Экономика • 23 Қараша, 2022

Оралда жасалған жаңа пеш

340 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық округінде су жаңа мұнай жылыту пеші іске қосылды. Пешті «ҚазТрансОйл» компаниясының тапсырысы бойынша Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы жасаған. Бұл – Қазақстанда жасалған алғашқы мұнай жылыту пеші.

Оралда жасалған жаңа пеш

Айта кетейік, құбыр арқылы тасымалданатын мұнай өнімдері, әсіресе, қыс күндері қоюланып, қатып қалмауы, құбырдан жеңіл өтуі үшін жылытылып отырады. Мұндай жылыту пештері әдетте әр 100 шақырым сайын орналас­тырылады. Кейінгі кезде мұндай пешке сұраныс артты, себебі соңғы халықаралық оқиғаларға байланысты шетелдік зауыттар жабылып қалған. Ал елімізде, тіпті ТМД аумағында мұндай күрделі қондырғыны жасайтын өндіріс орны жоқ.

Сөйтіп, Орал қаласында орналасқан «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ қызметкерлері жаңа жобаға кірісіп кетті. Пешті жобалау, дайындау, монтаждау және іске қосу секілді күрделі тізбекті толық өздері атқарып шықты. КСРО кезінде «Металлист» атымен танымал қару-жарақ зауыты соңғы жылдары бағытын кеңейтіп, нарықта сұранысы бар бірнеше жобаны қолға алған болатын. Ал мына PPN-10 мұнай жылыту пеші – Батыс Қазақстан машина жасау компаниясын жаңа қырынан көрсетті деуге болады.

– Біздің пешіміз барлық сы­нақтан сәтті өтіп, қолданысқа ен­гізуге қауіпсіз деп танылды. Бұл бү­кіл ТМД аумағында теңдесі жоқ ірі жоба. Біз «ҚазТрансОйл» ком­па­ниясының тапсырысын алған соң, барлық мүмкіндікті, ресурс­ты жұ­мылдырып, осы құрылғыны жа­сауға тәуекел еттік. Еңбегіміздің нә­ти­­жесі күткендегіден де асып кет­ті. Өндірістік қуаты жоғары, өрт қа­уіп­сіздігі күшейтілген мұнай қыз­дыратын автомат­тан­дырылған PPN-10 пеші қашықтан басқарылады. Сонымен қатар өртті азоттың көме­гімен сөнді­ре­тін автоматтық стансамен жа­сақ­талған. Бұл пештің пайдалы әре­кет коэффициенті 85 пайызға дейін көбейтілген. Сағатына 825 текшеметр мұнай өткізуге қау­қарлы, – дейді «БҚМК» АҚ бас директоры Азамат Битурин.

Жаңа пештің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облы­сы­ның әкімі Ғали Есқалиев, «Қаз­ТрансОйл» АҚ бас директорының орынбасары Сәбит Арынов және «БҚМК» АҚ бас директоры Азамат Битурин бастаған компа­ния қызметкерлері қатысты.

Ғали Есқалиевтің пікіріне қа­ра­ғанда, зауыттың жаңа өнімі тек об­лыс­тың емес, бүкіл еліміздің машина жасау саласын дамытуға қос­қан зор үлес.

– Бүгінде Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы еліміздің мұнай-газ секторы саласына қа­жетті жоғары технологиялық жабдық­тар­ды әзірлейтін және өндіретін жетекші кәсіпорынға айналды. Мұн­дай инновациялық жабдықты өндіру біздің өңірде жоғары білікті техникалық кадр­лардың жеткілікті екенін көр­сетеді. «БҚМК» бұрынғы «Ме­тал­лист» қару-жарақ зауытының мәртебесін сақтай отырып, өн­дірістік қуатын арттыру арқы­лы азаматтық өнімдердің жаңа түрлерін игере алды. «Қаз­Транс­Ойл» АҚ-ның біздің ком­паниямызға деген сенімі үшін алғыс білдіремін. Мұндай нә­ти­же­лі ынтымақтастықтың бола­ша­ғына зор сенім білдіре отырып, алдағы уақытта тапсырыстардың одан әрі арта түсуіне тілектеспін, – деді облыс әкімі.

Оралдық конструкторлардың біре­гей әдістері қолданылып жасал­ған PPN-10 мұнай жылыту пешінде қазақстандық қамту үлесі шамамен 80%-ды құрайды. Бұл Орал зауытына жергілікті нарықтағы шетелдік аналогтармен бәсекелесуге мүмкіндік береді дейді мамандар.

 

Батыс Қазақстан облысы