Біраздан бері көмескіленіп қалған бұл тақырыпты қозғауымыздың сыры неде? Депутаттар даурығып, қайраткерлер қайғырып, зиялылар зар қылып айтып жүргенде Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Қыркеңсе ауылында тұратын Әбсаттар Мырзабеков бір емес, үш әйел алып, үшеуінен ерген ұрпақтарын тарықтырмай асырап отыр. Ең қызығы, Мырзабеков мырзаның үш әйелі бір шаңырақтың астында ғұмыр кешуде.
Отағасы біреу, отанасы үшеу
Алпысты алқымдап қалған Әбсаттар аға үш әйелді еріккеннен не көрсеқызарлықтан алған жоқ. Бұл – басы ашық мәселе. Әбсаттар Мырзабековтің құдай қосқан алғашқы қосағы Шынар Өтеева. Екеуі әй-шәй деспей, ыдыс-аяғын сылдырлатпай, тату-тәтті өмір сүріп жатады. Бірақ апат та ажал секілді ғой, айтпай келеді. Шынар апайдың алғашқы нәрестесіне аяғы ауыр кезі екен. Жол-көлік апатына ұшырайды. Содан іштегі шарана шетінеп кетеді. Жарық дүниені көрмей кеткен ұрпағын ойлап қайғырған отбасына тағдырдың қайғылы тартуы бұл ғана емес-тін. Бәйбіше сол апаттың салдарынан бала көтере алмай қалады. Әрбір пенде жақсылықтан үмітті ғой. Мырзабековтер отбасы да Жаратқанның назары түсіп, ұрпақ жалғастырамыз деп үміттенеді. Бірақ «жазмыштан озмыш жоқ». Апаттың салдары қатты болып, Шынар апайдың құрсағына бала бітпейді.
Мырзабековтердің шаңырағында бесік тербелмейтінін айналаның бәрі біледі. Бұл да Шынар апайға оңай соқпайды. Содан ажырасуға бел буады. Азаматтың бағын байламайын дегені болса керек. Десек те, отағасы Әбсаттар бәйбішесінің бұл шешіміне үзілді-кесілді қарсы шығады. Оған қоса ата-енесі де Шынардай келінін шетке теппейді. Олар да қарсылықтарын білдіреді. Енді не істемек керек? «Бала асырап алыңдар» деп ақыл қосады біреулер. Жетімектің жасын сүртіп, отбасы бақытын сезіндіру сауапты іс қой. Дей тұрғанмен, отбасы өкілдері бұл шешімге тоқтала алмайды. Оның өзіндік себептері бар еді. Содан тығырықтан шығар жолды Шынар ханым айтады. «Отағасы төсек жаңғыртуы керек». Құр айтып қана қоймайды. Қалыңдықты өзі іздейді. Таңдап, талғап отбасына қосады. Екінші әйелден бірінен соң бірі өмірге балалар келеді. Олар бәйбішеден не тоқалдан туған деп айтылмайды. Ортақ қуаныш. Бірақ тағдыр деген қызық қой. Әбсаттар ағаның кіндігінен бірнеше бала өрбиді. Дегенмен, тізгінұстар келмейді өмірге. Құдай рахатты қыздан көрсете ме, әлде ұлдан бере ме, ол жағы тағы белгісіз. Бірақ, қазақ ұғымында соңында өміріңнің жалғасындай болатын ұл баланың орны бөлек. Содан бәйбіше мен тоқал келісе отырып, Әбекеңе үшіншісін әпереді. Солайша, Қызылорда облысының ауылында өмір сүріп жатқан Әбсаттар Мырзабеков үндемей жүріп, ұрандатып алға озбай-ақ үш әйелді бір шаңырақтың астында тату-тәтті ұстап отыр. «Екі сиыр айран, екі әйел ойран» дейтін қазақтың мақалы бұ кісілерге тіптен жат.
Жоғарыда айттық, Әбсаттар Мырзабеков әйелқұмар адам емес. Бәйбішеден кейін есік аттаған екі келіншекті де Шынар Өтееваның өзі әкелген шаңыраққа. Осы орайда Әбсаттар ағаның пікірі оқырмандар үшін қызықты шығар. Оқи отырыңыз.
– Үш әйелмен тұрып жатқанымыз рас. Ешкім қарсы емес. Барлығымыз бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір кешіп жатырмыз. Бұл мәселеге менің ешқандай қатысым жоқ десем, артық болар. Бірақ әйел алуда бәйбішенің шешімі басты рөл атқарады. Екі әйелмен қосқан да сол кісі. Өзара келісім болғаннан кейін, бір үйдің адамындай тұрып жатырмыз. Әйел алу оңай ғой. Бірақ оларды асырау керек. Бала-шағаңды тарықтырмай, оқытып-шоқытып, білім беріп, үйлі-баранды ету де парыз. Сондықтан ер азамат екінші әйел алудан бұрын өзінің материалдық жағдайына да қарауы керек.
