Өнер • 17 Қараша, 2022

Рамазан Баповтың өнернамасы

373 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық балет өнерінің биігін бағындырған біртуар биші, КСРО халық әртісі Рамазан Бапов жарық дүниемен ерте қоштаспағанда, биыл 75 жасқа толар еді. Мәскеу хореографиялық училищесінің үздік түлегін Үлкен театр аттай қалап, балет труппасының құрамына қабылдамақ болғанда, Отанына оралуды жөн көрген Рамазан қазақ өнерінде жаңадан бүр жарып келе жатқан балетті өркендетуді ғана ойлаған екен. Абай атындағы Опера және балет театрына биші болып орналасқан күннен бастап өзін тек өнерге ғана арнап, жиырма жылдан аса барлық жетекші партияларда билеп, есімін классикалық би өнерінің тарихына алтын әріппен жазып кетті.

Рамазан Баповтың өнернамасы

Суретті түсірген Юрий Беккер

Рамазан Бапов – 1968 жылы Болга­рияның Варна қаласында өткен Халық­аралық балет әртістері байқауының дипломанты және 1974 жылғы күміс жүлдегері атанған. Ол Ресей, Дания, Швеция, Фин­ляндия, Сирия, Иор­дания, Үндістан, Шри-Ланка, Малай­зия, Сингапур, тағы басқа елдерге гастрольдік сапармен барып, қазақ бале­тінің қарымын әлемге танытты. ХХ ғасырдың 70-жылдарында ол ұлттық хореографияның ең жарқын және талантты балет әртісі ретінде танымал бол­ды. Сахнаға әр шыққан сайын балет өнеріндегі кәсіби деңгейін, шебер­лігін, өлшем мен талғамының биіктігін көрсетті.

Қазақстан хореографтар одағы, Абай атындағы ұлттық опера және балет театры мен А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі Мәскеу мем­лекеттік хореография академиясы­мен бірлесе отырып, білікті педагог, талантты балетмейстер, аты аңызға айналған әлемдік балет өнерінің шебері Рамазан Баповтың мерейтойына орай ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді. Конференцияның мақсаты – Р.Бапов­тың шығармашылық өмірбаянын, балет өнеріндегі орны мен рөлін, тұлғалық қасиетін, сонымен қатар, балет өнері мен ұлттық хореографияға қосқан үлесін анықтау, қазақ балет өнерін насихаттау. Екіншіден, Арам Хачатурянның 2022 жылы жаңартылған «Спартак» балет қойылымын Зәуірбек Райбаевтың хореографиясымен қайта қауыштыру.

Ұлттық балеттің бағына туған, клас­­сикалық би өнеріндегі құбылыс деп ба­ға­ланған Р.Баповтың бұл театр­да бас­ты рөлсіз сахнаға шыққан кезі бол­маған. П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінде – Зигфрид, А.Адан­ның «Жизелінде» – Альберт, Л.Минкустың «Дон Кихотында» – Базиль, Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуында» – Қозы, Д.Шос­таковичтің «Жас ханым мен бұза­қы­­сында» – Бұзақы, Т.Мыңбаевтың «Фрес­каларында» – Ишпактың партияларын сомдап, театр сахнасында қайталанбас образдардың галереясын жасады. Үлкен театрда билеуден бас тартқанымен, әлемдегі әйгілі сахнада жиі әрі ең көп өнер көрсеткен биші де біздің Бапов болғанын конференцияға қатысқандар мақтанышпен атап өтті. Ешкімге ұқсамайтын жас дарын 1979 жылы 32 жасында КСРО халық әртісі атанды. Ол – Қазақстанның балет тарихында осы жоғары атақты иеленген жалғыз адам.

Бар өмірін қазақ хореографиялық өне­рін өркендетуге арнаған Баповтың шығармашылық жетістіктеріне туған үйінен кем болмаған театры куә. Әлемге аты мәшһүр маэстроның мерейтойын ла­йықты қарсы алып отырған Абай атын­дағы ұлттық опера және балет театры өз ша­ңырағындағы заманауи үлгімен жаб­дықталған үлкен залдың бірін Рамазан Бапов атымен атауды ұйғарды. Рамазан Бапов атындағы балет залының ашылуына әйгілі шебердің шәкірттері, көзкөрген замандастары, ардагер әртістер, марқұмның жары, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Людмила Рудакова қатысып, әсерлі естеліктерімен бөлісті.

