Түркістанды басып өтіп Шымқалаға қарай өрлесең Тәкен Әлімқұлов тамсана суреттеген, ақын Аян Нысаналы таңдана жырлаған тағы қарт Қаратаудың теріскейі мен күнгейінің көзің тоймас, құмарың қанбас көріністеріне жолығар едің. Жолыққаның не, бал балалық шағың, осы өлкеде жаралғандықтан да бастан кешкен бағың елестеп, өңіңе айналып жүре береді. Тәңір таудың бір сілемінде тобылғысы бүр жарып, жиденің жұпар исі аңқыған, өзендері сылдырап, ақша бұлттары қалқыған мұндай өңірде туып, өмір сүру – шынында да бақыт...Таза суы толған тоғанының шарасы, мың бір гүлінен нәр жинаған бал арасы болсаң да артық емес-ау. Айтпақшы, қазақтың ақиық ақындарының бірі, сексеннің сеңгіріне көтерілуіне орай ойыма оралып отырған табиғаттың – туған жердің жыршысы Аян ағамыздың өзінің соңғы жылдарда шығарған шоң жыр жинағын «Омарта» атауы да осы себептен шығар. Қария. Қаратау. Ақын-адам. Баларасы. Қаратаудың Ару-қызы.
Бір өзгеше нұрға малып алапты,
Күн жымиып алтын зерін жалатты.
Таң астында таң дидарлы бойжеткен
Өзіне бар дүниені қаратты.
Қожасы да сырласы осы өлкенің
Ол ойлады келер ғажап ертеңін.
Ақтарады қойын жайып жүріп те,
Ақбас ғалым оқымаған жер томын.
Біледі ол әліппесін даланың,
Жаңбырдың да қай мезгілде жауарын.
Айтса да одан біраз кейін айтады
Синоптиктер ауа райы хабарын.
Жазираның құралайын – еркесін,
Көргендей-ақ қырға шықсаң – елтесің.
Жайлау сазын бірге тұрып қызықтап,
Бірге онымен жүрек қылын шертесің.
Көктен туып өскен өңір гүлдесе-ақ,
Мүсіндейтін өр тұлғасын жыл қашап.
Менің өршіл замандасым осылай
Өз бақытын өз қолымен жүр жасап.
Кейінгі қадым ғасырлар керуенін бастан өткерген, бәлкім, миллиондаған жылдар жасаған қарт Қаратау бәрібір жасаң, жайнақы. Әрбір жыл сайын көктеп-көгерер көктем-жазымен ғана емес, ең бастысы – ару қыздарымен, ата, ана адамдарымен. Кеңес өкіметінің жақсы кезеңінде қой өсіріп қана қоймай бой өсіріп, сойын қалыптастырып жүрген шопан қазақ қызы Битен Мейрамбаеваның сирек те сұлу тұлғасын шынайы: нәзік жанын түсініп, бойындағы қызу қанын құйып, жан бітіре сұлу суреттеу арқылы ақын Аян қарт Қаратауды жасартып, жайнатып жіберген десек қателеспейміз.
Бұл – бір ғана өрелі де өрнекті, өміршең өлең. Ал аталған кітаптағы ақын «омартасы» осындай жүздеген табиғаты құлпырған, шыңы мен шымы кезектесер, аққу-қазы мен алтын күз-жазы, күннің ақ нұры мен ақ жаңбыры кездесер қоғамдық тыныс-тіршілігі қуаныш пен қайғы, бақыт тұнған өлең-әлемге, өнер-шарапатқа жолығамыз. Өкінішке қарай, барлық жақсы, жалын жырдың өзімен танысып-табысуға мақала көлемі көтермейтіндіктен мүмкіндік жоқ. Сондықтан ақынның тағы бір-екі өлеңін талдап тоқталайық.
Жалпы, ақын Аян Нысаналы шығармашылығына ойға кенен ғана емес, көркемдік кестелерге, образға бай. Ол көбіне-көп сөзбен сурет салады, сулулық тудырады.
Бейқамдықпен байқамаймыз біз оны
Аквариумдағы балықтар аласұрып
жүзеді.
Сұлулықты көрмей кезгі таң атар,
Теңселеді тығыздық кем, ауа тар
Бірақ, бірақ...
Байқамаймыз біз оны
Мейлі оларды өлгенінше жемдейік,
Тек еркіндік қапасыңа көнбейді.
Кеңістікке ұмтылар ой тәрізді
Ергежейлі балықтар сағынады теңізді.
«Аквариумдағы балықтар» деген атын алға тартып, талдап жатпасақ та түсінікті, өзін-өзі өрелі, өрнекті жеткізіп тұрған туынды.
Біз ақынның кезекті өмір белесі, кемел шығармашылық кезеңі: 80 жасқа толуына орай оның дарқан да көрікті, шұрайлы да парасатты поэзиялық әлемін осылай шарлап, байқай бастағанмен, жас ақын Аянның, жасамыс та жасампаз суреткер Аян Нысаналының бұған дейін де халыққа мәлім, оқырман қауымға мәшһүр болғанын айтпай кетсек, аттап өтсек әділдікке қиянат болып шығар еді. Ендеше, соған орай кейіпкер ақынымыздың өзіндік ерекшелігін, әдеби көркемдік жетістіктерін әдемі саралап аңғартқан әріптес дара да дана ағалар Ғафу Қайырбеков пен Қадыр Мырза Әлидің шындықты тап басқан, әдеби ілім-таныммен астасқан бір-екі пайым тұжырымдарына да жүгіне кетейікші. Ертеректе айтылғанмен қазір де ескірмес, келешекте де көнермес пайым-тұжырымдар бұлар. Өз басымыз тауып, тани бермей, өзгелер – көк атты көлденеңдер емес, кемеңгерлер қосылып, құптап жатса ақын Аян ашқан көркемдік жаңалықтар айшықталып, айқындала түспей ме?!
...«Аян – лирик». Оның өлеңдері баланың саусақтарындай қысқа да нәзік. Ең ұзағы үш-төрт ауыздан аспайды. Бұл сурет өнеріндегі натюрмортқа ұқсайды....Аян, негізінен, табиғат жыршысы. Табиғат көрінісінің суретшісі
Жер бетінде көк күмбезден нұр құлап,
Сансыз сәуле шашақтардан жіп өрді.
Жалбыздардан жұпар иіс бұрқырап,
Бал бұлақты күлдірді де жіберді.
Дәл бұл шақта толықсыған реңі
Сал самалдың құшағында гүл әлем
Соны жырлап титтей құстың жүрегі
Жарылып кетпей тұр әрең.
Бұл жұп-жұмыр ғана сурет. Аян ойының философиясының өзіне де, тікелей ойға құрылған өлеңінің өзіне де табиғат қатысады.
(«Сыңғыр», 2017ж., 25 бет)
Адуынды ақын, талғампаз сыншы бітімді Ғафу Қайырбеков осылай тебіренсе, сыншылығы ешбір ғұламадан да кем емес оқымысты ғұлама Қадыр Мырза Әли төмендегіше толғанады:
Сондықтан дүрсілдейді жол жүрегі,
Шағылып күміс рельс күн нұрына
Бір түрлі кәусар күлкі төгілгенде
Паш етіп тіршіліктің тәттілігін
Дәмді даусыңның бар күші
Іңкәрмін соған әлі мен.
Жаншып кеткен әлдекім
Қайта өсті жолжелкен де.
Бұл жерде сайтан да өзі
Сындырар еді сирағын.
Осынау егіз жыр жолдарында біздерге бейтаныс бірнеше сөз тіркесі бар:
«Жол жүрегі», «Кәусар күлкі», «Дәмді дауыс», «Жолжелкен», «Сайтанның өзі сирағын сындыратын жер» сияқты жаңа сөз орамдарын тек қазақ тілі топырағында ғана туды десек қателесер едік. Мұның бәрі – ізденіс жемістері. Ал ол жемістердің тамыры оқуда және көркем аудармада жатса керек...Туысқан әдебиеттер мен туысқан тілдер бірін-бірі осылай байытады.
