Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
1917 жылы ақпан төңкерiсiнен соң ақ патша тақтан түсiп, Уақытша үкiмет орнаған тұста қазақ сахарасының шығысында Семей қаласы ұлт-азаттық қозғалыстың ең қуатты орталығына айналған едi. Осы жылдың көктемiнде елiмiзде жаппай облыстық, уездiк және болыстық деңгейде қазақ комитеттерiнiң құрылуына байланысты Алаш қайраткерлерiнiң шақыруымен Биахмет Сәрсенов Семейге келедi. 7 наурызда Семей облыстық қазақ комитетi шұғыл түрде құрылып, өзiнiң ұйымдық-құрылымдық шараларын өткiзедi. Көп ұзамай Уақытша үкіметтің Семей облыстық басқару органының құрамына Халел Ғаббасов, Биахмет Сәрсенов, Әлімхан Ермеков мүше болып енді. Сондай-ақ Биахмет Сәрсенов пен Нарманбет Орманбетовтің белсене қатысуымен Семей облысының Павлодар және Қарқаралы уездерінде қазақ комитеттері құрылды.
Биахмет Сәрсенов Семей облыстық қазақ комитеті құрамында белсенді қызмет атқара жүріп, Орынборда Бірінші және Екінші жалпықазақ съездерiнiң өтуiне, «Алаш» партиясының құрылуына, облыста Земстволық басқару жүйесiнiң енгiзiлуiне, қысқасы ұлттық саяси қозғалыстың өрлеуiне ерекше ықпалын тигiздi. Мысалы, 1917 жылдың шiлде айы соңында Орынборда өткен Бірінші жалпықазақ съезiнде Ресей құрылтай жиынына ұсынылғандардың тiзiмiне Семей облысы атынан Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасовтармен бiрге ол да енеді. Осы съезде алғаш рет болашақ «Алаш» партиясын құру туралы мәселе көтерiледi. 1917 жылы қазан айында Том қаласында өткен Сiбiр автономистерінің съезiне қатысып қайтқан Алаш көсемi Әлихан Бөкейхан жергiлiктi қазақ комитеттерi, Мұсылман мұғалiмдер одағы, «Жанар», «Талап» секiлдi бiрнеше қоғамдық-саяси ұйымның көмегiмен Семейде «Алаш» партиясының облыстық комитетiн құрады. Тағы да осы «Алаш» партиясының облыстық комитетi атынан Ресей құрылтай жиынына депутаттыққа ұсынылғандар арасынан Биахмет Сәрсеновтің де есiмiн көремiз. Бұл жолы Әлихан Бөкейхан аталған жиынға депутаттыққа Орынбордағы «Алаш» партиясы облыстық комитетінің тiзiмi бойынша ұсынылды.
Семей облыстық қазақ комитетi (төрағасы Р.Мәрсеков, кейiн Ә.Ермеков), «Алаш» партиясы (құрметтi төрағасы Ә.Бөкейхан, төрағасы Х.Ғаббасов), Мұсылман мұғалiмдер одағы (төрағасы М.Тұрғанбаев) тәрiздi саяси-қоғамдық ұйымдардың ел өмiрiндегi оқиғаларға белсене араласып, ерекше табандылық танытуының нәтижесiнде 1917 жылдың қараша айында уездiк Земстволық жиынға депутат сайлау науқаны өте сәттi өтедi. Семей уездiк Земстволық жиынына депутаттыққа өзге ұлт өкiлдерiне қарағанда қазақтар көбiрек сайланды. Мысалы, олардың арасында елге танымал Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Биахмет Сәрсенов, Әнияр Молдабаев, Ахметжан Қозыбағаров, Райымжан Мәрсеков, Нәзипа Құлжанова, Көкбай Жанатайұлы, Иманбазар Қазанғапов, Мұстақым Малдыбаев секілді ұлт зиялылары болды.
Биахмет Сәрсенов Семей уездiк Земствосы атынан К.Ляшкевич, Ә.Молдабаев, И.Әлiмбеков, Т.Ибрагимов, М.Просековпен бірге облыстық Земствоның депутаттығына да сайланған. Дәл осы мезгiлде Семейдiң Алаш бөлiгiндегі қалалық Думаға депутаттар сайлауы өткiзiледi. Алаш қалалық Думасының мәжiлiсiнде төрағалыққа – Б.Сәрсенов, орынбасарлығына М.Малдыбаев, қала басшылығына П.Шевченко, оның орынбасарлығына А.Ерыкалов, хатшылығына К.Грязев, ал басқарма мүшелерi болып А.Бейсекеев, Н.Үйсiмбаев сайланады.
