28 Мамыр, 2010

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР САРАЛАНДЫ

491 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті мәжілісі болып өтті. Онда мемлекеттік органдардың халықтың көші-қон саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларын іске асыру бойынша қабылдап жатқан шаралары күн тәртібінің негізгі мәселелері ретінде талқыға салынды. Қанат Саудабаев тәуелсіздік алған күннен бастап көші-қон үдерістерін реттеу мәселелері Қазақстан  саясатының және Елбасының маңызды әрі жауапты бағыттары болып келе жатқандығын айтып өтті. Одан әрі ол республикамыздың тиімді геосаяси орналасуы, ТМД елдерімен шекараның ашықтығы, қолайлы экономикалық жағдай, әлеуметтік-саяси тұрақтылық, либералды халық­ара­лық көші-қон саясаты Қазақ­стан­дағы шетелдік азаматтардың еңбек қызметіне, оның ішінде заңсыз көші-қон ауқымының өсуіне мүмкіндік туғызатын негізгі факторлар болып табылатынын жеткізді. Алайда, төрағалық етуші осын­дай игілікті істер жасап жатса да, шетелдік жұмыс күшін пайдалануда тиісті тәртіптің жоқтығы, заңна­малық базаның жетілмеуі, негізгі көші-қон үрдістерінің бюрократ­тығы сыбайлас жемқорлықтың халықтың көші-қон саласындағы мемлекеттік органдарды бақылай­тын қызметкерлердің ара­сында өсуіне де мүмкіндік туғызып отыр­ғандығын жасырмады. Осы мәселеге байланысты тиісінше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мен Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов баяндама жасады. Бұған қоса, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов пен Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Бақтығожа Ізмұхам­бетовтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік және өңірлік бағдарла­ма­лар­ды іске асыру  және Елбасының тиісті тапсырмаларын орындау жөнін­дегі жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Отырыс қоры­тын­дысы бойынша комиссия тарапынан тиісті мемлекеттік органдарға қөші-қон бақылауы саласында жемқор­лыққа қарсы 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік және өңірлік бағдарлама­ларды іске асыру жос­парларын және Мемлекет бас­шысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша толық шаралар қабылдауға ұсыным жасалды. Александр ТАСБОЛАТОВ.