлануда. Сайлау күні мүгедектігі бар адамдарды сайлау учаскелеріне тасымалдау үшін инватакси қызмет көрсетеді. Барлығы 38 автокөлік іске қосылады.

Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Б.Исаков дауыс беру күні өңірде 261 сайлау учаскесі жұмыс істей­тінін хабарлады. Дауыс беру кезін­де ерекше жағдайлар қажет ететін мүге­дектігі бар сайлаушылар саны – 1 959. Об­лыста мүгедектігі бар сайлаушылар үшін жағдай жасау бойынша біраз жұмыс жүргізілген. Мүгедектігі бар адамдардың істері жөніндегі облыстық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерін жарақтандыру мәселелері қаралып, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының және осы бағыт бо­йынша қала мен аудан әкімдерінің есеп­тері тыңдалды. Сонымен қатар үй­лес­тіру кеңесінің мүшелері қоғамдық бір­лестіктердің, уәкілетті органдардың өкілдерімен бірлесіп сайлау учаскелерінің сайлау науқанына дайындығын тексер­ді. Осылайша, барлық сайлау учаске­лері пандустармен және тактильді жолақтар­мен, арнайы бұрыштармен және басқа да қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сайлау күні кресло-арбамен қозғалатын мүгедектігі бар адамдар үшін 52 инватакси жұмысы ұйымдастырылады.

Сонымен қатар ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік универ­ситетінің базасында халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдеріне жәрдемдесу орталығы ашылғанын хабарлады. Орталықтың негізгі мақсаты – халықаралық байқаушылар мен бұқара­лық ақпарат құралдарының өкіл­деріне өңір туралы ақпараттық кеңестер беру, кеңселік техникалық-құрал жабдықтар, интернет байланысымен көмектесу және аудармашылық қызмет көрсету. Орталықта ағылшын, неміс, француз тілдерінде қызмет көрсететін 6 волонтер жұмыс істейді. Бүгінде Атырау облысына келген 3 ұзақмерзімді халықаралық байқаушы (2 – ЕҚЫҰ, 1 – ТМД) орталық жұмысымен танысқан.

Сайлау комиссиялары мүшелері үшін 2022 жылдың 3-28 қазан аралығында оқы­ту семинарлары ұйымдастырылды, кас­­кад­тық әдіспен оқытуда барлық 1 966 ко­миссия мүшелері қамтылған. Осы ке­зең­де сайлау комиссиялары өкілдері, қоғам­дық бірлестіктер, мүгедектігі бар сай­лау­шылар, жастар өкілдері, полиция, мемлекеттік органдар өкілдері үшін 377 семинар өткізілді.

Атырау облысы әкімдігінің ресми сайтында сайлаушылар тізімінде болуды іздеу қызметі жасақталып, Telegram bot іске қосылды. Бұдан басқа, азаматтардың тіркелген мекенжайын анықтау үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, қала және аудандарда 165 сайлау учаскесінде сервистік орталықтар ашылды. Облыста 8 Call-орталық және 109 бірыңғай байланыс нөмірі іске қосылып, тұрғындарға анықтамалық ақпараттар және консультативтік көмек беріліп жатыр.

Өңірде президент сайлауы туралы азаматтарды ақпараттандыру бойынша белсенді ақпараттық-түсіндіру, атап айтқанда, өңірлік теледидарда, интернет-ресурс­тарда, баспа БАҚ-та, әлеуметтік желі­лерде кең ақпараттық жұмыс жүргізі­луде. Сонымен қатар адамдар көп жиналатын жерлерде демонстрациялық экрандарда сайлау туралы бейнероликтер үнемі көрсетіледі.

Дауыс беру күніндегі іс-қимыл алго­ритмі бойынша сайлау комиссия­лары мүшелерінің практикалық дағдылары, оның ішінде дауыс беру күніне сайлау учас­кесін дайындау, сайлау бюлле­тень­­де­рін беру, үй-жайдан тыс дауыс беру­ге арнал­ған сайлау жәшіктерін сүйемел­деу, дауыс­тарды санау алгоритмі, дауыс беру қоры­тын­дылары бойынша хаттама­лар­­ды ресім­деу тексерілді. ОСК-ның басқа мүше­лері сайлау комиссиялары мүше­лері­нің іс-қимыл алгоритмі бойынша нақты­лай­тын сұрақтар қойып, дауыс беру рәсі­мін ұйым­дастырудағы басты міндет оның ашық­тығын қамтамасыз ету екенін еске салды.