Семей өңiрiнде ұлттық бiлiм беру жүйесiн қалыптастыру iсiнде, сондай-ақ 1917 жылы желтоқсанда Орынборда өткен Екiншi жалпықазақ съезiнде қабылданған бағдарламаны жүзеге асыру кезiнде де Биахмет Сәрсенов Алаш зиялыларымен бiрге елдік шаралардың бел ортасында жүрдi. Мәселен, осы съездiң қаулысына сай Ахмет Байтұрсынұлы басқарған арнайы оқу комиссиясына М.Жұмабаев, Е.Омаров, Б.Сәрсенов, Т.Шонанов мүше болып ендi. Ал енді 1920 жылдың тамызында Қазақ АКСР-і құрылғанда ол Халық ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қызметіне кіріседі.
1921 жылдың 31 қаңтарында Орынборда Ахмет Байтұрсынұлының төраға, Биахмет Сәрсеновтің хатшы ретінде, Әлихан Бөкейхан, Елдес Омарұлы, Хайритдин Болғанбайұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Файзолла Ғалімжанұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сәдуақас Сейфоллаұлы, Сабыр Айтқожаұлы, т.б. қатысқан 1-ші және 2-ші буын мектептер үшін оқу құралдарын даярлауға байланысты арнайы мәжіліс өтеді. Мәжілістің қаулысы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнін жазу Ахмет Байтұрсынұлына, арифметика Мәннан Тұрғанбаевқа, геометрия Биахмет Сәрсеновке, жаратылыстану Елдес Омаровқа, физика Файзолла Ғалімжанұлына, география Әлихан Бөкейханға, қазақ-қырғыз тарихы Мағжан Жұмабаевқа, жалпы тарих Хайретдин Болғанбайұлына, мектеп гигиенасы Жұмағали Тілеулинге, алгебра Елдес Омаровқа, педагогика Мағжан Жұмабаевқа, дидактика Жүсіпбек Аймауытұлына, хрестоматия Сәкен Сейфуллин мен Жүсіпбек Аймауытұлына, көркемсөз теориясы Мағжан Жұмабаевқа жүктеледі. Аталған оқу кітаптары дер кезінде жазылып, басылып шығып, 1928-1929 жылдарға шейін қазақ мектептерінде оқу құралы ретінде пайдаланылып келді.
Азаматтық қарсыласу жылдары Алашорда үкiметi құрамында қызмет етiп, облыстық Земство басқармасында халық ағарту бөлiмiнiң қазақ бөлiмшесiн басқарған, одан кейінгі уақытта Халық ағарту қомиссарының орынбасары қызметін атқарған Биахмет Сәрсенов ұлттық мектептердi ашу және оларды қаржыландыру, қазақ балаларын оқуға орналастыру, қажеттi оқулықтармен қамтамасыз ету сияқты қыруар маңызды істермен айналысты. Сол жылдары ол мемлекеттік қызметпен айналыса жүріп, Семейдегi мұғалiмдер семинариясында, Алаш қаласындағы қысқа мерзiмдi педагогикалық курстарда сабақ бердi. Сондай-ақ «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерiне үзбей мақала жазып тұрды. Мысалы, Биахмет Сәрсеновтің «Автономия кеңесi», «Бiрiккен елде – береке», «Азық-түлiк», «Россияда осы күнде зор мәселе азық-түлiк» атты т.б. мақалалары сол уақыттың өлшемімен алып қарағанда ұлт мүддесiмен үндес әрi дер кезiнде жазылуымен құнды болып есептелдi.
Алаштың ақиық ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров Әлихан, Халел, Әлiмхан сынды бiр топ Алашорда үкiметi басшыларын халыққа таныстыру өлеңiнде Биахмет Сәрсенов туралы:
Бiреуi Биахмет Сәрсенұлы,
Ыңғайлы, қырғиға ұқсар көрсең түрi.
Түрiнен де, сөзiнен, жүрiсiнен,
Екенiн бiле алмайсың қандай қыры.
Ақылы да оның көп, айласы да,
Көңiлiнiң жылдам сезгiш айнасы да.
Бар дейдi бұрынырақ ұмтылатын,
Түлкiдей жалт ететiн таймасы да.
Iсi де, таланты да қалыспайды,
Жұмсаса тегiс халық пайдасына.
Жастардың бiреуiнен кейiн емес,
Қазақ деп жүрегiнiң қайнасы да.
