Қоғам • 24 Қараша, 2022

Икемді жобалардың игілігі

201 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Біраз жылдан бері «Ақылды қала» болуға батыл қадамдар жасалып жатқан Астанада халыққа икемді біраз жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Қала тіршілігіне жаңа тыныс беріп жатқан осынау тың дүниелер цифрландырудың игілігі деуге болады.

Икемді жобалардың игілігі

Қауіпсіздік жіті қадағаланады

Астанадағы «ақылды» жобалар тұрғындарға барынша жағдай жасауға, қауіпсіздікті күшейтуге, уақыт тиімділігін арттыруға қызмет етеді. Бұл жобалар алғаш енгізіле бастағанда көпшілік оның бірін оң қабылдаса, ал кейбіріне айтарлықтай қарсылық танытқан жағдайлар болды. Бірақ мұның барлығының ыңғайлылығын уақыт өте келе түсінді. Мысалы, қоғамдық көліктер түгел электронды төлем жүйесіне ауысқан шақта, көше қозғалысын реттейтін жаңа тетіктер пайда болып, «ақылды» бағдаршамдар іске қосылғанда жұрттың бәрі бұл жаңалықтарды жаппай қолдап кете қойған жоқ. Ал жолдағы қауіпсіздікті назарда ұстайтын «Сергек» камераларына көңілі толмайтындар әлі де табылады. Айналып келгенде, осынау қадамдардың бәрі тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқаны уақыт өткен сайын түсінікті болып келе жатыр. Өйткені бұлардың оң нәтижесін байқамау қиын.

Қала қолайлығын қамтамасыз етуді көздейтін қандай бастама болсын, алдымен қауіпсіз­дік мәселесі басшылыққа алынады. Бұл ретте «ақылды» камералардың қатары артқан сайын, келеңсіз жағдайлардың саны да сирей түсті. Дерекке сүйенсек, елордада бюджет қаражаты есебінен қолға алынған жобалар аясында 30 мыңға жуық бейнебақылау камералары орнатылып, бір орталыққа біріктірілген. Нәтижесінде, қоғамдық орындарда қылмыс 73%-ға, қала жолдарында жол-көлік оқиғалары 36%-ға, жол-көлік оқиғаларынан өлім-жітім 50%-ға, жол-көлік оқиғаларынан жарақаттану көрсеткіші 24%-ға төмендеді. Сондай-ақ тіркелген қылмыстар деңгейінің 78%-ға төмендеуі, қылмыстық және әкімшілік сипаттағы қылмыстарды ашудың екі есеге артуы байқалады.

Елорданың көше-жол желісін басқару жүйесін оңтайландыру және кеңейту үшін Интеллектуалды көлік жүйесі енгізілді. Бұның да оң әсері сезіліп, тасымалдау жылдамдығы 18%-ға, көліктерді өткізу 40%-ға артып, орташа жол жүру уақыты 20%-ға қысқарды. Диспетчерлік жүйеге мыңнан аса автобус қосылған. Онда маршруттардың қозғалысы, жолаушылар ағынының динамикасы бақыланады. Осындай ақпаратқа үздіксіз жалғанған қаладағы маршруттық желі тұрақты негізде оңтайландырылуда.

Осы орайда қоғамдық көліктердің барлығы электронды төлем жүйесімен жабдықталғаны көлеңкелі айналымнан қаражаттың 40%-ға дейінін таза жолмен алуға мүмкіндік бергенін айта кеткен жөн.

Сонымен қатар «ақылды қаланы» басқару мақсатында «iKOMEK-109» орталығына 13 703 бей­не­бақылау камерасы орнатылса, жыл со­ңына дейін балабақша, мектеп, емхана және басқа ны­сандардан қосымша 21 781 камераны бірік­тіру жоспарлануда. Негізінен, камералар сауда орта­лықтары, мешіттер, үлкен аялдамалар, вокзал сияқ­ты көпшілік жерлерді қамтиды. Бұл ретте опе­раторлар қалалық бейнебақылау жүйесі ар­қылы қарды уақтылы тазаламау және жаңбыр мен су тас­қыны кезінде су басу сияқты фактілерді анықтап, қалалық коммуналдық қызметтердің жедел әрекет етуіне ықпал етеді. Операторлар GPS-мониторинг және бейнебақылау жүйелерін пайдалана отырып, қаланы санитарлық тазалауға арналған мамандандырылған техниканың жұмысын үйлестіреді. Бұл көліктердің тұрып қалу деңгейін төмендетуге, көлік жүрісін қысқартуға және соның нәтижесінде көліктердің жүруін, отын және жөндеу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Мейрамбек Әшірбековтің айтуынша, қауіпсіздікке жан-жақты мән берілгеннен кейін ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де қаперден тыс қалмайды. Өйткені цифрландыру арқылы іске асып жатқан жобалардың барлығында ақпараттан шашау шығармау маңызды. Бұл ретте Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша операциялық орталық жобасы қолға алынды. Бұған барлық стратегиялық нысан қосылды.

