Спорт • 27 Қараша, 2022

Жігіттер жігерсіздік танытты

1190 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Испанияның Ла-Нусия қаласында бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Аталған жарысты Қазақстан құрамасы жеті жүлдемен қорытындылады. Тарқатып айтсақ, жерлестеріміз 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Екі алтынды да олжалаған бұрымдылар. Олар – Элина Базарова мен Бақыт Сейдіш. Есімдері аталған былғары қолғап шеберлерінің шаршы алаңдағы мінсіз өнері көпшіліктің көңілінен шығып, тек біздің ғана емес, басқа да елдердің жанкүйерлері қазақ қыздарына барынша қошемет көрсетті.

Жігіттер жігерсіздік танытты

Ла-Нусияға аттанған 12 бұ­рым­дымыздың бесеуі жеңіс тұ­ғырынан қол бұлғады. Гүлназ Бөрібаева (48 кило), Әсем Таңатар (63 кило) және Әсел Тоқтасын (+81 кило) қола медальді мо­йын­дарына ілді. Жартылай финалда олардың барлығы да Үндістанның өкілдеріне жол берді. Ал финалға шыққан бокс­шыларымыздың екеуі де неміс қыздарымен қолғап түйістірді. 54 кило салмақтағы Элина Базарова Куцохриста Хри­совалантуды бәсеке бары­сын­да екі рет нок­даунға жі­берді. Төре­шілердің барлығы да қанда­сымыздың жеңгенін бірауыздан мойындады. Сөйтіп, Элина алтыннан алқа тақты. Өзінің командалық әріптесінің жеңісті жолын Бақыт Сейдіш жалғастырды. 66 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан ол Карлотта Шуенеманға шаң қап­тырып кетті. Осылайша, 2 ал­тын және 3 қола медальді ол­жа­­лаған қазақ қыздары жалпыкомандалық есепте үздіктер санатынан көрінді.

Пиреней түбегінде шаршы алаңға шыққан қазақ жігіттері арасынан тек Нұрбек Мұрсал мен Дәулет Төлемісовтің жеңіс тұғы­рына көтерілуге күш-жігерлері жетті. 67 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрбек бастапқы бәсекелерде латвиялық Денис Сорокин, әзербайжандық Санан Хатамов және даниялық Байер Лукасты ойсырата ұтып, жартылай финалда ирландиялық Джеймс Фрэнсистен басым түс­ті. Бірақ финалда Нұрбектің өз­бекстандық Джавохир Умма­талиевке әлі жетпеді. 75 кило салмақ­та жұдырықтасқан Дәу­лет алғашқы айналымдарда түр­киялық Фуркан Қарадақ, герма­ниялық Сэммо Малек және үндіс­тандық Депак Депакты соққ­ы­ға жығып, жартылай финалда бельгиялық Хадит Ноаны еш қиналмай-ақ ұтты. Ақтық сында ол да Өзбекстанның өкілімен күш сынасты. Бұл тартыста Тұрабек Ха­би­буллаевтың мысы басым болды.

Өкінішке қарай, өзге былғары қолғап шеберлеріміз жоғарыда айтылған межеге де жете алған жоқ. Рамазан Нұрлыбаев (48 кило), Жандәулет Сәрсенбиев (54 кило), Мадияр Тайпақов (63,5 кило) және Ислам Машкентаев (81 кило) бастапқы кезеңдерде сүрінді. Көп кешікпей Илья Калинин (57 кило) мен Сұлтанбек Айбарұлы (80 кило) украиналық Айдер Абураимов пен Никита Засенокқа жол беріп, көрермендер қатарына қосылды. Сол секілді Бақтияр Анарбаев (60 кило) ағыл­шын Бирчалл Нельсонның осал тұсын таба алмады. Егор Егоров (71 кило) пен Нұржан Думанның (92 кило) жолын Кубаның жас қабыландары бөгеді. Егор Вейте Льоренте Педродан, ал Нұржан Фреснеда Рикардо Адрианнан айласын асыра алмады. Иван Ер­моленко (80 кило) грекиялық Ру­лиас Стилианосқа және Темірлан Мұқатаев (86 кило) италиялық Паоло Карусодан жеңілді. Сөйтіп, қос күмісті қанағат тұтқан елі­міздің жастар құрамасы қалың топтың арасында қалып қойды. Ең өкініштісі, бұл жолы да біздің жігіттер өзбектердің өрендеріне тас-талқан болып ұтылды.

