Кербұлақтық ағайын бүгінге дейін Қоғалы картобын қысқа қамдайды. Тіл үйірер дақылды өзге жерден алуға көнбейді. Бірден дәмін айырып қояды. Иә, тұрғындардың айтуынша, 1970-80 жылдары әр кеңшардың өзі 700-800 гектардан картоп егетін. Сонда суы мол Аралтөбе секілді елді мекендер гектарынан 16 тоннадан астам өнім алған. Қазір Жайнақ, Қоғалы ауылдарына барсаңыз, алыс-жақынға танымал дақылға деген сұраныстың төмендеп кеткенін аңдайсыз. Оған себеп, біріншіден – ауылдағы егіншілікпен айналысатын халық санының азаюы, екіншіден – шетелден келген картоп сұрыптарының араласуы.
Әңгімемізді әрі қарай тарқатпас бұрын арғы тарихтан ақпар бере кетсек. Ежелгі сақ дәуірінің тарихын бауырына бүгіп жатқан, сан ғасырлық өркениеттен суыртпақтап сыр шертетін Жайнақ ауылының іргесі 1911 жылы қаланған. 1992 жылға дейін ауылда саусақпен санарлықтай қазақ отбасы болыпты. Еліміз тәуелсіздік алып, тарих доңғалағы өзінің ежелгі жүлгесіне ауысқанда ауыл атауы 1993 жылы «Жайнақ батыр» деп өзгертілді. Қазір бұл ауылдағы 615 түтін, 2 600-ге жуық тұрғын, 180-ге жуық шаруа қожалығы егін және мал шаруашылығымен айналысады. Бірақ картоп өсіретіндердің қатары азайған.
«1979 жылы Украинадан келген картоп сортымен бірге картоп құрты да ере келді. Басында жұрт картоп құртын көрсе қатты түршігетін. Қазір оны дәрімен жоюдың сан түрлі техникасын меңгеріп алдық. 1986 жылы жергілікті тұқымға қарағанда өнімділігі мол голландық картоп өсіру технологиясы енгізіле бастады. Бірақ шетелдік картоп сұрыптарының көбейіп кетуінен «Қоғалының картобы» деп мақтан ететін экологиялық таза, нәрлі, дәмді картоп тұқымынан айырылып қалды. Қазір Алматы, Астана, өзге облыстарға картоп жеткізетіндер сырты қызылдың барлығын «Қоғалының картобы» деп сата береді. Қоғалы картобының даңқын білетін жұрт таласып сатып алады», дейді Жайнақ ауылының әкімі Самат Самиұлы.
Жайнақтықтардың картоп өсіруге деген ынтасын судың жыл сайын азаюы да төмендеткен. Бұлақ көздері тартылып, сарқырап ағып жататын өзендердің арнасы кеуіп барады. Су тапшылығы ылғалды қажет ететін картоп шаруашылығын өркендетуге кедергі келтіруде. Сонымен бірге алыпсатарлар да кесірін тигізіп отыр.
«Қоғалы ауылында 40 мың гектардың үстінде суармалы, тәлімді және жайылымдық жер бар. Оның ішінде 14 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылса, соның 3-4 мың гектары суармалы. Биыл ауыл болып 300 гектардың айналасында ғана картоп ектік. Мұны жұрттың жалқаулығынан емес, алыпсатарлардың ашкөздігінен деуге болады. Ауылдағылардың ала жаздай төккен терінің игілігін күзге қарай жылтың етіп жетіп келетін, арзанға алып кететін алыпсатарлар көріп отыр. Төккен терінің пайдасын өздері емес, басқаның көретінін сезген жұрттың дақылға деген қызығушылығы жоғалып барады», дейді Қоғалы ауылының әкімі Асқар Байеділов.
Ал судың тапшылығы өзіміздің көп дүниеге немкетті қарайтынымыздан туындап отырғандай. Қоғалы ауылының әкімі Асқар Оңғарұлының айтуынша, бұрындары үлкендер көктем шыға тау бөктеріндегі бұлақтардың көзін ашып, тоғандарды тазалайтын. Қазір жұрт ортақ іске мойын бұрмайды. Жер көшкіні, мал тұяғының әсері, тағы басқа себептерге байланысты көзі бітеліп қалған бұлақтар суалып барады. Тазаланбаған арықтан ағатын судың көбі жерге сіңіп кетеді. Тамшылатып суару технологиясын пайдалану да кенжелеп тұр.
Тағы бір себеп, мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі. Шынын айтқанда, бүгінде картоп өсірушілерге демеуқаржы төленбейді, техника, саудалауға қатысты ешқандай көмек көрсетілмейді. Есептеп көретін болсақ, картоптың пайдасы шаш етектен. Бүгінгі нарық жағдайында бір гектар картоп өсіруге млн теңге айналасында шығын кетеді. Ал гектарынан 20 тоннадан өнім алып, килосы 120 теңгеден сатылса, әр гектардан 1,2 млн теңге кіріс кіргізуге болады. Жер, ауа райы, су, техника, тағы да басқа себептерге байланысты өнім көлемінде өзгеріс болатын шығар. Бірақ кедергілер жойылса, көптің картоп өсіруге деген ұмтылысы арта түсер еді.
Кезінде гектарлап картоп егіп, тонналап өнім жинайтын Жайнақ, Қоғалы, Шұбар, Аралтөбе, тағы да басқа көрші ауылдардың тұрғындарына картоп сақтайтын қойма ауадай қажет. Күзде өнімін қоймалап, көктем шыға сатылымға шығарса, ел алыпсатарларға жем болмай, еңбегінің игілігін көрер еді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұрын Жайнақ ауылында 4 мың тоннаға дейін картоп сақтайтын қойма болыпты. Бүгінде қабырғасы қаусап тұр. Оны қалпына келтіруді ауыл бюджеті көтере алмайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, жуырда Мемлекет басшысы Ақсу қант зауытын қалпына келтіру үшін 12 млрд теңге мемлекеттік қолдау көрсетілгенін айтты. Жайнақтағы қойманы қалпына келтіруге сол қаржының тамшыдай бір бөлігі бөлінсе, бұл маңдағы картоп өсірушілердің біраз қиындығы шешілер еді. Картоп шаруашылығына осыған дейін демеуқаржы бөлінбегені де жұрттың ынтасын басып тастаған. Егер картоп өсірушілерге мемлекеттік қолдау дұрысталса, отандық өнімді өркендетіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де септеспек.
Жалпы, биыл Жетісу облысы бойынша 11,8 мың гектарға картоп себіліп, 245,9 мың тонна өнім алынды. Орташа өнімділік гектарына 211,8 центнерді құрап отыр.
Жетісу облысы