Оқушы қауым «Әбсаттар Мырзабековтің материалдық жағдайы қандай?» деп ойлап отырған да шығар. Айтайық. Әбсаттар ағаның басты байлығы алдындағы малы. Қора-қора қойы, табын-табын сиыры, үйір-үйір жылқысы бар. Түйесі де жеткілікті. Ауыл маңындағы біраз жер осы кісіге тиесілі. Егіндігі, шабындығы аралас. Бау-бау жүзім мен бақша салады. Жеке шаруашылығын шыр айналдырып отырған фермер. Сондықтан үш әйелді ешкімнің қолына қарататындай емес. Балалары да алақан жаймайды. Дәулетті, әулетті азамат. Тағы да қайталап айтамыз, ол кісі үш әйелді байып, асып-тасығаннан алып отырған жоқ. Тағдырдың жазмышы солай.
Осы орайда Шынар Өтееваның да пікірін тұздық еткенді тәуір санап отырмыз.
– Жан-жақтан түрлі хаттар келіп жатады бізге. Солардың басым бөлігі «бір шаңырақ астында үш әйел қалай өмір сүреді? деген сұрақты қояды. Ұрысып-таласатын, бөлісе алмайтын ештеңеміз жоқ. Отағасының төсек жаңғыртуына өзім мұрындық болдым. Сондықтан менің жоқ жерден ұрыс шығаруға қақым жоқ. Ал, екі келіншек біздің жағдайымызды жақсы білді. Келісіммен келді. Сол себепті олар да кеуделеп алға ұмтылмайды. Той-томалаққа бірге барамыз. Отағасы бірімізден бірімізді бөліп жармайды. Бәрімізге бірдей қарайды. Кейде жолдастарымыздың арасында отырғанда «төрдегі төртеуге бір табақ тартыңдар» деп қалжыңдаймыз. Солайша, тату-тәтті, ың-шыңсыз өмір сүрудеміз. Өз басым көбіне сырттың жұмыстарына жауап беремін. Екі келіншек үй шаруасымен айналысады. Бір-біріне септесіп, көмектесіп жүреді. Біздің Әбекең ақ көңіл, ешкімге жамандық ойламайтын азамат. Алдымен өзіне емес, өзгеге көмектесіп, қолұшын бергенді қалап отырады. Алла тағала осынша игілікті сол кісінің көңіліне қарап берген шығар деп те ойлаймын кейде.
Осылай деген бәйбіше «қазір заман жақсы. Азаматтардың табысы да аз емес. Сондықтан қазіргі жігіттер кем дегенде екі әйел алып, соларды асырауға шамалары жетеді деген ойдамын. Келіндердің құлағына алтын сырға: іштарлық жасаудың еш қажеті жоқ. Өйткені, адамның адамға зияны болмайды. Қайта бір-бірлеріне қолғабыс болып, апалы-сіңлідей араласып кетеді» деген пікірін қоса айтады. Біздіңше, бұрынғы қазақ бәйбішелерінің бәрі осы Шынар апай секілді ойлаған шығар-ау.
Тоқал алу: себеп пен салдар
Мыразбековтер отбасындағы жағдай осындай. Әгәрәки әңгімемізді осылай түйіндей салсақ, тұздығы татымсыз болар еді деген ой келеді. Сондықтан қоғамдағы екі әйел алуды жақтау мен даттауға қатысты пікірлерді саралап көрсек дейміз.
Бүгінде тастанды бала мен көкек ананың саны артпаса, азаймай тұр. Қоғамның бетіндегі безеудей болған осы мәселенің шығу тегі қайда жатыр? Әрине, оның бәрі зинақорлықтың салдарынан екенін бізсіз де білесіз. Осы күні оң жақта отырып қалған қыз түгілі, енді бойжеткен қыздарға да көз сүзетін ер-азаматтардың бары рас. Көрсеқызарлық шығар, отбасын оң жаққа қойып, сол жақтан қызық тауып жүрген еркек кіндіктілер де жетерлік. Бір күндік қызықтың соңы баланы жетім етеді. Қызды кісәпір қылады. Осындай жағдаяттарды ойлағанда, ер-азаматтардың екі әйел алуын заңмен бекітіп берген дұрыс па дейміз. Екі әйел алған адамның үшіншісіне еміренуі екіталай деген емеурін біздікі. Әйтпесе, ар мен ұятты ысырып қойған кейбір азаматтардың онымен де шектелмей, қызық қуып кетуі де ғажап емес.