Аталған жарыстың тарихы жайында айтар болсақ, Қа­зақ­стан құрамасы жастар ара­сындағы әлем біріншілігіне тұң­ғыш рет 1994 жылы қатысты. Ыстамбұлда өткен жарыста жерлестерімізге бес қола медаль бұйырды. Бұл жүлдені жеңіп алғандар – Александр Цой (54 кило), Талғат Қалимов (60 кило), Асан Сексенбаев (63,5 кило), Данияр Мұңайтпасов (67 кило) және Руслан Зумаев (81 кило). 1996 жылы Гаванада ұйым­дастырылған дүбірлі додада Ба­тырхан Жақсыбаев (60 кило) күміс медаль алса, Құралбек Бұ­қа­­ров (51 кило) қолаға қол созды. Олардың екеуі де шешуші тұс­та ринг қожайындарына есе жі­берді.

1998 жылы Буэнос-Айресте жалауы желбіреген жарыс қазақ спорты тарихында алтын әріп­термен жазылды. Олай деуге негіз, отандық былғары қолғап шеберлері арасынан тұңғыш рет әлем чемпионы шықты. Ондай бақ Серік Елеуовке бұйырды. 51 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан қарағандылық қыран финалда ресейлік Георгий Балакшиннен басым түсті. Уа­қыт оза Қазақ боксының шоқ жұлдызына айналған Бекзат Саттарханов 54 кило салмақ дәре­жесінде күміс медальді мойнына ілді. Ширек финалда ол келешекте Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарының екі дүркін жеңімпазы, қазіргі кезде кәсіпқой рингтің көкжалына айналған кубалық Гилермо Ри­гондо Ористі 5:1 есебімен ұт­қаны да есімізде. Негізі финалда Бекзат украиналық Сервин Сулеймановты да ұтқан еді. Бірақ әділдікті белден басқан төрешілер жеңісті қарсыласына берді. Тағы бір күмісті Павел Сторожук (+91 кило) иеленсе, Аман Батырбаев (48 кило), Бауыржан Қайырменов (75 кило) және Олжас Оразалиев (81 кило) қола медальді иеленді. Нәтижесінде, 1 алтын, 2 күміс және 3 қоланы олжалаған жер­лестеріміз жалпы есепте үздік бестікті түйіндеді.

Ғасырлар тоғысындағы әлем біріншілігінің шымылдығы Буда­пеште түрілді. Мажарстанның бас шаһарында – Геннадий Головкин (63,5 кило) бас жүлдені олжалады. Ал Берік Серікбаев (48 кило), Ұлан Сауытбаев (54 кило) және Рустам Іргебаев (+91 кило) қолаға қол созды. 2002 жылы жарыс қайта Бостандық аралында өтті. Сантьяго де Кубадағы додада финалға шыққан үш жігіттің де жолы жергілікті боксшылармен қиысты. Солардың арасынан 63,5 кило салмақтағы Қанат Ілиясовтың бақ жұлдызы жанды. Ол Вильер Кинонезді қапы қалдырып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал Осмай Окостадан ұтылған Дмитрий Готфрид (75 кило) және Ясмани Перестен жеңілген Ербол Бабаев (+91 кило) күміспен күптелсе, Александр Нильга (91 кило) қола медальді қанағат тұтты.

Байыптап қарсаңыздар, жоға­рыда есімдері аталған был­ғары қолғап шеберлерінің біразы уа­қыт оза отандық боксты өрге сүй­реп, халықаралық аренада толағай табыстарға қол жеткізді. Ал кей жігіттер шаршы алаңынан мүлде көрінбей кетті. Соның себеп-салдарын біз білікті маман Сұлтан Қастоевтан сұраған едік. Тоқсаныншы жылдардың алғашқы жартысынан бастап, 10 жылдан аса уақыт Қазақстан жас­тар құрамасының аға жаттық­тырушысы болған бапкер: «Біз көптеген дарынды жасты ұлттық құрама сапына қостық. Уақыт оза солардың дені аса ірі байрақты бәсекелерде тең­дессіз өнерімен көзге түсіп, мем­лекетіміздің мақтанышына айналды. Әрине, ол спортшыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сонымен қоса ересектер рингінде өздерін мойын­дата алмай, қалың топтың арасында қалып қойғандары қаншама. Бозбала шақтарында команда сапына қабылдағанымызда олардың болашағы жарқын болатынына қылаудай да күмән келтірмедік. Бір өкіншітісі, жастар арасында жасындай жарқыраған жігіттердің дені ересектер дуына қосылса, құмға сіңген судай жоқ болады да кетеді. Оның барлығы өз бапкерлеріміздің білімдерінің таяздығы және біліктілігінің тө­мендігі салдарынан. Тек ақша тауып, абырой жиюды ғана ойлайтын жаттықтырушыларға ұлттық намыс пен патриоттық сезім деген қастерлі ұғымдардың құны көк тиын», – деп ашына сөйлеген еді.

