Қазақстан • 21 Қараша, 2022

ТүркПА президент сайлауын жоғары бағалады

392 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы миссиясының басшысы, Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының мүшесі Ербол Кая Қазақстандағы президент сайлауы әділдік қағидаттары мен халықаралық стандарттарға сәйкес өткенін растады, деп хабарлайды Egemen.kz.

ТүркПА президент сайлауын жоғары бағалады

«Сайлау халықаралық стандарттар мен құжаттарға сәйкес өткізілгеніне куә болдық. 2022 жылы 5 маусымда референдум өтіп, Қазақстан Конституциясының 33 бабына өзгеріс енгізілді. Референдумның нәтижелеріне сәйкес, Президент жеті жылдық мерзімге сайланады. Біздің делегация 17 қарашада кезектен тыс президент сайлауын бақылау бойынша жұмысын бастады. Сайлауды бақылау бағдарламасы аясында ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровпен, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевпен, Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановпен бірқатар кездесу өткіздік. Кездесулер барысында біз сайлауға дайындықты бақылап, қосымша ақпарат алдық, кандидаттармен де сөйлестік. Біз кандидаттардың бағдарламаларымен де таныстық», деді ТүркПА Парламенттік Ассамблеясы миссиясының басшысы журналистерге берген сұхбатында.

Ол ТүркПА мүшелері сайлау учаскелері ашылғаннан бастап дауыстарды санау басталғанға дейін сайлау процесін бақылағанын атап өтті.

«Сайлау күнінде Орталық сайлау комиссиясы бізге барлық нұсқаулықтарды берді. Жалпы сайлау тыныш өтті. Біз Қазақстан Президентін сайлау барысына оң баға береміз. Біздің делегация сайлаудың жоғары, кәсіби деңгейде өткенін растайды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалғаны да қуантады. ОСК деректеріне сәйкес сайлаушылардың белсенділігі 69,43%-ды құрады. Сайлаушылардың 81,31%-ы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берді. Біз сайлаудың ұлттық заңнамаға және халықаралық стандарттарға сәйкес өткенін растаймыз», деп атап өтті Ербол Кая.