Саясат • 27 Қараша, 2022

Жас сарапшылар талдауы

308 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Халықаралық әлеуметтану және саясат институты» қоғамдық қоры жанындағы Жас сарапшылар мектебі «Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретіндегі жұмысының негізгі қорытындылары: 2019-2022 жылдар» және «2022 жылғы президент сайлауының қорытындылары» баяндамаларын таныстырып, сайлау барысына қатысты зерттеулерімен бөлісті.

Жас сарапшылар талдауы

Мектеп тыңдаушылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметтегі негізгі әлеуметтік-экономи­калық, ішкі және сыртқы саяси бағыттар бойынша қызметіне талдау жасай отырып, биыл 20 қарашада өткен президенттік сайлауға шолу жасады. Сайлау барысын бақылаған жас сарапшылар үгіт-насихат жұмыстарының қалай жүргендігін, кандидаттардың бағдарламалары және еліміздегі ішкі саяси ахуал төңірегіндегі болжамдарын ортаға салды.

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың прези­дент кезіндегі жұмысының негізгі қоры­тындылары: 2019-2022 жылдар» баяндамасында Президенттің өмірбаяны, қызметі мен бағдарламалары, төтенше жағ­дайлар кезіндегі іс-қимылдары, сырт­қы саясаттағы қызметтері қамтылса, «2022 жылғы президенттік сайлау» баяндама­сында республикадағы президенттік сай­лау­дың тарихы мен реттелуі, кандидат­тар­ды ұсыну, саяси платформалары, үгіт-насихат науқандары, дауыс беру нәти­желері мен саяси болжамдар зерделенген.

«Сараптама барысында биылғы сай­лау кампаниясы қандай жағдайда өтті деген бас­ты сұраққа жауап береді. Қаңтар оқиғасы, әлемдік инфляция, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың Қазақстандағы саяси жағдайға әсерін басшылыққа ала отырып, еліміздегі сайлаудың қалыпты жағдайда өткеніне талдау жасадық. Сайлау барысында заң бұзушылықтар тіркелген жоқ, әкімшілік қысым жасалмады. Мұның өзі – үлкен нәтиже. Дегенмен де бұл жерде электораттың таңдауы қандай жағдайда да көп ресурсты кандидатқа түсетіні белгілі. Бұл жерде материалдық жағдай ғана емес, танымалдық, харизма, саяси тәжірибе басшылықа алынып отыр. Сайлауда Қ.Тоқаевқа электораттың басым дауыс беріп отырғаны, кандидаттың алдағы іс-қи­мылдарынан, елдің болашағына қатыс­ты көкейкесті мәселелерде көшбас­шы бола алады деген сенімнен туында­ды. Президенттік мерзімді жеті жылға бел­гілей отырып, өз билігін шектеумен қатар саяси батыл қадамдар жасау­ға шешім қабылдауы да республика жұр­т­шы­лығының алдағы күндерге қатысты сенімімен байланыс­ты», деп атап өтті сарапшы
М.Шибұтов.

Жас сарапшылар зерттеулерінен аңғар­ға­нымыздай, кандидаттардың бағдар­ла­масында назар аударылмаған қоғамдық маңызы бар мәселелер болды. Сарапшы Айнұр Бақытжанованың айтуынша, кандидат Қ.Тоқаевтың бағдарламасында ғана мүгедектігі бар адамдарға қатысты нақты бағыттар айтылып, қоғамның барлық әлеуметтік тобына қатысты мәселелер көтерілді. «Мысалы, мүгедектігі бар азаматтардың жоғары оқу орындарында білім алуы, жұмыспен қамту, әділетті қоғам құру жағдайында оларға да толыққанды жағдай жасау қажет екені белгілі. Сонымен қатар кандидаттардың бағдарламасын зерттеу кезінде қоғамның әлсіз топтарының намысына тиетін сөз тіркестері қолданылған. Бүгінде тең қоғамды қалыптастыру жағдайында өңірлер бойынша туындап отырған мәселелер де жеткілікті», дейді
сарапшы.

Жас сарапшылар алдағы уақытта президенттіктен үміткер болған кандидаттар өз бағдарламаларында айтылған мәселелердің жүзеге асуына мүдделі болуы қажет деп санайды. Сондықтан да барлық кандидаттардың қоғамды жақсартуға бағытталған бағдарламасының орындалу барысы бақыланып, сараптама жасалады.

Жас сарапшылар – Акбөпе Әбіл­қасымова, Алмас Аубекеров, Жомарт Әмір­ханов, Мадия Төребаева, Сәуле Әбдуәлиева, Степан Шрамко, Лилия Мань­шина, Иляс Бақтығалиев, сонымен қатар мәтінді енгізу, қорытындылау және редакциялау бойынша Айдар Омаров, баяндамаларды аударумен Ай­нұр Бақытжанова, Степан Шрамко мен Ти­мур Үмбетов айналысып, орыс, қазақ және ағылшын тілдерінде дайындалған сарап­тамалық құжатқа саясаттанушы Ма­рат Шибұтов редакциялық етті.

Айта кеткен жөн, Жас сарапшылар мектебі биыл маусым айында Елбасы академиясының қолдауымен ашылып, іріктеу турына 2 мыңнан астам өтініш жолданған. Осы кезеңде іріктеуден өткен 12 сарапшы еліміздегі саяси-эконо­ми­калық, әлеуметтік ахуалды зерттеу жұмы­сын жүргізді. Бұл бағыттағы зерттеулер алдағы уақытта да жалғасады. Ал келер жылдан бастап әлеуметтік сарапшы­лар­дың жаңа тобы іріктеліп, оқытылмақ.

 

АЛМАТЫ