2004 жылғы байрақты бәсекені Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласы қабылдады. Бұл жарыста үш қо­ланы қоржынға салдық. Ол медальдарды Елдос Сайдалин (51 кило), Еркебұлан Жұманбаев (57 кило) және Владимир Ульянов (64 кило) еншіледі. 2006 жылғы біріншілік Марокконың Ағадір қаласында өтті. Сол жарыста үш қандасымыз ақтық сынға шыққанымен бар­лығы да шешуші тұста ұтылып, күміс медальді мойындарына ілді. Олар – Ол­жас Сәттібаев (48 кило), Аза­мат Смағұлов (60 кило) және Еркебұлан Шынәлиев (81 кило). Данияр Төлегенов (51 кило) қола алды. 2008 жылғы біріншіліктің жалауы Мексиканың Гвадалахара қаласында желбіреді. Ацтектер елі сапарынан жерлестеріміз қос күміспен оралды. 60 кило салмақтағы Данияр Елеусіновтің финалда ирландиялық Раймон Майлетке әлі жетпеді. Аса ауыр салмақтағы Иван Дычко кубалық Эрисланди Савонға небәрі екі ұпай айырмашылығымен есе жіберді.

2010 жылы әлем біріншілігінің жалауы Әзербайжанда желбіреді. Бірақ Бакуде бағымыз жанбады. Еліміздің дарынды жастары ел сенімін ақтай алған жоқ. Нашар өнер көрсеткеніміз соншалық, тек екі боксшымыз ғана ширек финалға жетті. Ал 2012 жылы Ере­вандағы жарыста жалғыз Дәулет Байғабатов (75 кило) жүлдегерлер қатарынан көрінді.

2014 жылы Софияда сәтсіз­діктің сеңін бұзып, қайта еңсе тіктедік. Сол жарыста Ғалым Кен­жебаев тізгінін ұстаған команда тамаша өнер көрсетті. Бол­г­арияның бас шаһарында Шал­қар Айқынбай (49 кило) мен Абылайхан Жүсіповтің (60 кило) жұлдызы жарқырай жанды. Қос қандасымыз алты бірдей қарсыласын бет қаратпай ұтып, әлем чемпионы атанды. Финалда ұтылған Сұлтан Зәуірбек (56 кило) пен Вадим Казаков (81 кило) екінші орыны иеленді. Ота­ндастарымызбен бірге АҚШ, Куба және Ресей құрамалары да екі алтыннан олжалады. Алайда олардың біреуі де күміске қол жеткізе алмады. Соның арқасында Қазақстанның жас өрендері өз тарихында тұңғыш рет әлем бірін­шілігінің командалық есебінде көш бастады.

2016 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында қазақтың үш бірдей өрені ақтық сында күш сынасты. Америкалық Марк Кастродан айласын асыра ал­маған Саматәлі Төлтаев (56 кило) пен шотландиялық Вильям Хатчинсонға жол берген Бек Нұрмағамбет (75 кило) күміс алса, Садриддин Ахмедов (69 кило) алтын тұғырға көтерілді. Жартылай финалда ағылшын Харрис Ақ­бардан басым түскен ол финалда украиналық Павел Гуланы қапы қалдырды. Нева жағалауында Бекзат Нұрдәулетовке (81 кило) қола медаль бұйырды.

2018 жылы Будапеште ағайын­ды Оралбайлар атой салды. 75 кило салмақтағы Нұрбек әлем чемпионы атанса, 91 кило салмақтағы Айбек күміс медальді иемденді. Сондай-ақ Ермахан Жақпеков (69 кило), Сағындық Тоғамбай (81 кило) және Дамир Тойбай (+91 кило) екінші орынға тұрақтады. Жоғарыда аталған жігіттеріміздің барлығы да финалда ресейліктермен кездесті. Солардың арасынан тек Нұрбек­тің шоқтығы биік болды. Ал қал­ғандары есе жіберді. Аса жеңіл сал­мақта қолғап түйістірген Мах­муд Сабырхан үшінші орынды қанағат тұтты. Командалық есепте Қазақстан Ресей мен Таиландтан кейінгі үшінші сатыға жайғасты.

2021 жылы Польшаның Кель­це қаласында өткен жарысқа Қазақстан құрамасын Қайрат Сәт­жанов бастап апарды. Бұл жа­рыста 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальді иеленген жерлес­теріміз командалық сайыста екінші орын алды. Біздің жуан жұ­дырықты жігіттердің арасынан Санжар Тәшкенбай (49 кило) мен Сабыржан Ақхалықовқа (64 кило) тең келер ешкім табылмады. Сабыр Ерболат (57 кило) пен Елнұр Сүйінбай (60 кило) күміс және Диас Молжігітов (75 кило) қола медальді иеленді. Міне, жастар арасындағы әлем біріншілігінің қысқаша тарихы осындай.