31 Мамыр, 2014

Домбырамен «Смуглянканы» тартқан

370 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Александра Киселева туралы бір үзік сыр

Александра Киселёва

Атырауда Александра Кисе­лева дейтін сары шашты жасөс­пірім тұрады. Мерекелік шараларда қазақтың домбырасынан күмбірлете күй төгеді. Оны алғаш рет көргенде таңданғанымыз рас еді. Дегенмен, «домбыраны Қазақстанда тұрғасын тартатын шығар» деп те ойлап қойғанбыз. Сөйтсек, Александра кішкентай күнінен қазақтың мәдениетін, ұлттық құндылықтарын құрмет­теуге дағдыланыпты. Олай дейті­німіз, бұл әулеттің арғы атасы Алексей Павлович қазақ жігіт­терімен достасып, отбасылық қуаныштарын бірге бөліскен екен. Қазақша таза сөйлеген, қазанында қазақша ет асу үзілмеген. – Білесіз бе, менің күйеуім­нің әкесі Алексей Павловичтің қазақтардың арасынан отбасылық достары өте көп еді. Қазақша мақалдап сөйлегенді ұнататын. Қазақтың жөн-жоралғыларын жақсы білетін еді. Қазақша ет асқанды тәуір көретін. Жұ­мысынан қолы босаған сәтінде Махамбет ауданында тұратын дос­тары Нағи Жексенов, Тасымай Салықов ағалардың үйіне жиі барушы еді. Күйеуім Владимир де қазақшаға жетік еді. Екеуміз үйленуге сөз байласып жүргенде, Владимир мені Салықовтардың үйіне ертіп апарды. Сол үйдегі анамыздай болған Роза апаға мені таныстырып, «Осы қызға үйленуіме бола ма?» деп рұқсатын сұрап еді, – деп Александраның әжесі Надежда апай өзі келін болып түскен Киселевтердің қазақ отбасыларымен шынайы достығын еске алды. – Ақтөбеге барған бір сапарымда қайын атайға сый жасауды ойластырып, дүкеннен ою-өрнектері бар төрт бұрышты тақия көріп: «Папа, мен сізге төрт бұрышты тақия сатып алдым», деп телефон шалдым. Сонда, иманды болғыр, қайын атай: «Қызым, маған өзбектікін емес, кәдімгі қа­­­зақы тақия әкел», деді. Сонан соң­ өз­бек тақиясын ауыстырып алдық. Қазақ отбасыларымен етене араласып, қазақ жігіттеріне адал дос болған Алексей Павлович келіні Надежда сыйлаған ою-өрнектермен көмкерілген қазақы тақияны басынан тастамаған екен. Қысы-жазы қазақы тақияны киіп жүретін орыстың дарқан көңілді сары шалы кейінгі ұрпағына өскен-өнген жердің қадіріне жетуді, жергілікті ұлттың өнері мен мәдениетін, тілін құрметтеуді аманаттаса керек-ті. Киселевтар отбасының бүгінгі мүшелері қазақ тілін де ана тіліндей құрметтейді. Бұған Александраның әжесі Надеждамен қазақша сөйлескенде көз жеткізе түстік. – Александраға өнер арғы атасы Алексей Павловичтен дарыған ғой. Ол кісі қасықтармен кез келген әуенді керемет ойнаушы еді. Қазақтың әндерін, күйлерін жаны сүйетін. Бір өкініштісі, Александрадай шөбересінің домбырамен күй шерткенін көре алмады. Егер тірі жүргенде, төбесі көкке жеткендей қуанар еді, –дейді әжесі Надежда апай. Қайын атасының қазақ отбасыларымен адал достығын көңіліне мықтап түйген Надежда немересі Александраны өзі жұмыс жасайтын Құрманғазы атындағы музыка мектебіне ертіп апарады екен. Жұмысына кедергі болмасын деп бес жастағы Александраны музыка залына жіберген ғой. Сол залда қобыз үнін алғаш естіген Александра: «Үлкен скрипкада ойнағым келеді» депті. Кейіннен домбыраның қоңыр үніне елітсе керек, қазақтың киелі аспабының жанынан шықпай қойыпты. Міне, содан бергі он жылдан бері Александра домбыраны жанына серік етіп келеді. «Александрамен бірге домбырасы да өсіп келеді. Балабақшаның қазақ тобына барғанда да домбырасын қолынан тастаған жоқ. Ең кішкентай домбыраны Алматыдан тапсырыспен алдырдық. Александраға жас ерекшелігіне қарай үшінші домбыраны сатып әпердік» деп ағынан жарылды Надежда апай. Әжесінің айтуынша, Кисе­левтар отбасындағы күйші қыз – Александра домбыра десе, ішкен асын жерге қояды. Мектептегі сабағынан келісімен бірден домбыраны қолына алып, бірнеше күй орындайды. Сонан соң ғана ас бөлмесіне тамақтануға кіреді. Сәл нәрседен көңілі түссе, бөлмесінің есігін кілттеп алып, домбырамен сырласады екен. «Біздің Александра домбыраны көзін жұмып та, жатып та тарта береді» деген әжесінің әзілінің астарында шындық бар. Өйткені, қазақтың ұлттық аспабын жанына серік еткен орыстың қаршадай қызының өнері көпшілікке домбыра арқылы танылды. Ал Александраның өзі қазақтың домбырасымен Австрия мен Испа­ния, Франция мен Италия, Мо­нако королдігі мен Польшада, Германия мен Чехия елдерінде өнер көрсетті. Құрманғазы мен Динаның күйлерін Мәскеу, Париж, Канн, Ницце сахналарында нәшіне келтіре орындады. Халықаралық конкурстарда да қазақ күйін шертеді. Әсіресе, Мәскеуде өткен «Серебряная звезда» конкурсын еш ұмытпақ емес. Оның өзіндік себебі бар. Нақтылай айтқанда, 2010 жылы Ресей астанасында өткізілген бұл конкурсқа бір мыңнан астам үміткер қатысып, екі бас жүлде мен 284 жүлделі орынды иелену үшін бар өнерін салыпты. Осы сайыста атыраулық Александра Киселева домбырамен орыстың «Смуглянкасын» орындады. Қазақ елінен қатысқан домбырашы өреннің өнеріне зал ішінде ине шаншар орын қалдырмаған ормандай орыс дуылдата қол соғумен шектелмей, домбыраның қоңыр үнімен елітіп, «Смуглянканы» шырқап отырыпты. Дәл осы халықаралық конкурс­та қазақтың қара домбырасын өзге елдер сахнасында насихаттап жүрген Александра Киселева қос бас жүлденің біріне ие болды. Қазір көпшілік Александраны күйші қыз деп атайды. Десе дегендей, оның нәзік саусақтары домбыра пернелерімен жоғары-төмен жорғалай жөнелгенде, қос ішектен құлаққа жағымды қоңыр үн төгіледі. Өткен жылы Құрманғазының оннан астам күйін жұртшылыққа ұсынған мың адамдық оркестрдің құра­мында өнер көрсетті. Елбасы­ның алдында қазақ күйлерін шерт­кенін «Өмірімдегі ең бір ұмы­тылмас сәт» деп есептейді Алек­сандраның өзі. Қазақ өнерінің, ұлттық саз аспабы –домбыраның қадірін білетін Нұрсұлтан Әбіш­ұлы концерттен кейін Алек­сан­драның өнеріне сәттілік тілеп, орындаушылық ше­берлігіне риза­шылығын білдіріпті. – Мені домбыра тартуға үй­реткен Ұмсын Зиноллақызына алғысым шексіз, – дейді Алек­сан­­дра Киселева. – Қазақтың дом­­бы­расын тартқым келеді деге­нім­де, кеудемнен итерген жоқ. Кері­сінше, менің домбыраға деген қы­зығушылығымды одан әрі терең­дете түсті. Осы ұстазымның арқа­сында домбыра тартуды жетік мең­гердім. Болашақта осы ұс­тазымның сенімін ақтасам деймін. Әжесі Надежда мен анасы Наталья Александраның бо­ла­шақта консерваторияда білім алатындығын сеніммен айтып отыр. Демек, Александраның ке­ремет күйші атануы ғажап емес. Өйткені, ол Киселевтер от­басының атасы Алексей Пав­­ловичтан бері желі болып тартылған қазақ хал­қының мәде­ниетін, өнерін құрметтеуді жал­ғастырып келеді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы. Суретте: Александра Киселе­ваның домбырамен күй орындау сәті. Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.