Руханият • 24 Қараша, 2022

«Көз қырыңды салып қой қорымдарға...»

986 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тектұрмас қорымына жас қаламгерлер жиі барып тұрады. Қабірстанға еріккеннен немесе зеріккеннен ат басын бұрмайды. Тағдырлы ақын Серік Томановтың рухына Құран бағыштап жатады. Өйткені тараздық жастар үшін Серік алдыңғы буын ақындардың ешбірінен бір мысқал кем емес. Барлығы да Томановтың жырларымен сусындап өсті.

«Көз қырыңды салып қой қорымдарға...»

Барған сайын Серіктің «Эпитафиясы» ойға орала береді.

«Шаруа едім тірліктің көшіне ерген,

Таусап таттым жердегі несібемнен.

Көп жыл болды мәңгілік ұйқыдамын,

Топырағым бұйырды осы жерден», деген ақынның осы бір шумағы басымызда шыңылдап тұрып алады.

Қабірстандағы зираттар ішінен Серіктің құлпытасын жазбай танисың. Көксұр түсті құлпытас сонадайдан көзге оттай басылады. Таластың тол­қынымен тербеліп өлең жазған ақын­ның денесі де өзен арнасынан алыс кетпеген. Әудем жерде тайталасқа толы тір­шілікпен жарысып Талас ағып барады.

Ақынның «Құс қанат ғұмыр» атты өлеңіне жазылған әнді бүгінде қазақтың маңдайалды әншісі Мейрамбек Беспаев шырқап жүр. Әншісін тапқан әнді жұрт та сүйсіне тыңдайды емес пе? Есті сөзге жазылған ән де бір күні ретроға айналады. Қазірдің өзінде ретро болып кетпесе. Бірақ өлмейді ғой.

«Таң атса болды күн батты,

Ұршығын мезгіл зырлатты.

Құс қанат менің ғұмырым,

Қанатын тағы бір қақты.

Тұсаудай тұтам тірлікте,

Тентіреп текке жүрдік пе?!

Жойылып жерден кетер ме ек,

Жобасы түскен бір нүкте»,

деп жырлаған ақынның ортамыздан кеткеніне де жиырма жылға жуықтапты.

Біреуге өзім, біреуге көзім, біреуге сөзім ұнасын деген жалтақтықтан ада болған ақынның мұрасы отбасына, әрі кетсе кітапхана қызметкерлеріне, жас қалам­герлерге ғана керек сияқты. Жас­тардың қолынан не келсін?! Әдеби кештерде Серік­тің өлеңдерін оқып, екінші ғұ­мыр сый­лауға тырысады. Одан асып қайда ба­рады? Ұсыныстарды сан рет айтса, оны ешкім құлаққа ілмесе қайтсін олар?

Серіктің аңсары, жүрек сыры, арманы өлеңдерінде тұнып тұр. Білуімізше, 2003 жылдың қаралы қарашасында фәниден бақиға көшкен ақынның «Пәруана» атты жинағының жарық кө­­руіне сол жылдары Талас ауданын бас­қарған Батырбек Күлекеев ықпал етіпті. Кәсіпкерлердің басын қосып, ақын мұрасының жарыққа шығуына мұ­­рындық болған Батырбекке алғыс айт­­қандардың қарасы да қалың.

Секең өмір мен өлім арасындағы тартысты, ажал алдындағы кісінің әлсіздігін жырына арқау етті. Өлеңдерімен өзінің тағдырын жазып кеткен талантты халқы қадір тұтты. Қай кезде де жанынан табылды. Өзегіндегі өкініш өртін өлеңмен басқан ақынға деген жұрттың махаббаты да бөлек болды.

Серік ақынның сөзіне жазылған «Аузынан айдың түскен қыз» деген әнді тағы да сол Мейрамбек Беспаевтың орын­дауында жұрт жылы қабылдады. Сөзі мен сазы үйлескен шығарманы ел әлі күнге дейін шырқап жатады. Әрине, жүректерге мөр болып басылған соң да ұмытылмайтын шығар. Өйткені сөзін Серік Томанов жазып еді ғой.

