Аймақтар • 23 Қараша, 2022

Атырау-Астрахань тас жолының 72 шақырым жеріне асфальт төселді

248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аталған бағытта автокөліктердің қауіпсіз қозғалысы ұзындығы 132 шақырымға жететін 6 учаскеде қамтамасыз етілген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырау-Астрахань тас жолының 72 шақырым жеріне асфальт төселді

Қазір Атырау-Астрахань автожолында жол-құрылыс жұмыстары 4 учаскіде жүргізіліп жатыр. Бұл құрылысты іске асыруға 5 асфальтбетон зауыты, 470-тен астам арнайы техника және шамамен 600-ге жуық маман тартылып отыр. Учаскелер бойынша жол қозғалысы асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселген бойда ашылып отырады. Биылғы маусымда 72 шақырымдай жерге асфальт төселді.

Тұтастай алғанда, қазір қауіпсіз жол жүрісі 277 шақырымның 132 шақырым жеріне дейін қамтамасыз етілген. Оның ішінде Жанбай ауылынан Аққыстау ауылына дейін 19,5 шақырым, Құрғақ көпірінен 17-ші разъезге дейін 15 шақырым, Байшақа көпірінен Исатай ауданының шекарасына дейін 15 шақырым, Құрманғазы ауданының шекарасынан Атырау қаласына қарай 18 шақырым, Тұщықұдық және Жанбай кенттерінің ішінде 4 шақырым, сонымен қатар Ресей Федерациясының шекарасынан (Астраханьға) Атырау қаласына қарай 60 шақырым жерге дейін сапалы жол қозғалысы ұйымдастырылған.

Сонымен қатар барлық 14 мал өткелінің құрылыс жұмыстары аяқталды.

Атырау облысында тас карьерлерінің болмауы құрылыс жұмыстарының тежеліп қалудағы негізгі проблемалардың бірі екені белгілі. Барлық қиыршық тасты теміржол арқылы әкелуге тура келеді. Уәкілетті органдармен келіссөз жүргізу арқылы қажетті материалды тасымалдауға ашық вагондарды беру мәселесі ішінара шешілгенін айта кету керек. 24 мың ашық вагон қажет болып тұрғанын ескерсек, оның тек жартысы, яғни 11,5 мың ашық вагон ғана ұсынылыпты. Спикерлердің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстарының барысына жыл сайынғы жазғы маусымдағы битум мен жағармай материалдарының тапшылығы теріс әсер етіп келеді.