Аймақтар • 21 Қараша, 2022

Солтүстіктегі сұранысқа ие өнімдер

362 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл мамыр айында Петропавл қаласына жақын Қызылжар ауданының «Подгорное» ауылында толық қуатына енгенде айына 4,5 млн дана өнім шығара алатын кірпіш зауыты іске қосылды.

Солтүстіктегі сұранысқа ие өнімдер

«Кирпич» СК ЖШС құрылтайшысы Гарик Бернецянның айтуына қарағанда, кірпіш жасайтын жарақтар Испанияның бренді, бірақ Қытайда құрастырылған. Жаңа зауыт­тың екінші желісі іске қосыл­ғанда өн­діріс екі есе ұлғаяды. Зауыт құры­лысы мен жа­рақ­тандырылуға 1,8 млрд теңге инвестиция құйылған.

Бұл кәсіпорынның артықшылығы шикі-з­аты жақын жердегі кен орнынан тасы­мал­данады. Облыс әкімі Құмар Ақса­қалов зауыт­тың ашылу салтанатында тоғыз қабатты үй салу үшін шамамен 1 млн 800 мың дана кір­піш керек екенін айта келіп, зауыттың бір жыл­дық өні­мімен ғана 22 үй салуға болатынын жеткізді.

«Алғашқы кезеңде біз осы кәсіпорын­ның күшімен өңірдің кірпішке деген сұранысының 30 пайызын жабамыз. Сондықтан зауытты салушы кәсіпорынға мемлекет тарапы­нан өте үлкен көмек берілді. Атап айтқанда, «Солтүстік» ӘКК арқылы 8 жылға 4 пайыздық өсіммен 800 млн теңге несие бөлінді. Сыртқы істер министрлігі арқылы зауыттың жа­рақ­та­рын кеден салығынсыз өткізу жөнінде ин­вес­­ти­циялық келісім жасалды», деді Қ.Ақс­ақа­лов.

Қазір зауытқа бөлінген 5 гектар аумақ­­та жұмыс қызу жүріп жатыр. Өнім шикізатты төрт түрлі өңдеу тәсілдерінен өткіз­геннен кейін ғана дайын болады. Ал­дымен құм мен балшық арнайы көлемде қосылады, сосын еленеді, оған белгілі көлемде цемент пен су қосылған соң формаларға салынады. Сосын қорыт­паны пеште күйдіреді. Белгілі темпера­турада арнайы уақыт тұрған соң Солтүс­тіктің қызыл-қоңыр кірпіші дайын болады.

Зауытта 80 адам жұмыс істейді, ал екінші желі қосылып, толық қуатына енгенде жұмыс­шылар саны 200-ге жетуге тиіс деп болжанған. Зауыттың жылдық қуаты 40 млн дана кірпіш шы­ғаруға жетеді. Зауыт өнімдері басқа облыстарға да тасымалданып жатыр. Сұраныс болған соң зауыт қожайындары кәсіпорын қуатын арттыруды көздеп отыр. Өндірісті автоматтандыратын жарақтар алу жоспарланған.

Солтүстікқазақстандық «Mix Universal» компаниясы биыл құрғақ құры­лыс қос­паларды шығаруды қолға алды. Зауыттың жылдық өндіріс қуаты – осы өнімнің 13 мың тоннасын шығаруға жетеді. Мұнда жетіл­дірілген шетелдік технологиялар қолда­нылады. Соның нәтижесінде өнімнің сапасы да жақсы. Бұл құрылыс жұмыстарының өнімділігін арттырады және шаршы метрдің бағасын төмендетеді. Сондықтан да оған сұраныс жоғары. Зауыт құрылысына әзірге 70 млн теңге құйыл­ған. Кәсіпорынның директоры Әділет Әлібе­ковтің айтуына қарағанда, зауыт жалпы саны 10 түрлі өнім шығарады. Соның ішінде кафель желімі, гипс сылағы және т.б. бар.

«Біздің өнімдер алыстан әкелінетін базардағы өнімдердің бағасына қарағанда 20-30 пайызға дейін арзан. Өйткені өнімді өзіміздің шикізаттан жасаймыз. Құм, мрамор ұнтағы – бәрі өзіміздікі. Осы арқылы өніміміз арзан болып, бәсекелестікке тө­теп бере алады», дейді ол.

Қазір зауыт автоклавты газблоктар шыға­руға да кіріскен. Жұмыстың бәрі техникамен жасалады.

Солтүстіктің кәсіпкерлері халық тұты­натын тауарлар шығаруға да көңіл бөліп келеді. Соның ішінде «Радуга» ЖШС 2019 жыл­дан бері сабын шығарады. На­рық сұра­нысына жауап беретін кәсіп­орын іске қо­сылғаннан бері 4 мың тонна сабын шығарған.

Сондай-ақ Ирина Демидова басқа­ратын «РиМ-КазАгро» ЖШС жуырда ғана жылына 5 мың тонна қағаз өнімдерін шығаратын фабриканы іске қосты. Оған құйылған инвес­тиция көлемі – 2,5 млрд теңге. Жылдың соңына дейін фабрика 80 адамды жұмыспен қамтымақ.

 

Солтүстік Қазақстан облысы