Халел мен Әлiмханды ай деп айтсақ,
Шолпандыққа жарайды ай қасында.
Әуелден қатарынан туысы артық,
Сондықтан күн-күн сайын
барады артып.
Iлiмнiң аймағында жоқты дағы,
Ерiксiз тумысымен алар тартып, – деген өлең шумақтарын арнаған екен. Амал не, осындай турашыл, өткір, ақылды, жiбектей мiнезiне қарап бүкiл қазақ Бияш деп еркелеткен Биахмет Сәрсенов өмiрден ерте кеттi. Ол 1921 жылы Орынборда небәрi 36 жасында науқастан қыршын кетті.
Семейдегi губерниялық «Қазақ тiлi» (қазiргi «Семей таңы») газетiне жарияланған Алаш қайраткері Жүсiпбек Аймауытұлының «Бияш» атты қазанамасында, шын мәнiнде Биахметтiң ұлт мүддесi жолындағы еңбегiне үлкен баға берілді. Бұл қазанаманы алғаш белгiлi ғалым-филолог Арап Еспенбетов төтешеден аударып, жұртшылыққа таныс еттi. Онда: «Өткен июльдiң 17-інде Орынбор қаласында Қазақстан оқу комиссариатының басқарма мүшесi Биахмет Шегедекұлы Сәрсенов оба ауруынан қаза болды.
Ол Семейде учительская семинарияны бiтiрiп, алғашқы кезде ел iшiнде, ауылдағы школада бала оқытып, соңынан әкiмшiлiк iсiне кiрiскен. 17-шi жылы революциядан кейiн қазақ азаматтары әлеумет жұмысына араласып кеттi. Бияш та солардың iшiнде областной қазақ комитетiне мүше болып, Павлодар уезiнде комитеттер сайлады. Алашорда, Земство болған замандарда Бияш көрнектi орында қызмет еттi. Семейге 1920-шы жылы совет үкiметi орнаған соң, Бияш Орынборға кеттi. Онда алғашқы уақытта соғыс комиссариатының саяси бiлiм беретiн жұмысын басқарып жүрiп, артынан оқу комиссариатына шығып едi. Ол басқа қызметтермен қатар, Семейде ашылған мұғалiмдер курсында, қазақ семинариясында, Орынбор курстарында оқытушы болып жүрдi.
Әлеумет iсiне қатысқандықтан айыпталып Колчак тұсында, соңғы кеңес өкiметi тұсында абақтыға да жатып шықты.
Бияш қазақша айтқанда сегiз қырлы, өнерлi жiгiт едi. Алған орысша бiлiмiне қарағанда, шын мағынасымен педагог (тәрбиешi) едi...
Төңкерiс заманға душар боп, әлеумет iсiне оқығаны аздықтан қазақтың ана жұмысы да, мына жұмысы да Бияшты керек қылды, сүйредi. Оның араласпаған қызметi болмады. Қандай жұмысқа кiрiссе де, тереңiнен бiлiп, тез бiтiретiн Бияш болатын.
Ол әкiмшiлiк iске өте жетiк, тағатты, құнтақты болатын... Ол орны толмайтын дипломат (елшi) едi... Ол ақылды едi..., сөзге шешен болатын. Оның тағы бiр қасиетi: нашарға, мұқтаж шәкiртке, жолдас арасында жүрегi қайырымды, қолы ашық болатын... Ол досшыл, жолдасшыл, еркөңiлдi, жолдасы үшiн, елi үшiн қатерлi жерде жалғыз қалуға жарайтын, жанын қиюға шыдайтын ер едi.
Ешнәрседен тауы шағылып тез қайтпайтын, қажымайтын, қунақы, пысық едi. Бияш – алмас қылыштай, қыран, қаршығадай жiгiт едi.
Бияштың қызметі, Бияштың адамшылық мінезі, қалжыңы жолдастары арасында көпке шейін ұмытылмас, жоқтар. Оны іздемеске болмайды. Оқу комиссариатының қандай iсi болсын, бiр өзi басқарып бара жатыр едi. Әкiмшiлiк жұмыста арқасы босағандай болып, Ақаң (Ахмет Байтұрсынұлы) Бияшқа сенiп отырушы едi. Ендi...
Төңкерiс заманында талай жiгiттер шығын болды, тағы талайлар шығындалар. Бiрақ Бияш сықылды жiгiттен айырыла беру – аса шымбайға батарлық қайғы, өкiнiштi қаза. Марқұмның арттағыларына сабырлық берсiн», деп жазылды.