(«Сыңғыр», 2017 ж., 31 бет)
Аян ақынның шығармашылығы жөнінде түйінді осымен жасауға да болғанмен, кәміл табиғат жыршысының қажет кезде тәуелсіздік кезінде тарихаттың да сыршысы, сыншысы да болғанын елеп – ескермесек сөзіміз ақын Аян туралы баян жартыкештікке ұрынар еді...
Асылы, ақындықтың тірегі – адамдық, ақындықтың жүрегі – азаматтық. Үлкен, ақиық ақындық абзал Адам, Алаштың Азаматы, керек десеңіз халықтың Арысы, елдің Ері болған, бола алған кісіден шығады. Қоры аз кеніштен көмір қазып немесе алтын айырып қарық бола алмайтының тәрізді. Демек жаратушы Алла тағала дарытқан ақындығың жан-жағына жарық түсірер адамгершіліксіз, әсіресе отбасы мен Отан, ұлтың мен ұлысың алдындағы парыз бен қарызды қалтықсыз өтеп, қалдықсыз орындар жауапкершіліксіз нұрлы ақыл мен ыстық қайрат, жалын Жүрек – Азаматтықсыз бүр жарып, бұтақ желек жайып, Бәйтерек бола алмаса керек. Айдай ақиқат осыған сайса, Адам, Азамат, қоғам және қалам қайраткері Аян Нысаналы туралы ауыз ашпау – оның ақындығы сыры мен сымбатын аңғарып, ажыраттырмасы өз алдына, біздің кейіпкерімізді жартылай, жадағай таныстыратыны шындық.
Сондықтан да ендігі әңгімені алдындағы асқар ағаларға жақсы, жарамды іні, өзінен кейінгілерге ардақты аға, құндыз жаға бола алған Аян Нысаналымен сөзді сабақтасақ жарасары даусыз.
Әлеуметтік өміріміздің ғана емес, кейінгі 30 жылдық тәуелсіздік кезеңіміздің де әділ төрешісі бола алатын мінезіне куә етіп, мына бір ащы жыр жолдарымен тәмамдалықшы:
От түсті менің ащы өзегіме
Құйтұрқы не айтамын кезеңіме?!
Барады күн еңкейіп күреңітіп,
Уақыт азабына төзем, міне.
Қайтсе де дәуіріммен бірге демім.
Үй емес, қапастағы түрмедемін
Адамның тері сіңген төрт қабырға,
Құмығып естіледі іргедегі үн.
Бостандық белесі мен елесін ажырата алмаған, лебізі дұрыс, ниеті теріс жаңа көсемдердің алдауына түсіп қалған халқымыздың мұндай дәуірді де бастан кешуі қажет болған шығар. Махаббатты ғадауат жеңген тұста түрмеге қамаларсың. Бірақ бізге керегі – жаңару, әділетті Қазақстан орнату. Аян ақынның осындай жырларынан ой алып, оянып, айналадағы сайтандықты, санадағы бодандықты қиратпай, ұлт та, ұлысымыз да алға баса алмайды.
Кеңес өкіметінде Бас хатшылық тізгінін Леонид Ильич Брежнев ұстап, жылымық орнап, қазақ халқының тұрмысы түзеліп, ел ретінде еңсесі көтеріле бастаған кез. Қолына қалам ұстаған жастың дені астана Алматыға ағылатын. 1970 жылы күзде Алматыға келген мен «Қазақстан мұғалімі» газетінде жұмыс істеп жүрдім. Әдеби-көркем сын саласында жиі көріне бастадым. Соның да себебі бар, жаңылыспасам, 1975 жылы «Лениншіл жас» газетіне қызметке шақырылдым. Мұндағы әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі – ақын Аян Нысаналин. Ал газеттің жетекшісі – заңғар журналист, зергер прозашы Сейдахмет Бердіқұлов еді. Үлкенді-кішілі екі бастығым да ағалық, ұстаздық көмегін аяған емес. Әсіресе Аян ағамнан ұрсу түгіл ескерту естігенім де жоқтың қасы. Дегенімді істедім, қалағанымды (өзімдікін ғана емес, өзгелердің де) жарияладым. Өстім. Азулы, атақты сыншы болып қалыптастым десем де артық айтпаспын.