Екі әйел алу мәселесіне келгенде ер-азаматтар шариғатшыл бола қалады. Әншейінде танауын сыраға батырып отыратындарға дейін шариғаттан соғып, Құраннан мысал келтіре бастайды. Сондағы айтатындары «шариғатта төрт әйел алуға дейін рұқсат етілген». Рас сөз. Жалғандығы жоқ. Дегенмен, сол шариғатшылар өздері айтып отырған сөзді толық білмесе керек. Өйткені, ислам діні шаңырақ көтеруді төрт әйелмен шектеген. Қасиетті дініміз түспей тұрғанға дейін араб елдерінде әйелді адам санамағаны белгілі. Қысқасы, әйелдің бағасы болмаған. Сондықтан араб азаматтары қалаған уақытында әйел алып, оны қалаған уақытында сатып жіберіп отырған. Осының салдарынан бір азаматтың өзі ондаған әйелмен шаңырақ көтеретін жағдайға жеткен. Ал, ислам діні оны төрт әйелмен шектеген. Сол заман тұрғысынан алып қарасақ, онда асыл дініміз аналарымыздың құқын қорғағанын көреміз. Сондай-ақ, көп әйел алушылыққа да тосқауыл болғанынан хабардар боламыз. Және мұндай жағдайлар тек араб елдерінде болды деу, асығыстық. Өйткені, көне Қытай елін зерттеушілер қызық сұраққа тап болған. Көне қытайлар «әйел деген адам ба?» деген сұрақтың төңірегінде көп пікірталасқан екен. Ол аздай «әйел адам болғанмен, оның жаны еркектің жанымен тең бе, әлде хайуанның жанымен тең бе?» деген де сауалдар болыпты. Көне Римде де көп әйел алушылыққа ұрынып, шектен шыққан замандар болғанын тарихтың өзі айтады. Бұдан шығатын қорытынды: ол заманда әйелді адам санамаған. Ал ислам діні әйелдің орнын, бағасын белгілеп берген бірден-бір дін болып саналады. Енді біздің шариғатшыл жігіттер айтатын сөздің толық нұсқасы мынадай: «Төрт әйел алуға рұқсат етілген. Бірақ сендер үшін бір әйел қайырлы». Қасиетті Құранның өзі бір әйелдің қайырлы екенін айтып отыр. Яки, «кіммен қарайсаң, сонымен ағар». Осы тұрғыдан алғанда, азаматтар Құраннан өзіне керек тұсын алып, керек емесін елемеуі аса құптарлық іс емес. Қош делік. Қасиетті кітапты алға тартып, бәйбішесін көндіріп, тоқал алып жатқандар да жетерлік шығар. Дегенмен, төрт әйел алудың да өзіндік шарттары бар. Мысалы, шарасыздық. Алғашқы алған әйелің бала көтермейтін болса немесе аса ауыр ауруға шалдықса, онда тоқал алуға еш кедергі жоқ. Ал өзінен өзі тойынып, тояттану үшін тоқал алуға ұмтылуды асыл дініміз қолдай қояды дей алмас едік. Әбсаттар Мырзабеков осындай шарасыздық салдарынан үш әйел алып отыр. Осыны да ескерген жөн.
Батыс елдерінде екінші әйел алу деген мәселе жоқ. Өйткені, олар оны заңмен бекітіп тастаған. Еуропа елдерінде бір әйел алуға ғана рұқсат. Америкаңызда басы бос бойжеткенге қол жүгіртсеңіз, арты үлкен дауға ұласып, сотталып кетесіз. Десек те, заңмен бекітілген аталған жағдайдың да кері әсер беретін тұстары бар. Мәселен, Еуропада жезөкшелік, зинақорлық асқынып кеткен. Оны айтасыз, әйел мен әйелдің, еркек пен еркектің қатынасы да осының салдары болуы ықтимал. Пенденің өзі тыйым етілген нәрсеге ұмтылмай ма? Айталық, Адам Ата мен Хауа Ана жұмақтағы тыйым салынған алманы жеді. Сол әрекеттері арқылы жұмақтан қуылды. Енді біздің бәріміз осы Адам Ата мен Хауа анадан тараймыз. Тыйым салынған дүниеге ұмтылу әрбіріміздің бойымыздан табылуы да сондықтан шығар.
Тоқал алуға рұқсат беру арқылы қоғамдағы жезөкшелік пен зинақорлық, балалардың жетім қалуы тоқтайды деп толықтай айта алмаймыз. Сондай-ақ, отырып қалған қыздардың барлығы өз теңдерін тауып, бақытты болып кетеді деуге де келмейді. Бірақ біз осы арқылы бірталай проблеманы толықтай болмаса да, жартылай шеше алатын сияқтымыз. Сол себепті екінші әйел алу мәселесі қоғамның бетіне қайта-қайта шыға беретін болса керек. Әйтпесе, Қазақстанда одан басқа проблема жоқ дейсіз бе?!.
Түйін: Әбсаттар Мырзабеков ағамыз туралы еріккеннен жазғанымыз жоқ. Арамызда осындай азаматтың бар екенін ел білсін деген ниеттен туындап отыр. Басқа ер жігіттер «болмаса да, ұқсап бақсын» дейміз. Шамалары жетпесе, бір әйелден қайыр тауып, өзін де, өзгені де күнәға батырмай тыныш жүргені абзал. Ал тоқал алуды заңдастыру не заңдастырмау бізге байланып тұрған жоқ. Ол Парламенттің «бас ауруы».
...Екі әйелдің ойран я айран болуы бәйбішеге байланысты екен. Біз Шынар Өтееваның сөзі мен әрекетінен соны түсіндік...
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.