Қаржы • 25 Қараша, 2022

Білім депозитін сақтандыру

327 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде банк және сақтандыру өнімдері тек ақшаны сақтайтын және өмірді қорғайтын емес, сонымен бірге ақша жинап, көбейтетін функцияға да ие болып жатыр. Бірте-бірте инвестициялау сақтандыру нарығына біржола кірігіп кететін сыңайлы. Бұл ретте Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін (МБЖЖ) атап өтсек болады.

Білім депозитін сақтандыру

Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігінің хабарлауынша, осы бағдарлама арқылы кез кел­ген ата-ана Қазақстанда немесе шет­елде кәсіптік және жоғары оқу орын­дарының ақысын төлеуге жет­кі­лікті ақша жинай алады. Қазір МБЖЖ бағдарламасына 4 екінші дең­гейлі банк қатысып жатыр. Оларда 33,5 млрд теңге қаржысы бар 22 мың­нан­ астам білім беру депозиттері ашылған.

Мұндай инвестициялық өнімді банктермен қатар сақтандыру ұйым­дары да ұсынады. МЖББ шең­берінде білім беру жинақтаушы өмір­ді сақтандыру шартына қол қою арқылы ата-аналар сақтандыру ұйы­мы есептеген инвестициялық кіріс­тен басқа жылына 5 пайыз мемлекет сыйлықақысын ала отырып, бала­лар­ының оқуы үшін жинақтауға мүмкіндік алады (халықтың басым санатына, мысалы, жетімдерге, мүгедектерге, көпбалалы отбасы балаларына – жылына 7 пайыз).

Бұл сақтандыру өнімінің бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, депо­зиттен айырмашылығы (8 пайыздан 10 пайызға дейін) сақтандыру шарты­ның барлық мерзімінде кіріс­тілік мөл­шерлемесіне кепілдік беріледі. Екіншіден, Сақтандыру тө­леміне кепілдік беру қоры барлық жиналған соманы толығымен жабады. Ал Қазақстан депозиттерге кепілдік беру қоры тек 20 млн теңгеге дейінгі сомаларды төлеп бе­реді. Үшіншіден, ата-анасы ең­бек қабілетінен айырылған немесе қайтыс болған жағдайда жи­нақ­талған сома мөлшеріне қара­мас­тан оқу құны толығымен төленеді.

Білім беру жинақтау сақтандыру өнімін енгізу көптеген ата-ананың өз баласының оқуы үшін қаржы жинауына мүмкіндік береді. Бұл – мемлекет тарапынан субсидияланатын алғашқы сақтандыру өнімі.

Еске салайық, 2022 жылдың 12 қыр­күйегінде сақтандыру ұйым­дары­ның МБЖЖ бағдарламасына қатысуына мүмкіндік беретін өз­ге­рістер жасалды.