Спорт • 28 Қараша, 2022

Аустралияда асығымыз алшысынан түсе ме?

216 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінде бұған дейін де 28 желтоқсан мен 8 қаңтар аралығында Аустралияның Сидней, Брисбен және Перт қалаларында теннистен United Cup аралас командалық турнирі өтетіні жайында жазылған еді. Әлемнің ең үздік 18 команданың қатысуымен өтетін бұл жарыс жайында біз не білеміз?

Аустралияда асығымыз алшысынан түсе ме?

1989-2019 жылдар ара­лы­ғында жасыл құрлықта Хопман кубогі өтіп тұрғаны өздеріңізге мәлім. Оның Дэвис кубогі мен Билли Джин Кингтің жарысынан айыр­машылығы бұл жерде аралас командалар өнер көрсетеді. Яғни кортқа ерлер де, әйелдер де шығады. Кезінде Аустралия құрамасының Дэвис кубогінде 15 мәрте жеңіске жетуіне өлшеусіз үлес қосқан атақты бапкердің құрметіне отан­дастары Хопман кубогін өткізу жөнінде бастама көтерген еді. Бұл идея халықаралық теннис қауымдастығы басшылары тарапынан қолдау тапты. Бұл жарыс­та ең зор табысқа жеткен АҚШ құрамасы. Америкалықтар алты рет (1997, 2003, 2004, 2006, 2008, 2011) бас жүлдені олжалады. Екінші орында – Испания (1990, 2002, 2010, 2013) мен Швейцария (1992, 2001, 2018, 2019). Олар төрт реттен теңдессіз деп танылды. Словакия үш рет (1998, 2005, 2009) топ жарса, Германия (1993, 1995), Аустралия (1999, 2016), Франция (2014, 2017) және Че­хияда (1994, 2012) ондай атақ­тар­­­дың екеуі бар. Ал ОАР (2000), Ре­сей (2007), Польша (2015), Че­хо­­словакия (1989), Югославия (1991) және Хорватия (1996) бір-бір реттен сондай құрметке бө­­ленді.

Соңғы екі жарыстың финалы Швейцария мен Германия теннисшілері арасында өтті. Екі ретінде де алғашқыларының асығы алшысынан түсті. Есеп – 2:1. Жеңімпаз команданың сапында «Үлкен дулыға» сана­тындағы турнирлердің 20 дүркін жеңімпазы, сол кездегі әлемнің бірінші ракеткасы Род­жер Фе­дерер мен Олим­пиада чемпио­ны Белинда Бенчич сынды жұл­дыздар өнер көрсетті.

Кейіннен ол АТР кубогі деген атауға ие болды. Аталған тур­­­нирде тек ерлер ғана бақ сынады. 2020 жылы Сербия озды. Сербтер жартылай финалда Ре­сейді ұтса, финалда Испанияны тізе бүктірді. 2021 жылы Ресейдің бағы жанды. Олар Италиядан айласын асырды. Оның алдында немістерді ұтқан болатын. Биыл Канаданың қарқынына ешкім шыдай алмады. Шешуші сайыста Үйеңкі жапырақтар елінің өкілдері ис­пандықтардан басым түсті. Міне, енді ұйымдастырушылар ерлер мен әйелдердің басын қо­сатын бә­секе ұйымдастыруды құп көріп отыр.

Жасыл құрлықта Қазақстан Польша және Швейцариямен бірге В тобында ойнайды. Бұл бәсекелер Брисбен қаласында өтеді. Бұл командалардың екеуі мықты. Поль­шаның сапында Ролан Гар­ростың екі дүркін және АҚШ-тың ашық біріншілігінің жеңімпазы Ига Свентек бар. Одан бөлек, бүгінгі таңда әлемнің бірінші ракеткасы атанып отыр­ған 21 жастағы тен­нисші WTA турнирлерінде 11 рет топ жарды. Жасы 30-дан асса да мықтылармен иық тіресіп жүрген Магда Линеттің де қазіргі бабы жаман емес. Ерлер сайысында Хуберт Хуркачтың қарқыны қуантады. 25 жастағы Вроцлавтың тумасы былтыр Уимблдонның жартылай финалына дейін жетіп, бес бірдей АТР турнирлерін ұтты. Бұл күндері ол әлемдік рейтингте үздік ондықты түйіндеуде. 26 жастағы Камил Майхшак АТР тізімінде 78-орынды иеленуде.

Даңқты Роджер Федерер биыл үлкен спортпен қош айтысты. Бірақ соған қарап, Швейцария құра­масы әлсіреп қалды деген ой туындамауы керек. 25 жас­тағы Белинда Бенчич қазір нағыз бабында. WTA тізімінде ол 12 сатыға жайғасты. Бенчичтің қоржынында Олимпиада алтынынан бөлек, сол жарыстың күміс жүлдесі бар. Оны ол Токиодағы ойындардың жұптық сайысында жеңіп алды. Белиндамен түйдей құрдас Жиль Тайкманн үздіктер рейтингінде 35-орында тұрса, тәжірибелі Виктория Голубич 76 сатыға табан тіреп тұр. Ерлердің арасында 58-орынға тұрақтаған Марк-Андреа Хуслердің аяқ­­-

алысы жаман емес. 37 жастағы Стэн Вавринка да қажет кезде өз командасына кө­мекке келу­ге даяр. Лозаннада дү­ниеге кел­ген әйгілі ойыншы ке­зінде Аустралия мен АҚШ-тың ашық біріншіліктерінде алдына жан салмай, Ролан Гарроста да дара шықты.

United Cup турнирінде Қазақ­станның намысын Александр Бублик, Тимофей Скатов, Денис Евсеев, Григорий Ломакин, Юлия Путинцева, Жібек Кұламбаева және Гозаль Айнитдинова сынды теннисшілер қорғайды. Егер олар табысты өнер көрсетсе, рейтингте 500 ұпайға дейін иеленулеріне жақсы мүмкіндік бар.

Өзге топтарда мына командалар өзара шеберлік байқасады: А тобы: Грекия, Бельгия, Болгария. С тобы: АҚШ, Германия, Чехия. D тобы: Испания, Аустралия, Ұлы­­британия. E тобы: Италия, Бра­зилия, Норвегия. F тобы: Фран­ция, Хорватия және Арген­тина. Әр құрама бір-бірімен бес кез­десуден өткізеді. Ерлер мен әйелдер екі реттен кортқа шықса, бір бәсеке аралас жұптар арасында ұйымдастырылады. Егер жерлестеріміз өз тобында бірін­­ші орын алса, Е тобының үз­дігімен ше­берлік байқасады. Олар­ды ұтқан жағдайда ғана плей-оффқа жолдама аламыз. Одан кейін жартылай финалдық және финалдық сайыстар өтеді.