Ал сол жылдары Ташкентте шығып тұрған «Ақжол» газетi редакциясының басқармасы Биахметтің мезгілсіз қазасы туралы: «Қазақ елiнiң көгiндегі үркердей азғана жұлдыздарының бiрi сөндi. Биахмет сол санаулы жұлдыздардың арасындағы ең жарық, нұрлы көрiнгендердiң бiреуi едi. Оның өлiмi қазақ жұрты үшiн орны толмайтын қаза, қаруы қайтпайтын шығын», деп көңiл айту бiлдiредi.
Өкiнiшке қарай, 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргiннiң зобалаңы оның әкесi Шегедек байдың әулетiнен тарайтын ұл-қыздарды да сырт айналып өтпедi. Жалпы, Шегедектiң екi әйелiнен жетi ұл, жетi қыз тарайды. Осы жетi ұлдың iшiнде Биахмет, Жанахмет, Қалел және Дәлел, Салық орысша-қазақша оқыған, саяси сауатты азаматтар болды. Мәселен, солардың бірі Дәлел Сәрсенов те Алаш қозғалысына белсене қатысқан қайраткер болды. Айталық, «Список организаторов Алашского конного партизанского полка, участников организации против Советской власти в 1918 г. правительства Алаш-Орды» атты ресми құжатта Биахмет Сәрсеновке қоса «Д.Сәрсенов (брат Биахмета)» деп оның iнiсi Дәлелдiң де есiмi қатар аталады.
Дәлел Сәрсенов те алдыңғы жасы үлкен ағалары Биахмет пен Жанахмет секілді Семей мұғалімдер семинариясын үздік бітіріп, Алашорда үкіметі тұсында оқу-ағарту мәселелерімен айналысты. 1920 жылдары Ташкент қаласындағы Орта Азия университетін тәмамдап, сонда Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов және тағы басқалармен бірге сабақ берді. 1925 жылы Қазақ ағарту институты, одан соң мал шаруашылығын зерттеу институтының директоры қызметтерін атқарды. Ол туралы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақтияр Сманов «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Ұрпаққа – аманат, бұрмалау – қиянат» атты мақаласында: «Ташкентте алдымен Өлкелік курс, одан педучилище, соңынан Казинпрос болып ашылған бұл институтта 1922 жылдың
1 қарашасынан бастап Қызылорда қазағы Сегізбай Айзұнов, 1925 жылдың 23 мамырынан 1926 жылдың шілдесіне дейін еліміздің шығысындағы Зайсан жерінің перзенті Дәлел Сәрсенов директор болып басшылық етеді. 1926 жылдың 2 маусымында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің «Қазақ АКСР-інде жоғары оқу орнын ұйымдастырудың қажеттігі туралы» қаулысы қабылданады. Соның негізінде Ташкенттегі ағарту институты «Қазақ педагогикалық институты» мәртебесіне ие болады. Дәлел Сәрсеновтен кейін 1926 жылы 13 шілдеден бастап жаңа мәртебеге ие болған оқу орнының директоры болып Темірбек Жүргенов тағайындалады», дейді.
Осы жылы Ташкентте ашылған тұңғыш қазақтың жоғары оқу орны негізінде 1928 жылы Алматыда Қазақ педагогикалық институты құрылды, 1935 жылы бұл жоғары оқу орнына Абай есімі беріліп, қазіргі уақытта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті деп аталады. Демек Дәлел Сәрсенов Қазақстандағы тұңғыш жоғарғы педагогикалық оқу орнының алғашқы ректорларының бірі болған.
Алаш қайраткері Дәлел Сәрсенов мал шаруашылығы зерттеу институтының директоры қызметінде жүріп, 1932 жылы тура ағасы Биахмет секілді кенеттен науқасқа шалдығып, қайтыс болады.
Ал енді Биахметтiң кіндігінен тарайтын жалғыз ұлы Ғалиханға келсек, ол да кешегi кеңес өкiметi кезiнде «алашордашыл, халық жауының баласы» деген талай түртпектi, қысымды көрдi. Бияш ағамыз 1918 жылы дүниеге келген жалғыз перзентiнiң есiмiн Алаштың ардақтысы Әлекеңнiң, Әлихан Бөкейханның құрметiне Ғалихан (бірақ кейінде төлқұжатқа Қалихан болып жазылып кеткен) деп қойыпты.
