Үйірменің ашылуына «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры мұрындық болып отыр. Қор директоры Нұргүл Үлжекованың айтуынша, бұл ойын өздігінен жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірге деген құлшынысын оятып, оңалып кетуіне септігін тигізеді.
– Елімізде ерекше балаларға арналған адаптивтік спорт секцияларының жұмысы жақсы жанданып келеді. Кемтарлығы бар балалар мен жастарды белсенді өмірге бейімдейтін «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы Қостанай облысында да жүзеге асырыла бастады. Басты мақсат – баланы спортқа қызықтыру арқылы ортаға бейімдеу, белсенді қимыл-қозғалысын қалыптастыру. Боччамен айналысқан баланың бұлшық еттері жақсы дамиды. Келесі жылы ақпан айында осы спорт түрінен облыстық жарыс ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Н.Үлжекова.
Бочча үйірмесіне ерекше қажеттіліктері бар 30-дан астам бала тегін қатысатын болады. Жаңа үйірмеден ата-аналар да үміт күтеді.
– Үйірменің ашылатынын естігенде қатты қуандым. Қанша дегенмен бұл жерде баламның дамуына қажетті жағдай бар ғой, – дейді Юрий есімді ерекше баланың анасы Марина Химичук.
Қостанайда тірек-қимыл аппараты зақымданған 250-ден астам бала бар.
Қостанай облысы