Қазақстандық ғалымның өнертабысының көмегімен шаруалар бірнеше жұмысты бір техниканың көмегімен жүзеге асыра алады. Сонымен қатар бұл отын шығынын 3 есе, газдың атмосфераға шығуын 2-3 есеге азайтады, ал өнімділік 10-15%-ға көбейеді. Инновациялық құрылғының Қазақстан және ТМД мемлекеттерінде баламасы жоқ.
«Мен еңбек жолымды ауылда бастадым және шаруалардың жұмысы қаншалықты ауыр екенін білемін. Шетелде тағылымдамадан өтуім, ауылшаруашылық өндірісіндегі көпжылдық еңбегім ғалым ретінде қалыптасуыма ықпал етті. Таяуда бұл әзірлемем жаппай өндіріске шығады деп сенемін», деп атап өтті Нұрлыбай Манабаев.
Ол «Болашақ» бағдарламасымен К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясында ғылыми тағылымдамадан өткен. Айта кетелік, ғалымның трактор тіркемесі жер жыртады, егістік тегістейді, арық қазады. Бұл техниканы жасауға темір де аз кетеді. Яғни 800 килоға дейін жеңілдейді. Ғалым техниканы патенттеп те үлгерген екен. Енді демеуші табылып жатса, жаппай өндіріске шығаруға әзір. Шымкент қалалық ауыл шарушылығы және ветеринария басқарма басшысының орынбасары Қайрат Базарбеков аталған жоба өндіріске енгізу мүмкіндігіне ие екенін жеткізді.