– Рамазанның бойындағы таңға­жайып тамаша қасиеті – жан дүниесінің әдемілігі, оның биіндегі интеллект, қайталанбас дара қолтаңбасы, міне, кеңестік мектеп сіңірген оның көркем бейнесі. Оның Мәскеуде қалып қоюына болатын еді немесе басқа театрларда да билеу мүмкіндігі жоғары-тұғын. Бірақ біздің театрымыздың бақыты, Рамазанның елге оралғаны болды. Ол гастрольдік сапарларға жиі шықты. Рамазан балет үшін жаралған жан болатын, ол біздің қазақ балетінің кескін-келбеті еді.

КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Әлібек Дінішев замандасы туралы жүрекжарды сөзін «ол – хореография өнеріндегі құбылыс» деп түйіндеді. Би падишасы Майя Плисецкаяның өзі жас талантты тай күнінен танып, қазақ бишісінің қарымын сыртынан қызыға бақылаған. Оның «Бапов – биге келгенде ашық болатын, балетке өз танымымен бойлайтын, үлкен мүмкіндіктері мен биге деген жарқын құштарлығымен таң­ғалдыратын» деген биік бағасы конференция қонақтарын ерекше толқытты. Көрнекті бишінің өнеріндегі өзгеше өрнекті КСРО халық әртісі Асаф Мессерер де байқаған. «Рамазан Бапов – мықты биші. Оның өзі қалыптастырған жақсы мектебі бар, өте көркем, сахнада жұмсақ және икемді секіру арқылы барлық комбинацияны айқын және мағыналы орындайды. Ол жай ғана «жалпы нөмірді» көрсететін солист емес, сахнаға бүкіл қойылымның атмосферасын бейнелеп билейтін актер!». Орыс балетіне бірнеше буындағы дарынды би шеберлерін сыйлаған Мессерер­лер династиясының ең жарқын өкілінің бұл пікірі Р.Бапов өнеріне берілген дәл анықтама іспетті.

Р.Бапов 1980 жылдың соңынан 2000 жылдардың басына дейін Түркия мен АҚШ-та сабақ берген. Жиырма жыл жырақта жүргеніне қарамастан, ол Америка­ның Джорджия штатында өз балет мектебін ашып, театрларда би қойып, тынымсыз жұмыс істеген. 2007 жылы Қазақстан Президентінің шақыруымен еліне оралып, Абай атындағы ұлттық опера және балет театрының бас балет­мейстері болып қызмет атқарады. Ол – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Хореография режиссурасы» кафедрасының профессоры.

Театрда танысып, сахнада серіктес болып, жұбын жазбастан тағдыр қосқан сүйікі жары Людмила Рудакованың ері жайлы естелігін тебіренбей тыңдау мүмкін емес. Жарты ғасыр – шығармашылық одақтасы, жарты ғасыр – ошағының ұйыт­қысы болған аяулы жар шуақты өмірдің сырлы сәттерін айтып тауыса алмайды.

– Рамазан балеттегі барлық партиясын жақсы көрді. Ол биді жан-тәнімен сүйді. Рамазан сияқты ешкім билей алмайды, ол секілді ешкім сахнада өзін ұстай алмайды. Оның тазалығын, тектілігін тілмен айтып жеткізе алмаймын, сахнаға шыққанда осы қасиеті ашылып сала беретін. Оның серіктесіне қол созғанының өзі сондай сұлу еді, мұндай қимыл қазіргі бишілер­дің қолынан келмейді. Бекзат тұлғаның табиғаты сол еді. Балет үшін туған менің қазағым сондай адам еді!

Конференцияда сөз алған спикерлер ұлы бишінің шығармашылық бай мұра­сының маңызы туралы пікір-көзқара­сын бір арнаға тоғыстырып, өнерде биік­тік пен тереңдікті өлшем еткен ұлы Бапов туралы таным көкжиегін кеңейте түсуге уағдаласты. Мәдени басқосу кеш­кі мезгілдегі З.Райбаев сахналаған Арам Хачатурянның үш актілі «Спартак» спек­таклімен жалғасын тапты. Антикалық дәуірдің алдаспан жауынгерін кейіпкер етіп, ер адамға арналып қойылған ең алғашқы спектакльде Владимир Васильев, Морис Лиепа, Михаил Лавровский, Ирек Мухамедовтермен бірге жарқылдаған Рамазан Бапов та қазақ классикалық өне­рінің мәңгі сөнбес Спартагы болып қалды. Спартак – Рамазан Баповты сахнада құстай самғатқан шымыр шығармашылығының шыңы болатын...

 

АЛМАТЫ