Аталған технология туралы ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин айтып берді. Оның айтуынша, жобалау кезінде әр аймақтың климаттық жағдайы мен температурасы әрі қозғалыс қарқындылығы ескеріледі. Жаңа технология өз кезегінде эксплуатациялық сипаттамаларды арттыруға мүмкіндік бермек.
«Қазір бізде тек 3 климаттық аймақ, битумның 2 маркасы ескеріледі. Ал Superpave технологиясында 10-15 климаттық аймақ қарастырылады. Әрбір өңір үшін асфальтбетон қоспалары, битум, қиыршық тастың жекелеген құрамы құрылады», деді Төлеген Абдуллин.
Бұл жаңашылдық Мемлекет басшысының автожол саласын реформалау тапсырмасын орындау мақсатында енгізілмек. Сонымен бірге Төлеген Абдуллин автожол жобаларын EPCM келісімшарты қағидатына іске асыру және көшіру туралы айтып берді. Аталған келісімшарттың негізгі артықшылығы – оның құны техникалық-экономикалық негіздемеге және жоба-сметалық құжаттамаға байланбай, ірілендірілген бағалар бойынша айқындалады.
EPCM келісімшартының қағидаты бойынша бір орындаушы жобаның толық өмірлік циклін жүзеге асырады, яғни жобалау сатысынан бастап осы учаскені одан әрі 10 жыл бойы күтіп ұстайды. Бұл ретте орындаушы жобаны іске асырудың барлық тәуекелдерін, оның ішінде қымбаттау бойынша міндеттемелерді өз мойнына алады.
Бұдан бөлек автожол келісімшарттарына FIDIC халықаралық ережелерінің талаптарын енгізу мәселесі пысықталуда.