Дауыс беру аяқталғаннан кейін жарияланған экзит-полл Қазақстан көшбасшысына 82,45 пайыз дауыс берілгенін хабарлады. Оның бес қарсыласы 2 пайыздан 3,33 пайызға дейін қолдауға ие болды. Дауыс беруге қатысу 69,43 пайызды құрады.
Президент саяси додаға халықтық коалицияның үміткері ретінде түсті. Жаңа конституция бойынша Мемлекет басшысы бір мерзімге жеті жылға сайланады. Орталық сайлау комиссиясы 22 қарашаға дейін қорытындыны бекітті. Бұл – осы елдің суперпрезиденттік жүйеден президенттік-парламенттік жүйеге көшіретін реформалар туралы референдумнан кейінгі әділетті Қазақстанға қадам басуы.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының бұрынғы орынбасары, Президент Тоқаев өз билігін бір мерзіммен шектеді. Ол жыл басында «Президент партиялық саясаттан жоғары тұруы керек» деп биліктегі «Аmаnаt» партиясынан шықты. Сондай-ақ саяси партияларды құруды жеңілдететін реформалар енгізді. Келесі жылы әлеуетті Парламент сайланады.
Сыртқы саясатта Президент тәуелсіз бағытынан жаңылған жоқ. Кейінгі кезде халықаралық шекаралардың кез келген күштеп өзгеруіне қарсылық білдіруі оның Ресейге қатысты көзқарасынан хабар береді. Өйткені Қытаймен және Еуропалық одақпен жақынырақ қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Шығыс пен Батыс арасындағы сауда дәлізіндегі Қазақстанның шешуші геосаяси ұстанымы Қытай басшысы Си Цзиньпинге ұнағаны анық. Сондықтан коронавирус пандемиясы басталғаннан кейінгі алғашқы шетелдік сапарын Қазақстаннан бастады.
Дәл сол секілді еуропалық көшбасшылар да Астанаға жиі келе бастады. Бірнеше күн бұрын Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель ат басын тіреді.
«Президент Қ.Тоқаевпен және Премьер-Министрдің орынбасары және Сыртқы істер министрі М.Тілеубердімен кездесуде қарым-қатынастарымыздағы оң серпінді қалай алға жылжыту керектігін талқыладық», деді ол. Сондай-ақ Қазақстан ЕО үшін маңызды әріптес екенін атап өтті. Мұнай (жалпы, импорттың шамамен 8 пайызы), газ, уран және басқа да маңызды шикізат жеткізетін сенімді серіктес деп мәлімдеді.
«Саяси тұрғыдан алғанда Қазақстан саяси плюрализм бағытында жүріп жатқан түрлі реформаларды бастан өткерді. Биылғы Президент және келесі жылғы Парламент сайлауы мұның маңызды бөлігі», деген Ж.Боррель Қазақстанның одан әрі ілгерілей беретініне сенім білдірді. Халықаралық байқаушылар сайлау үдересінде елеулі бұзушылықтар болмағанын хабарлады. Астана мен ең ірі қала Алматыда халықтың сайлауға қатысуы айтарлықтай төмен болғанымен, сайлаушылар көптеп жиналды. Шетелдік өкілдер мұндай өзгерістерге еркін және әділ сайлауда ғана қол жеткізуге болатынын атап өтті.
«Бүгін – өте маңызды, тарихи күн. Еліміздің жарқын болашағы үшін дауыс беріп отырмыз. Шын мәнінде, биыл оңай болған жоқ. Бірақ халқымыз жұмылып, қиындықтардың бәрін еңсерді. Енді алдымызда тұрған өте ауқымды міндет, мақсат бар. Атқаратын жұмыс әлі де көп. Саяси реформалар жүзеге асырылып жатыр. Жазда жалпыұлттық референдум өтті. Енді, міне кезектен тыс президент сайлауы өткізіліп жатыр. Келешекте бұл жұмыстар жалғаса береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада дауыс бергеннен кейін.