– Әкеден ерте айырылып, қиындық көрiп өскен Ғалихан Биахметұлы Екінші дүниежүзілік соғыс алдында Тамбовтағы ұшқыштар даярлайтын училищенi бiтiрiп шығады, – дейдi семейлiк ғалым-тарихшы Мұхтарбек Кәрiмов. – Алайда әкесi кешегi Алашорда үкiметi басшыларының бiрi болған соң, оған сенiмсiздiк блдiрiп, ұшуға рұқсат берiлмейдi. Сол себептi, ол кейiн Мәскеудегi шет тiлдер институтына оқуға түсiп, жаңа мамандық алады. Өзi ағылшын, француз және немiс тiлдерiнде еркiн сөйлейді. Соғыс кезiнде әскер қатарына алынып, жаяу әскер құрамында талай қанды шайқастарды бастан өткередi.
1945 жылы соғыс бiткен соң Батыс Еуропадағы бiр мемлекетте тұтқындарды елдерiне қайтаратын халықаралық комиссиялардың бiрiнiң құрамында тiлмаштық қызмет атқарады. Сол кезде бұл кiсi Голландия мемлекетiнiң аумағында көбiрек болса керек. Кездейсоқ бiр жағдайда ол әлгi Нидерланд мемлекетінің бұрынғы королiнiң ортаншы қызы Иоке Мульдерспен танысады. Олардың осы таныстығы үлкен махаббатқа айналады. Ғалихан аға өзiнiң 1980-жылдары толтырған анкеталық өмiрбаянында (КГБ органдарының талап етуiмен жазылса керек) «Бiз үйленген едiк. 1947 жылы Херат деген ұлымыз дүниеге келдi» деп жазады.
Сондай-ақ Ғалихан Сәрсеновтің жеке отбасылық өміріне байланысты бұл оқиға Ақсуат елінің ардагер азаматы Төлеуғазы Нұрғалиевтің «Ақсуат – атамекенім» атты кітабында жан-жақты жазылып көрсетілген.
Әрине, ол уақытта бұл үлкен жүрекжұтқан батырлық болды. Мысалы, Ғалихан ағамыз кеңес өкiметiне қарсы байдың тұқымы, Алашорда қайраткерiнiң баласы болса әрi ол өзi Голландия королiнiң қызы Иокеге үйленiп, «социалистiк салт-санаға» жат қылық iстесе, шынында да, бұл кеңес өкіметі үшін кешірілмейтін ауыр қылмыс еді. 1948 жылы Ғалихан Биахметұлы елге әйелi мен баласын алып келе жатқан кезде, оларды Польшамен арадағы шекарада ұзақ тексерiп ұстайды. Ақыры жас нәрестелi Иоке шетел азаматы болғандықтан шекарадан өте алмай жылап керi қайтады. Ал ағамыз болса, шекараның бергi бетінде іші қан жылап, өзегi өртеніп қала бередi.
Туған отбасымен арадағы осы үзiлiске тура он жылдай уақыт өтеді. Ендi қайта табысудан әбден күдерiн үзген Ғалихан Биахметұлы Шымкентте Анна Дубова деген орыс қызымен танысып, үйленедi. Одан екi ұл өмiрге келедi.
1950 жылдары Ғалихан ағамыздың атына Мәскеудегi бiр шетелдiк елшiлiктен арнайы шақырту қағазы келеді. Сөйтсе, оны шақыртушылар – Мәскеуге халықаралық делегация құрамында келген Нидерландта қалған отбасы мүшелері Иоке мен Херат екен. Бірақ та өкіметтен ресми рұқсат болмаған соң олардың жүзiн көре алмайды. Ғалым-тарихшы Мұхтарбек Кәрімовтен естуімізше, осыдан соң көп ұзамай Ғалихан ағамызға Нидерланд королдiгiнен бiр жапырақ хат жазылып келген екен...
Алаш қайраткері Биахмет Сәрсеновтің туған iнiсi Салық ақсақалдың баласы Бағлан Салықұлы Шегедековтің айтуынша, шетелдегi Иокесi мен Хератын бiр көрудi арман еткен Қалихан ағамыз 2000 жылдары қайтыс болды.
Осылайша, Биахмет Сәрсеновтің тек қана жалғыз фотосуретi Салық ақсақал мен оның зайыбы Бижамал әжейдiң ұзақ жылдар бойы жасырып сақтауымен бүгiнге аман-есен жетсе, ал оның жалғыз ұлы Ғалиханның артында сталиндік қуғын-сүргіннің белгiсiндей болып шетелдік отбасының сарғайған бiр жапырақ хаты ғана қалған...
Мұратбек КЕНЕМОЛДИН,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі