Қоғам • 29 Қараша, 2022

Қыстың қамын жаз ойла: Екібастұз тұрғындары бұрын да дабыл қаққан

333 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодар облысының Екібастұз қаласында жергілікті ЖЭО істен шығып, қала тұрғындары 30 градус аязда жылусыз қалғаны белгілі. Бүгінде төтенше жағдай режимін енгізген жергілікті билік апат салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қыстың қамын жаз ойла: Екібастұз тұрғындары бұрын да дабыл қаққан

Әдетте «апат айтып келмейді», бірақ Екібастұздағы жағдай өзгеше. 

Еске сала кетсек, 27 қарашаға қараған түні жергілікті ЖЭО-ның экран құбырларында апат болып, №11 пеш агрегаты істен шыққан, соның салдарынан тағы үш агрегат істемей қалған. Нәтижесінде, қалада 17 көпқабаты үй, 5 әлеуметтік нысан, 21 заңды тұлғалар нысаны жылудан ажыратылды. Жылусыз қалған қала тұрғындары баспаналары суып кеткеніне шағымданып, үйде қалың киіммен жүруге мәжбүр екендерін айтты.

Компания ЖЭО жұмысын тез қалпына келтіруге уәде берді. Ал облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Екібастұздың жылу желісінде бірқатар ақау анықталғанын айтып, қалада ірі апат болғанын растады. 

Белгілі болғандай, қала тұрғындары бұл мәселе бойынша жазда да дабыл қаққан. Бұған облыс әкімінің Instagram парақшасында жариялаған жазба астындағы пікірлер дәлел бола алады. 

ит

Бұдан бөлек, Екібастұзда төтенше жағдай орын алатынын алдын ала болжаған қала тұрғыны жаз айында билікке жүгінген көрінеді. 

«Екібастұзға мемлекеттік комиссияны жіберіп, ЖЭО-да болу мүмкін ақауларды зерттеп, бөлінген субсидиялардың қайда кеткенін анықтап, қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұраймын. ЖЭО-ның тозығы шыққан жабдықтары ауыстырылмаса, қала күз бен қыс айларында жылусыз қалуы мүмкін», делінген желіде тараған бейнежазбада.

Осы орайда, Энергетика министрлігі алдынғы болжамдарға қатысты түсініктеме берді.

«Бұған дейін Екібастұз қаласы тұрғындарының ЖЭО-да жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысы туралы шағымдары бойынша арнайы комиссия құрылған. Оған министрлікке қарасты Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің және әкімдіктің өкілдері кірді», делінген хабарламада.

Ведомство мәлім еткендей, 2022 жылдың 9-10 тамызы аралығында аталған комиссия Екібастұздағы ЖЭО-ға барған. Сапар барысында негізгі жабдықтың жөндеу жұмыстары мен төмен теріс температуралар кезеңінде жүктемені көтеру дайындығы тексерілді.

«Станцияны аралау кезінде ЖЭО басшылығына жөндеу жұмыстарын жеделдету тапсырылған. Жалпы, электр станциясында 5 энергетикалық және 5 су жылыту қазандығы, сондай-ақ 1 бу турбинасы орнатылған. Ол кезде комиссия жылу құбырларының тозу деңгейі 70%-дан асқанын анықтаған. Жылу құбырларының жалпы ұзындығы 342 км., жыл сайын шамамен 3-4 км. жылу желілері ауыстырылады», деп қосты министрлік өкілдері.

Қазіргі уақытта Екібастұз тұрғындарының өмірін қалпына келтіру мақсатында бірқатар іс-шаралар кешені қолға алынды. Төтенше жағдай бойынша құрылған арнайы штабтың отырысы өтіп, жылу желілеріндегі үш ақаудың біреуі жойылғаны хабарланды. Десе де, қаладағы 149 көпқабатты үй әлі де жылуға қосылмаған.

Еске сала кетсек, ұқсас жағдай Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында да орын алған еді. 2022 жылдың 5 қарашасында жергілікті ЖЭО-да күл шығару жүйесінің сорғысы істен шығып, 1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда тоқтатылды. 9 қарашада қайта іске қосылған №6 қазандық түнде тағы істен шығып, риддерліктерді жылусыз қалдырған.

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, кезінде шешімін таппаған мәселе бүгінде мыңдаған адамды қолайсыз жағдайға қалдырғаны қынжылтады...