Секең дүниеден өткенде Қазақстан Жазушылар одағының ұйытқы болуымен республикалық мүшәйра ұйымдас­тырылған болатын. Расында, Томановқа қазір ештеңе керек емес. Тірісінде Қа­зақ­стан Жазушылар одағының мүше­лігіне де өтпепті... Әр уақыттың өз заң­­дылығы шығар, әйтпесе қазір 20 жастағы жігіттер одақтың мүшесі бо­лып жүр ғой. Айтпақшы, 50 және 60 жыл­дығында облыс­тық деңгейде мүшәй­ралар өткі­зілді. Сосын шағын ауди­торияларда еске алу кештері ұйым­дастырылды. Болды.

«Біздің Серік үшін өлеңнен биік дүние болған емес. Қуанған, жабыққан кездерінің бәрі көз алдымда ғой. Серіктің арманы көп еді. Амал нешік?! Ақынның мінезі қандай болатынын да Серіктің бойынан көрдім», дейді ақынның жары Бибігүл Оразбаева.

Секеңнің рухына арналған кештерде жиі-жиі пікір білдіретін рухтас бауыры, ақын Маралтай Райымбекұлы бірде: «Оны әдеби орта таныған һәм мойын­даған болатын. Әйтсе де, ол картада жоқ елді мекен секілді елден бөлек елеусіз күн кешті. Оның жанына үңілуге енжарлығымыз тұсау болғаны да рас», деген еді.

Расында да, мақалада Секеңнің «Қы­зыл көйлек» деген өлеңі туралы тол­ғануға, болмаса басқа шығармасы туралы ой өрбітуге болушы еді. Алайда оны мақсат етпедік. Серікті жергілікті биліктің ұмытып бара жатқаны рас. Еске түсірейік деген оймен Мейрамбек Беспаев орындап жүрген екі әнін мысал ретінде алдық. Неге дейсіз ғой?..

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай сол Мейрамбек мүшесі саналатын «Музарт» тобының продюсері болғанын жұрт жақсы біле­ді. Қайбір жылы басқарма басшы­сы қыз­метіне топ ете түскен Ер­лан Жүніс­байдың аузынан Серік То­манов, Ба­уыржан Үсенов, Артығали Ыбы­раев­тар туралы бір ауыз сөз есті­меппіз. Серікті тани ма, танымай ма, кім білсін? Мей­рамбек шырқайтын әндерді еске салсақ есіне түсер деп пайымдадық... Әрине, танымайтын болса... Қысқасы, облыс әкімінің алдында есеп берген кездерінде республикалық айтыс, тағы басқа іс-шараларын жіпке тізгендей қылып ай­тып беретін Ерекең өңір поэзиясы туралы ләм-мим демейді. Әйткенмен, То­манов туралы бірдеңе білетін болар?

Серік Томановтың дүниеден озға­нына келесі жылы 20 жыл толады екен. Біз әлі кітапхана деңгейінен аспай жүр­міз. Мәдениет, архивтер және құ­жат­тама басқармасының басшысы шынд­ап ниет­тенсе, Тараз төрінде Серік­тің атымен байланыстырып, поэзия фестивалін өткізіп жіберер ме еді. Шығыстың жеті шайыры тамсана жырлаған көне шаһарда Серікке дейін де, Серіктен кейін де сұрапыл ақындар аз болған жоқ. Бірақ жергілікті атқарушы билік еліміздің көп өңірінде өткізілетін, поэзияға құрмет көрсетілетін іс-шараларға қаржы бөлуге келгенде құлықсыз. Олар үшін айтыс өтсе болды... Кім білсін, Ерлан Жүнісбай бұл шаруаны келесі жылы қолға алатын болар... Қалай болғанда да мына шумақты есінде сақтаса екен.

«Ей, тірілер!

Өмір жоқ өлім барда.

Тілегім сол: соқпасын жолың жарға,

Қу тірліктің бағасын білгің келсе,

Көз қырыңды салып қой қорымдарға».

 

Жамбыл облысы