Бұл уақыттағы бір шындықты да айтпай кетуге болмайды. Журналистен жазушының мәртебесі жоғары да құрметті болғандықтан да шығар, аталған бөлімге жұмысқа тұру тым қиын екендігін бұған дейін де білетінмін. Өйткені қолына қалам ұстаған жастардың көбісі газет-журналдарда қызмет атқарғанмен, түбінде жазушы болуды көздейтін. Ал жастар газетінің әдебиет пен өнер бөлімінде жұмыс істеу – алдыңнан кең жол ашып қана қоймай, ақын жазушылар қатарына қосылуға тікелей баспалдақ болатын. Тіпті ел көлемінде бетің бар, беделің биік. «Лениншіл жас» бетінде бір топ өлеңің, бір әдеби сын мақалаң жарық көрсе – бағың жанғаны, тұсауың кесілгені; мұны былай жиып қойып, бірдеңең (бір-екі жырың, бірер мақалашаң) жарияланса, ертеңіне сені күллі ел танып, ақын немесе журналист болып шыға келетінсің.
Міне, осындай басты, республика әдебиеті мен өнерінде өзгеше өз орны бар бөлімінде жұмыс істеп, қаламгер болып қалыптасуым – ақын Аянның ағалығының, сара Сейдахмет Бердіқұловтың жағалығының арқасы. Екі-үш толқын қазақ әдебиетінің белді қаламгерлері әйгілі Шерхан Мұртазаның шекпенінен шықса, мен белгілі Сейдахмет Бердіқұловтың бешпентінен шыққанмын.
Бұл жерде мен енді Аян Нысаналының жеке өз басыма жасаған жақсылығын тарқатуды тоқтатып, жүздеген, тіпті мыңдаған қаламгерге жасаған жәрдемін, игі қамқорлығын, әсерін тілге тиек етуге көшсек, «Лениншіл жас» мектебінен өтпеген шын ақын, туған сөз өнерімізге жақын адам-азаматтар болмаған шығар. Сондықтан да сол кезде халқымыздың надан емес, жаппай адам, Абайды оқитын, Әуезов, Ахтанов, Жұбан Молдағалиев, Қалтай Мұхамеджанов, Аян Нысаналиндерді көңілдеріне тоқитын халық болып ғұмыр кешулеріне қатты көмектескені ақиқат. Міне, бұл – негізгі нәтиже.
Мұндай рухани жеміс, әдеби мәдениетке – қанағаттануымыз дұрыс-ақ шығар. Десек те бір-екі маңызды мысалды ортаға тартсам, «Лениншіл жастың» әдебиет пен өнер бөлімінің алаштың Аспантау ақыны Мұқағали Мақатаевқа тигізген жақсылығын келтіру жеткілікті деп білемін. Оның өмірден өтерінің аз-ақ алдында Аянға арнайы хат жазып, жолдаған ұлы дастаны – тек қазақ әдебиетінің емес, әлем әдебиетінің бір жауһары – «Моцарт. Жан азасы» дастанының дер кезінде жариялануы. Осының айғағы. Бұған Бердіқұлов Сейдахметтің батырлығы болмаса, Аян Нысаналының ақындығы болмаса, кеңес өкіметі кезінде ешбір жарық көрмейтін өр де төр туындысы – «Райымбек! Райымбек!» дастанының газетке басылуын қосалық.
Және бір ерекше жайт еске түсіп, мұны айтпай өту де шындыққа обал болар. Бұл кезде – Аян ағам Қазақстан Тұтынушылар қоғамының Кітап саудасы басқармасының бастығы. Бір күні Ғабеңнің – әйгілі Ғабит Мүсіреповтің ұмытпасам, 1982 жылы «Социалистік Қазақстанда» «Кітап өтпейді емес, жетпейді» деген мақаласы жарияланды. Ол уақытта уәлі сөз жерде қалмайтын. Арнайы комиссия құрылып, жер-жерге журналистер іссапарға жіберіледі. Осындай мәртебелі топқа мен де ілініп, ішімізде Аян Нысаналының өзі де бар – Қызылорда облысына аттандық. Пойызбен. Творчестволық тобымызды шекарадан – Жаңақорған стансасынан күтіп алды. Облыс орталығына жеткен соң, қалған аудандарды аралауға, ахуалды саралауға бөліндік. Сол кездегі «Ара» журналының тілшісі Шыңғыс Қонысбаев екеумізге Қазалы, Арал аудандарына бару бұйырды. Көп кемшілік ашылды. Көп кітап қоймаларда тығылып жатыр екен. Қазалыны көріп бітірген соң Арал қаласына сапар шектік. Түн ортасында сағат 2-лерде жетсек те тиісті жігіттер күтіп алды. Біздер үшін жабылмаған «Арал» ресторанынан ас-су іштік. Алайда айтайын дегенім – бұл емес, мейрамхананың дәл іргесіндегі алып қазаншұңқырды толтырған, қатты сырқаттанса да, әлі тірі Арал теңізі толқындары арылдап-гүрілдеп жағалауды соғып жатты.
Қазақтың Арал теңізі. Ұлы көлі. Мені қатты толқытқан ішкі сүйінішім – көзім тірісінде аман-есен асыл теңізді көріп қалуым еді. Ұмытылмас мұндай тарихи сәтке де куә еткен Аян ағам екені өзінен-өзі түсінікті шығар.
Тәуелсіздікке қазақ халқын жеткізген, қазақты тәуелсіздікті алуға дайындаған, яғни тәуелсіздікті әперген қазақ қаламгерлерімен өнер қайраткерлері десек артық айту бола қоймас, сірә. Бірақ тәуелсіздікті әперу, оған жету бар да жеңісіне, жемісіне кенелу және бар. Бұл тұрғыдан келсек, тәуелсіздікті орнатып, құлатпай сақтап қалған – желтоқсаншы жастар, солардың ізбасарлары, «Азаттықтар», Өзбекәлі Жәнібеков, Заманбек Нұрқаділов, Әбіш Кекілбаев, Алтынбек Сәрсенбаев сияқты жанкештілер, күрескер қайраткер болса, жеміс байлығын иемденгендер жексұрындар, жемқорлар, ұры-қарылар болып шықты. Түйіп айтқанда, тәуелсіздік жылдарында тапқанымыз көп болғанмен, жоғалтқанымыз да аз емес. Әсіресе жанға батары – алаш жанды, қазақ қанды азаматтарымыз азайып, құлқынға құл, ұлттық рухтан тұл, мәдениеттен жұрдай тобыр – құл-құтандар тым көбейіп кетті. Бүгінгі таңдағы басы ашық мұндай шындықты айғақтау үшін тақырыбымызға орай бір-ақ мысалды алға тартсам да жеткілікті сияқты.
1970-1980 жылдары ақын, көсемсөзші, аудармашы, орыс тілінде де сауатты жаза алатын сыншы Аян Нысаналыны мыңдар, миллиондар білсе, қазір 40 мың кісі біле ме? Бәлкім білмейді. Бірақ бұған бүгін де тұғырдан таймаған, сөз өнеріне үлес қосуын әлі де қоймаған адам – Азамат, ардақты аға, жұртына жаға Аян Нысаналы кінәлі емес, ақылдан ақша озған мына заман кінәлі.
Ақын Аянды, қалам және қоғам қайраткері Нысаналыны білмеу – дұрыс емес. Оны кешелі-қазіргі бағасы жойылмаған еңбегіне, қазіргі ақындық бергеніне, алдағы уақытта да береріне лайық бағалап, ардақтағанымыз жөн. Жөн ғана емес, міндет.
Менің мына жазған мақаламды – елі ескерер, мемлекетіміз болашағын қамдар ерлер атқарар қызмет-іс, шараларға қосылған бір үлес деп білемін. Өлеңді сүйер, өнерді қадірлер өзгелер жалғастырса иігі.
Алаштың бір ардағы – ақын Аян.
Айтқаны бұған дейін емес жай ән.
Басқада халқына оның бергені көп,
Мен соның шет-жағасын еттім баян.
Бақыт САРЫБАЛАҰЛЫ