Қоғам • 17 Қараша, 2022

Ауыл өскіндері алысты көздейді

326 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Таланттар ауылдан шығады» деген бұрынғының сөзі бүгін де маңызын жоя қойған жоқ. Тек, ауыл балалары назардан тыс қалмай, тиісті қолдау тапса, биіктен төбе көрсетері анық. Бұған Президент ерекше мән беріп, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқартуды бақылауында ұстап отыр. Соның ішінде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларда өсіп жатқан балалардың да қатарынан қалмай, мемлекеттің қолдауын барынша сезінуі маңызды.

Ауыл өскіндері алысты көздейді

Дарындарға даңғыл жол ашатын бастамалар

Президент пәрменімен ауыл балаларын қолдауға арналған жан-жақты іс-шаралар қолға алынып, нәтижесінде талай талант анықталып, олардың қабілеті мен дарынын одан әрі дамытуға зор мүмкіндіктер жасалып жатыр. Бұл бағытта арнайы Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасы түзіліп, біраз жұмыс жолға қойылды. Атап айтсақ, облыстық дарынды балалармен жұмыс істейтін орталықтар дарынды балалардың мәліметтер базасын құрды. Осы мәліметтер қорын жыл сайын жаңартып отыру үшін арнайы мониторинг жүргізіліп тұрады. Биылғы мониторинг нәтижелері бойын­ша еліміздің тұс-тұсынан 95 мыңнан аса дарынды оқушы анықталды, оның 29 мыңнан астамы – ауылдық жерлерден және көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан. Сонымен қатар 63 мыңнан аса баланың ерекше зияткерлік қабілеті бар. Ал 32 мыңнан аса оқушы мәдениет және спорт саласында үздік нәтижеге қол жеткізді. Жалпы, республикада 3,6 млн білім алушының 6,3%-ы – дарынды балалар. Өткен жылмен салыстырғанда биыл дарынды балалар саны 10 667-ге, яғни 3,1%-ға артты.

Аталған деректерге қарап, негізгі назар тек дарынды балаларға бөлініп жатыр екен деп топшыласақ, қателесе­міз. Өйткені мемлекет үшін барлық бала бірдей, әсіресе ауыл балаларының қаладағы қатарластарынан қалмауы үшін көп жағдай қарастырылып жатыр. Бұған дәлел ретінде Мемлекет басшысының Жолдауынан мына үзіндіні келтірсек те болады: «Мамандардың негіздеуінше, мемлекеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасын­да әлеуметтік аражікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Осыған орай, мемлекет қарапайым мектептерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге бұл қадам қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады».

Ауыл балаларын қолдауға бағыт­талған бірден-бір жоба ретінде «Мың бала» олимпиадасын атауға болады. 2022 жылы Оқу-ағарту министрлігі «El Ymiti» бастамасы аясында өткізген бұл олимпиадаға 150 мыңға жуық оқушы қатысуға ниет білдірді. Олимпиаданың қорытындысы бойынша 14 облыстан 1 мың жеңімпаз іріктелді. Олардың ішінде 6-сынып оқушылары арасында 500 жеңімпаз дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде конкурстан тыс оқуға түсуге мүм­кіндік алды. Олимпиаданың ІІ кезе­ңінің 386 жеңімпазы үшін дарын­ды балаларға арналған жетекші мектеп­терде – «Білім-Инновация» лицей­лерін­де, Республикалық физика-матема­тика мектебінде және «Дарын» мамандан­дырылған мектептерінде оқуға жол ашыл­ды. Қалған жеңімпаздар Елбасы акаде­мия­сының «Birge oqý» онлайн мек­те­бінде оқуын жалғастыруда. Сондай-ақ 7-8-сынып оқушыларына арналған олим­пиадалық резервтің онлайн мектебі, ауылдық мектептердегі жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұл ретте Youtube платформасын­да «Дарын» орталығы 7-8-сынып оқу­­шылары үшін қазақ және орыс тілде­рінде химия, биология, физика, математика пәндері бойынша 200-ден аса бейнесабақ жариялағанын атап өту керек. Сабақтарда лексикалық мате­риалдан басқа күрделілігі жоғары және жоға­ры деңгейлі тапсырмалар бар. Бұл рес­публикалық және халықаралық олим­­пиадалардың тапсырмаларына барынша дайындалуға мүмкіндік береді. Онлайн сабақтарды кестеге сәйкес елі­міздің үздік жоғары оқу орындарының оқытушылары мен Қазақстан құрама командаларының жаттықтырушылары жүргізді. Онлайн мектептерге 12 мыңнан аса оқушы қатысты. Химия, биология, физика және математика пәндері бойынша әрі қарай дайындалу үшін еліміздің әр өңірінен 352 оқушы іріктелді. Бұған қоса «Балдәурен» республикалық білім беру-сауықтыру орталығы және «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы 3 мыңнан аса баланы қамтыған пәндік онлайн сессияларды ұйымдастырды.