Қызмет көрсету тиімділігі артты

Қалада әлеуметтік салаларды және қызмет көрсету салаларын цифрландыру бағытында біраз жұмыс атқарылып жатыр екен. Атап айт­сақ, әрбір тұрғынға электронды денсаулық пас­порты жасалды. Осы арқылы зертханалық зерт­теулердің нәтижелері, электронды рецептер, еңбек­ке жарамсыздық парақтары электронды фор­матта беріледі. Бүгінде ДамуМед мобильді қосым­шасын пайдаланушылар саны 300 мыңнан аса адамды құрайды.

Сонымен қатар қала мектептерінде ата-аналар балаларының тамақтануын бақылай алатын «Мектептегі тамақты қолма-қол ақшасыз тө­леу» жобасы енгізілді. Мектеп оқушыларының та­ма­ғын сатып алу автоматтандырылды, бұл өз ке­зегін­де мектептегі тамақтандыру сапасын арттырды.

«801 шаршы шақырым көлемінде елорданың жер телімдері 1 пиксельге 3 см дәлдікпен цифр­ланды. Елорданың цифрлық рельеф моделі мен жергілікті моделі толығымен салынды. Қала аумағы 100% цифрландырылып, 2D картасы түзіл­ді. Бұл қатарда негізгі инженерлік желі­лер де бар. Цифрланған инженерлік желі­лер көлемі 16 мың шақырымнан асады. Сон­дай-ақ жер қатынастары, сәулет және қала құры­лысы бойынша 15 мемлекеттік қызмет цифр­лық форматқа көшірілді. Инженерлік-геодезия­лық жұмыстардың нәтижелері бойынша магистраль­дық және аулаішілік желілердің 205 мың ұңғымасы зерттелді. Бүгінгі таңда геопортал ақпа­раттық қауіпсіздік бойынша аттестаттаудан өтіп жатыр», деді М.Әшірбеков.

Оның айтуынша, әкімдік 164 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Қазір барлық мемлекеттік қыз­метті түгел электронды форматта алуға болады. Әкімдік мемлекеттік қызмет көрсетуден туындайтын мемлекеттік органдардың функцияларын автоматтандыру бойынша бөлімдер арасындағы жұмысты бастады. Былтыр 850 функцияға талдау жүргізіліп, оның ішінен 10 функция таңдалып, автоматтандырылған. Алдағы уақытта әкімдікке бағынысты мемлекеттік органдардың функцияларын автоматтандыру жоспарланып отыр.

«Елордада тұрғындарға ыңғайлы болу үшін iQala орталығы жұмыс істейді. Онда бір терезе қағидаты бойынша тұрғын үй-коммуналдық секторды ұйымдастыру бойынша қызметтерді алуға болады. Бұрын қызмет көрсетудің регламенті болмаған. Мәселен, азамат пәтер сатып алғаннан кейін монополистерді аралап, әрқайсысымен жеке-жеке келісімшарт жасасып, сан мәрте телефон соғып, құжаттарының дайындығын біліп отыруы керек еді. Бұл үрдіс бір айға созылатын. Енді тұрғындар iqala.kz сайтында өтініш беріп, 3-5 күн ішінде құжаттарының дайындығы туралы смс-хабарлама алады. iQala елдегі бірегей жоба болды. Биылдан бастап iQala үлгісімен ел аймақтарында «коммуналдық ХҚО» ашыла ­бастады. Орталық ашылғаннан бері барлығы 133 қызмет түрі жүзеге асырылды, 450 мыңнан аса қызмет көрсетілді», деді Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы.