Қазақстан • 21 Қараша, 2022

Қазақстандық десантшылар оқу жылын қорытындылады

373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің командалық құрамымен оқу-әдістемелік жиын өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық десантшылар оқу жылын қорытындылады

Екі күндік іс-шараға Алматы, Талдықорған, Қонаев гарнизондарынан 200-ге жуық офицер мен сержант қатысты.

р

Іс-шара десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің басшылығымен өтті. Жиынды ұйымдастырудағы мақсат – әскери бөлімдердің тыныс-тіршілігін ұйымдастыру, жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар өткізу алгоритмін, жоғары жауынгерлік әзірлікті және әскери тәртіпті сақтау жөніндегі іс-шараларды бірдей түсінуге келтіру болып табылады.

– Әлемде болып жатқан оқиғалар қалыптасқан жағдайды жан-жақты талдауға, қорғаныс қабілетін нақты нығайту және әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыру жөнінде кешенді шаралар қабылдауға міндеттейді, – деп атап өтті генерал-майор Алмаз Жұмакеев.

Құрамалардың, әскери бөлімдердің командирлеріне, олардың орынбасарларына және басқа да лауазымды адамдарға Қорғаныс министрі мен Қарулы күштер Бас штабы бастығының жауынгерлік әзірліктің, қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сақталуын, қару-жарақ пен әскери техниканың тиісті пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптары жеткізілді.

Техникалық қамтамасыз ету басқармасы ұйымдастырған практикалық сабақта далалық жағдайда автомобиль және бронды танк техникасын жөндеу бойынша оқу-жаттығу орындары орналастырылды. Жауынгерлік машиналарды жүргізуді ұйымдастыру, оларды теміржол платформасына тиеу және түсіру бойынша сабақтар өткізілді.

Жиын аясында ғылыми-теориялық конференция өтті. Онда қазіргі кездегі десантшылардың орындайтын міндеттері қаралды.

Әскер қолбасшысы жеке құрамның назарын Десанттық-шабуылдау әскерлерінің ел Қарулы күштерінің құрамдас бөлігі ретінде түрлі деңгейдегі және қарқындылықтағы әскери қақтығыстарға ғана емес, терроризмге қарсы әрекеттерге де дайын болуы керек екендігіне аударды.

Шара соңында 2022 оқу жылындағы қызметтің қорытындысы шығарылды. Жауынгерлік дайындықтың, қару-жарақ пен әскери техниканы күтіп ұстаудың және әскери тәртіптің жай-күйі бойынша 38-ші десанттық-шабуылдау құрамасы үздік деп танылды.