Сонымен қатар балалардың қабілетін шыңдауға үйірмелердің тигізетін септігі мол. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, Ұлттық білім беру деректер қорында қосымша біліммен қамтылған балалардың үлесі 63,5%-ды құрап отыр. Дәлірек айтсақ, бұл – 2 млн 200 мыңнан аса оқушы. Жалпы, республикада 1,2 млн баланы қамтитын 1 272 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. Бұл мектептен тыс ұйымдарда технопарктер, бизнес-инкубаторлар, планетарийлер, роботтехника және 3D модельдеу бөлмелері, химия және биотехнология зертханалары, медиа орталықтар бар. Жаңа буынның инновациялық жабдықтарымен толықтырылған Астана, Талдықорған, Петропавл, Атырау, Түркістан қалаларындағы оқушылар сарайларында роботтехника, 3D модельдеу және бағдарламалау үйірмелері ашылған. Оқушылар сарайларының базасында балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторлар желісі дамып келеді. Елімізде 33 технопарк, 25 бизнес-инкубатор бар. Қосымша білім беру бағытындағы осынау игіліктерден ауыл балалары мен тұрмысы төмен отбасылар шет қалған жоқ. Айталық, бүгінде 177 мыңнан аса әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары, 13 мыңнан аса жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 20 мыңнан аса ерекше қажеттілігі бар балалар ақысыз негізде қосымша біліммен қамтылып отыр.

Шәкірт шырағын жаққан ұстаздардың мерейі үстем

Ауыл-аймақтағы білім беру сапасын арттыру үшін үздік мұғалімдердің қатарын көбейту маңызды. Осы орайда айналасындағыларға үлгі боларлықтай жетістіктерімен көзге түскен, таланттарды тап басып тани білетін, түрлі білім бәйгелерінің жеңімпаздарын тәрбие­леп шығарған мұғалімдер баршылық. Мұндай мұғалімдерді қолдау үшін министрлік тарапынан бірқатар іс-ша­ра­ да қолға алынған. Атап айтсақ, республикалық және халықаралық олим­пиадалар мен байқаулардың жеңім­паздары мен жүлдегерлерін дайындаған республиканың үздік мұғалімдерінің іс-тәжірибесін тарату мақсатында бас­тауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Бастауыш сыныптағы олимпиада­лық және логикалық есептерді шығару әдіс­темесі» тақырыбында республи­ка­лық оқу-әдістемелік семинары мен «Алтын тұғыр» олимпиадасы өтті. Бұ­ған қоса жас педагогтердің шығар­ма­шылық әлеуетін дамытуға жағ­дай жасау, кәсіби көзқарасын қалып­тас­тыру бағытында «Дарынды бала­ларға арналған дарынды педагог» респуб­лик­а­лық педагогикалық олимпиадасы ұйым­дастырылды. Олимпиадаға еліміздің барлық аймағынан 357 мұғалім қатысты. Оның ішінде 180-і – ауыл мектептерінің педагогтері.

Биыл ауыл балаларынан, көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушылардан республикалық және халықаралық олимпиадалар мен жа­рыс­тардың, спорттық жарыстардың жеңім­паздарын дайындаған 1 092 үздік мұғалім марапатталды. Сондай-ақ елі­міздің үздік ұстаздары жергілікті жерлер­де марапатталып, ведомстволық наг­радалар­ды иеленіп, жыл сайынғы рес­пуб­лика­лық «Үздік педагог» байқа­уында бақ сынайды. Былтыр ерекше жетістіктері мен елге қызметі үшін 26 педагогке алғаш рет мемлекеттік награда – 1 мың АЕК көлемінде біржолғы төлеммен «Қазақстандық еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң­ның 9-бабының 4-тармағына сәйкес мұғалімдерге білім беру жүйесін дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін жергілікті атқарушы органдар наградалармен, сондай-ақ ақшалай сыйақылармен марапаттайды. Бұл ретте «Мың бала» ұлт­тық олимпиадасының қорытындысы бо­йынша олимпиадалардың жүлдегерле­рін дайындаған 3 792 ауыл мұғалімі дипломдармен марапатталғанын атап өткен жөн.

Жалпы, Балалар жылында ауыл балаларын дамытуға айтарлықтай көңіл бөлініп жатыр. Бұл атаулы жылдың аясында қолға алынған бастамалардың ауқымы кеңейіп, болашақта ауылдың ғана емес, елдің атын шығаратын азамат­тардың өсіп шығуына даңғыл жол ашылады деген үміт басым.